Шымкентте жол жөндеу жұмыстары тоқтамады
Шымкентте жол жөндеу жұмыстары тоқтамады
462
оқылды
Жалпы, биыл 223 нысан пайдалануға берілсе, 2 нысан 2021 жылға өтеді. Қаладағы құрылысы маңызды көшелердің бірі – Республика даңғылы мен Рысқұлов көшесі. Республика даңғылының жалпы ұзындығы – 5,3 шақырым, ені 2х14м болса, нысанның жалпы сомасы 2 394,0 млн теңгені құрайды. Ал Т.Рысқұлов көшесінің жалпы ұзындығы – 4,2 шақырым, ені – 2х7м. Бұл құрылыс жұмыстары А.Байтұрсынов пен әл-Фараби көшесі аралығында жүргізілмек. Сонымен қатар қаладағы тағы бір маңызды жол жөндеу жұмыстарының бірі – А-2 «Хоргос–Алматы–Шымкент–Өзбекстан Республикасының шекарасы» автомобиль жолы Бадам өзені үстінен өтетін көпірді қайта құру учаскесінің ІІІ кезең жұмыстары. Аталған көпірдің ұзындығы – 144 м., ені – 28,2 м. Бұл жоба 2020 жылы толық аяқталып, қала тұрғындарының игілігіне берілмек. Қаладағы Қайтпас 2 шағынауданындағы Сырым батыр көшесі мен Байтұрсынов көшесінің бөлігі, сондай-ақ Рысқұлов, Жангелдин көшелерінде де  жұмыс қыза түскен. Биыл бұл мақсатқа 27 миллиард теңге қарастырылып отыр. Тұрғындарды мезі еткен Қайнарбұлақ елді мекеніне апаратын Сырым батыр көшесінде де қазір асфальт төселіп, тротуарлар жөнделуде. Осы жұмыстарға қазынадан  423 миллион  теңге қаралыпты. Байтұрсынов көшесінің шағын бөлігіндегі  топырақ жол асфальтталып, жаяу жүргіншілер жолы жаңалануда, ирригациялық жүйелер қалпына келтірілмек. Иә, дәл қазіргі таңда қалада эпи­демиялық ахуал күрделі. Алайда халықтың тұрмысына қолайлы жағдай жасау да маңызды шаруаның бірі. Сондықтан тиісті сала  қиындыққа қарамастан, өздеріне бекітілген жұмысты дер кезінде бітірудің амалын қарастырған. Тіпті, қазір жұмысшылар да тапшы болып тұр. Жол жөндеу жұмыстарына қазіргі таңда 2 300-дей адам  тартылған. Бүгінде Шымкент қаласының бірқатар жоспарлы жол жөндеу жұмысы аяқталып, іске қосылған. Олардың қатарына ұзындығы 0,290 шақырым, ені 5 метрді құрайтын Шаңырақ шағынауданы, Атамұра көшесін орташа жөндеу жұмыстары кіреді. Сондай-ақ ені 4 метр, ұзындығы 0,072 шақырым болатын Бетховен, ұзындығы 0,250 шақырым, ені 5 метрді құрайтын Орманшы тұрғын алабындағы  Төлеби көшесінің орташа жөндеу жұмыстары аяқталып,  пайдалануға берілді. Одан бөлек, Абай ауданы, Самал-3 шағынауданындағы Ш.Мұстафаев көшесінде жөндеу жұмыстарын  маусым айында мердігер компания  «Нұрлы жол-7» ЖШС-і бастаған болатын. Ал «ДостықСпецТранс» ЖШС Еңбекші ауданы Қаратөбе тұрғын алабындағы Тойшы ата көшесінде орташа жөндеу жұмыстарын бастаған. Бұл көшелер қазір толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен бірге сәуір айында Енбекші ауданы, №86 автобустың соңғы аялдамасынан мазаратқа дейінгі атауы жоқ көшеде орташа жөндеу жұмыстары басталып,  қазіргі таңда көше пайдалануға берілді. Дәл осындай қуанышты жаңалық талай жылдан бері шешімін таппай келе жатқан  Абай ауданы Ынтымақ шағынауданы, Зеленая көшесі мен «Отан Мұнай» жанармай құю бекетінен кейінгі атауы жоқ көшеде де орын алды.  Ұзындығы  3,3  шақырым,  ені 5 метр болатын көшені жөндеу «ДостықСпецТранс» ЖШС-інің  құзырында болатын. Шаңырақ шағынауданындағы Атамұра көшесінің мәселесі де биыл шешімін тапты. Ал  «Ақжайық» шағынауданындағы Сырым батыр көшесінде көлік қатынасының көбеюіне байланысты жолдың ені 1,5 метрге кеңейтіліп жатыр. Үшінші мегаполисте құрылысы біткен көшелерден бөлек, бүгінде жұмысы қарқынды жүріп жатқан көше де көп. Олардың қатарында Байтұрсынов көшесінің Арғынбеков көшесі қиылысынан дендросаябаққа дейінгі бөлігіндегі күрделі жөндеу жұмысы бар. Аталған жолдың  бұл бөлігіне бүгінге дейін тек шағал тас төселінген болатын. Қазір мұнда ұзындығы  500 метр болатын асфальт төселініп, жаяу жүргіншілер жолы, веложол және ирригация жүйесі қарастырылған. Қайта жөндеу жұмысы жүріп жатқан жолдардың бірі – Жангелдин көшесі. Бүгінде монтаждау жұмысы аяқталып, асфальт төселініп жатыр. Жөндеу жұмысы барысында ирригация жүйесі де қайта жөнделіп, жолдың жиектастары ауыстырылады. Жол құрылысына жауапты сала басшылығының айтуынша, осы жылы 45 мердігер мекемемен 414 шақырым жолға  қайта құру және күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Құрылыс жұмысына 400 техника жұмылдырылған. Қаладағы ішкі көше жолдары құрылысының 80 пайызы тамыз айында аяқталады.  

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы.