«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Түркістан қаласында орналасқан OpenSpace бөлімшесінде коронавирус пен өкпе қабынуының алдын алу және емдеу бағытындағы жұмыстары бойынша тікелей эфирде онлайн қоғамдық қабылдау өткізді. Ондағы мақсат – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықпен тікелей байланыс орнату тапсырмасын жүзеге асыра отырып, жұртшылыққа бүгінгі ахуалды баяндау болатын.
Қоғамдық қабылдауда Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеме жасап, өңір тұрғындарының сұрақтарына онлайн режимде жауап берді. Эфирді «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев жүргізді.
Марат Пашимов әуелі індетпен күрес кезіндегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, Түркістан облысы бойынша 10 шілдеге дейінгі жағдайға сай 2 100 науқастан коронавирус анықталған. Оның 1 116-сы симптомды түрі болса, 990-ы симптомсыз. Десек те, науқастардың бүгінге дейін 819-ы жазылып шыққан. Өкінішке қарай, 20 адам коронавирус инфекциясынан көз жұмған. Ал пневмония бойынша 5 421 науқас тіркелсе, оның ішінде 4 720 адам (87,1 пайыз) ауруханаға жатқызылған. Бүгінде 2 993 науқастың 63,4 пайызы айығып шыққан.
«Жұқпалы аурулармен күрес мақсатында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тікелей қадағалауымен барлық шаралар атқарылып жатыр. Инфекциялық госпиталь бөлек, провизорлық бөлек болады. Инфекциялық госпитальда 220 төсек-орын болған. Қазір ол қосымша 440-қа дейін көбейді. Жансақтау бөліміне қосымша 21 төсек-орын қарастырылған. Қазіргі таңда инфекциялық госпитальда 202 науқас ем қабылдауда. 238 төсек-орын, яғни 45 пайызы бос тұр. Оның ішінде жасанды өкпені желдету аппаратымен 1 науқас ем қабылдауда. Осы жерден 1 895 провизорлық стационарлық орын ашылған. Жансақтау бөліміне қосымша 74 төсек-орын қарастырылған. Қазіргі таңда облыс бойынша 178 жасанды өкпе желдету аппараты бар. Облыс көлемінде күндізгі стационарда алғашқы медициналық көмек көрсету базасында қосымша 596 орын қарастырылып отыр», – деді Марат Пашимов.
Облыста 124 жедел жәрдем көлігі қызмет атқарады. Соның ішінде 25 автокөлікке ИВЛ аппараты басқарма тарапынан сатып алынып, орнатылған. Сонымен қатар тағы 50 жасанды өкпе желдету аппараты сатып алынып, қазіргі таңда автокөліктерге орнатылып жатыр. Және де облыс бойынша басқармаға қарасты мекемелерде 11 компьютерлік томография бар. Одан бөлек, облыста індетпен күрес кезінде 120 медицина қызметкері ауру жұқтырып, оның 5-і көз жұмған.
Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы халық арасында «Жедел жәрдем шақыру ақылы болады. Құны 5 400 теңге» деген негізсіз қауесетке сенбеуге шақырды. Ондай бұйрық мүлде енгізілмегенін жеткізді. Бұл жалған ақпарат 15 маусымнан бастап ауруханаға науқастар көп түскеніне байланысты тараған болатын. Басқарма басшысы бұл жағдайды да түсіндіріп өтті. Облыс бойынша 15 маусымнан бастап ауруханаға 3 300-ге дейін науқас жатқызылған. Қазіргі таңда жағдай тұрақталып келеді. Яғни, тәулігіне түсетін қоңырау 2 000-ға дейін төмендеген. 103 жедел байланыс нөмірлері тәулік бойы жұмыс атқарып, әрбір қоңырау аудиоға жазылып отырады. Диспетчердің де жұмысы жіті бақыланады.
Ал дәрі-дәрмекке байланысты Марат Пашимов Түркістан облысы бойынша 923 дәріхана бар екенін атап өтті. Коронавирус пен пневмонияға қарсы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Өзбекстанның Ташкент қаласынан жалпы құны 500 млн теңгені құрайтын 2 фура жүк көлігімен дәрі-дәрмек жеткізілген. Олар ертеңнен бастап емдеу мекемелеріне таратыла бастайды. Сондай-ақ Түркия елінен де қажетті дәрілер келмек. Бұл туралы облыс басшысы 9 шілде күні өткізген брифингте мәлімдеген болатын.
Басқарма басшысы М.Пашимовке эфир барысында тұрғындар тарапынан 50-ден астам сауал жолданып, оның негізгісіне жауап берді. Алдағы уақытта партия алаңына бас дәрігерлер арнайы келіп, осылай ашық форматта онлайн қоғамдық қабылдау өткізеді. Елдің сауалдарына тікелей жауап беріп, туындаған мәселелерді шешуге жұмылады. Сонымен бірге індетке байланысты халыққа дәрі-дәрмек пен демеушілік көмектерді бірлесе ұйымдастырып жүргізеді. Қоғамдық қабылдаудың соңында басқарма басшысы тұрғындарды карантин режимін қатаң сақтауға шақырды.