2019 жылы сақшылар Ақтау қаласына синтетикалық есірткіні жеткізуді және өткізуді ұйымдастырғысы келген топты құрықтаған болатын. Осындай қылмысы үшін Жамбыл облысының 3 тұрғыны да ұсталды. Сәуір айында Степногорск қаласында ҰҚК қызметкерлерімен бірге жасырын есірткі зертханасы жойылды. 3 азамат ұсталды, олардан 4,5 келі дайын синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Мамыр айында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі есірткі зертханасы жойылды.
Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма бастығы Берікхан Нұрғалиев:
– Синтетикалық есірткінің 1 грамынан 50 реттік доза жасалады. Яғни 1 келі тыйым салынған дәрі-дәрмек – 50 мың өмірді тұншықтыруға жететін есірткі. Синтетиканың таралуына коммуникациялық технологиялар – шетелде тіркелген әлеуметтік желілер, мессенджерлер мен жасырын төлем жүйелері ықпалын тигізуде. Қазір бақылаудағы тізімдерге жаңа препараттар мен формулаларды енгізу тетігі жеңілдетілді, бұл процесс 1-2 айда атқарылады, – дейді.
Жақында нақтырақ айтсақ, 10 шілдеде Батыс Қазақстан облысының полицейлері Ұлттық қауіпсіздік органдарымен бірлесіп, «техниканың соңғы үлгісі» бойынша жабдықталған есірткі жасайтын жасырын зертхананы анықтады.
Есірткі өндірушілер Теректі ауданында гараж және ауладағы құрылысты сатып алып, оны жасырын есірткі зертханасы етіп ыңғайластырылған. Зертхананың ерекшелігі – оның жабдықталуы мен тазалығы, ол өнеркәсіптік ауқымда синтетикалық есірткі шығаруға есептелген. Қайта жабдықталған жасырын зертханадан полиция қызметкерлері шыны ыдысы бар екі конструкцияны, сондай-ақ мұздатқыш камераны тапты. Бұл жерде жасанды желдеткіш те болған. Ауланың артқы жағына әрқайсысы 1 000 литрден үш бөшке көмілген.
Үйді және зертхананы тінту барысында ұнтақ тәрізді заттар, қоспалар, химиялық заттардың концентраттары, сондай-ақ химиялық реагенттері бар канистрлер, қорғаныш костюмдері, респираторлар мен зертханалық жабдықтар табылды. Сонымен қатар оқиға орнында 11,4 кг мефедрон синтетикалық есірткісі және 8,1 кг пировалерон алынды.
Бұл Қазақстандағы ең ірі синтетикалық есірткі жасап, таратушыларды ұстау операциясы екен. Белгілі болғандай, есірткіні өндірумен біздің елімізге көктемде келген Украина азаматтары бірнеше жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, оларды синтетикалық есірткі өндіру бойынша қылмыстық іс-әрекетке қатыстырған. Құрылысы бар үй сатып алу, оларды жөндеу және басқа да жұмыстар таңқурай бұталарын өсіруге жағдай жасау үшін бүркемеленген. Айлакер топ ЖШС-ті тіркеген, ұсталғандар оған кент үйі мен автокөлікті рәсімдеген. Ұсталғандар бірнеше рет сынаудан кейін 2020 жылдың маусым айының соңында синтетикалық есірткі өндіре бастағанын мойындады.
Ұсталғандарға қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі «Есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз дайындау, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау немесе адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен өткізу» бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Жаза мүлкі тәркіленіп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Есірткіге елітіп, синтетикалық психотропты дайындаушылар, ләззат аламын деп, өз үйін өртегендер де бар. Дәл осындай жағдай 2018 жылы маусымда болған еді. Семейде Иртышская көшесіндегі 10 қабатты тұрғын үйдің иесі пәтеріндегі газ плитасына есірткі затын дайындаған. Мамандардың болжамы бойынша, азамат жанғыш сұйықтық (ацетон) және дәрі-дәрмектердің көмегімен қатты әсер ететін есірткі жасамақшы болған. Бірақ жанғыш сұйықтықтың салдарынан от шығып, ол материалдар мен асүй жиһазына тараған. Қызыл жалынды өзі сөндірмекші болған азаматтың ол ойы жүзеге аспаған. Сөйтіп, көк түтінге уланып қалған.
2020 жылдың 10 шілде күні Алматы облысында Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бір тәуліктің ішінде есірткі өсімдіктерін өсірудің екі бірдей фактісін анықтады.
Еңбекшіқазақ ауданының 26 жастағы тұрғынынан тәртіп сақшылары қара сора өсімдігін тәркіледі. Жалпы салмағы – 51 келі. Екінші жағдайда, заңсыз өсімдік «бағы» Іле ауданының 54 жастағы тұрғынының үйінің ауласынан табылды. Полицейлер 54 түп марихуана өсімдігін тәркіледі. Екі күдікті қазіргі уақытта уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.