– Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен басталған ірі стратегиялық маңызы бар – «Бейнеу–Бозой–Шымкент» магистральді газ құбыры біздің өңірімізге сәтті қадам, зор мүмкіндік әкелді. Облыс аумағынан өтетін газ құбыры cыр өңірін газдандыруға жол ашты. Қазіргі таңда ауданда 6 500-ге жуық тұрғын үй «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. 200-ден астам кәсіпкерлік және әлеуметтік-мәдени нысандар газға қосылған. Бүгін, міне Арал қаласынан кейін Жақсықылыш кентіне «көгілдір отын» жеткізіліп отыр. Осы жұмыстардың барысында Жақсықылыш кентіндегі 855 жеке тұрғын үйге, 23 кәсіпкерлік және 4 әлеуметтік нысанға «көгілдір отын» қосылады. Коронавирус індетіне қарамастан, қол жеткізіп отырған «көгілдір отын» әрбір отбасының жылуын, Отанымыздың қуатын арттыра түседі деп сенемін. Жақсықылыш кентіне газ берілсін, – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.
Еске салайық, 2015 жылы Қызылорда облысы әкімдігі мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ арасындағы меморандумға сәйкес Арал қаласының 288 шақырымына газ құбыры және 2 газ тарату пункті мен 36 шкафты газ тарату пункттерінің құрылысы жүргізілген болатын. Нақты кезеңде Арал қаласы бойынша жалпы 6 321 тұрғын үй, 210 кәсіпкерлік және 18 әлеуметтік-мәдени нысан газ жүйесіне қосылған.
2019 жылы облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысымен Жақсықылыш кентін «Компания Газ Строй» ЖШС мердігер мекемесі арқылы газдандыру жұмыстары басталып, бүгінгі күні толықтай орындалған. Аталған газдандыру жұмыстары барысында кентке 57,7 шақырым газ құбыры, 1 газ тарату пункті және 4 шкафты газ тарату пункті орнатылған.
Телекөпірге Жақсықылыш кентінен Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев, облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Жоламанов, «Аралтұз» АҚ директоры Бауыржан Көшімбаев және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының қызметкерлері қатысты.
Шара соңында Жақсықылыш кентінің еңбек ардагері Айтуған Исмағұлов атқарылып жатқан жұмыстарға тұрғындардың атынан алғыс айтып, батасын берді.
Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы