Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн өткен брифингте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқитын оқушылар мен сабақ беретін мұғалімдер туралы айтты.
«Қашықтан оқыту форматында педагогтарға қойылатын бірқатар талап бар. Біріншіден, ІТ технологиясы бойынша талап. Олар ІТ технологиясы, интернет платформасы, интернет жүйесімен жұмыс істей білуі керек. Біз дайындаған біліктілікті арттыру курстарында мұғалімдерге осымен жұмыс істеуге үйретеміз», – деді министр Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ министр қашықтан оқудың қыр-сырын меңгеру үшін мұғалімдер арнайы курс оқиды.
«Сыныпта сабақ беру мен қашықтан сабақ берудің айырмашылығы өте көп. Оқу әдістемесі тұрғысынан қарағанда бұл өте маңызды процесс, сол себепті алдымызда әріптестеріміздің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі тұр. 20 шілдеден бастап мұғалімдер еңбек демалысынан жұмысқа шыға бастайды. Сол кезде осы курстардан өтеді», – дейді ол.
Жиында министр қашықтан оқу балалардың амандығы үшін жасалып отырған шешім екенін айта келе, мұғалімдердің айлығы толық сақталатынын айтты.