Атап айтқанда, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының халқы бір тоннаға жуық қымыз бен саумалды жинап, аудандық және Жезқазған қаласының емдеу мекемелеріне тегін таратты.
Жаңаарқа ауданы тұрғындарының ерекше акция ұйымдастыруына өңірдегі эпидемиологиялық ахуалды түзеу керегі түрткі болған. Ауыл тұрғындары таңертең, кешке ауруханада емделіп жатқан науқастар мен дәрігерлерге қымыз бен саумал жинайды. Шұбат, қымыз науқастардың иммунитетін жақсартып, коронавирустан тезірек сауығуға септігін тигізеді, – деп жазады 24.kz.
Жаңаарқалықтар бұл қайырымдылық шарасын әрі қарай үзбей жалғастыруға әзір. Сонымен қатар ауруханаларды айран, сүтпен тегін қамтамасыз етуге де дайын.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, әлемді жайлаған пандемияға тоқтау салудың бірден-бір жолы – әрбір адамның денсаулығын жақсарту, иммунитетін көтеру. Дертке – дауа, жанға шипа болатын емдік сусынды ауруханаларға тегін, уақытылы жеткізудің халық денсаулығын сақтап қалуда маңызы зор. Болашақта қайырымдылық шарасының ауқымы Жаңаарқа ауданы шеңберінде ғана шектелмейді. Сонымен қатар мүмкіндігінше, жастар жиналған сусынды барлық ауруханаға тегін, уақытылы жеткізуді мақсат етіп отыр.