Министрлікке қарасты Көлік комитетінің дерегінше, елімізде автомобиль көлігімен жүк тасымалдау көлемі шамамен өткен жылдың деңгейінде сақталып отыр.
«Отандық автотасымалдаушылардың халықаралық жүк тасымалдау нарығындағы ұстанымын нығайту мақсатында сатып алынатын ершікті тартқыштарды кәдеге жарату алымынан және алғашқы тіркеу алымынан босату жөнінде шешім қабылданды. Сондай-ақ қалалық автобус тасымалдарын дамыту бойынша шаралар кешені әзірленді. Оны іске асыру саладағы проблемалық мәселелерді шешуге, сондай-ақ көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді» делінген жауапты орган мәліметінде.
Сонымен қатар ЕАЭО көлік дәліздері жүйелерімен ықпалдастырылған көлік құжаттарын басқару жүйелерін цифрландыру жалғасады. Халықаралық жүк тасымалы үшін рұқсат беру жүйесі рәсімдерін автоматтандыру мен еліміздің автобус паркін жаңарту сияқты жұмыстар жүреді.
Айта кетерлігі, коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау мақсатында 5-19 шілде аралығында облысаралық және қалааралық автобустардың жүруі тоқтаған-ды.
Карантин енгізілген сәттен бастап ҚХР, Ресей, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан және Моңғолия автокөліктерінің барлық түрімен жолаушылар мен багажды екіжақты тасымалдау, оның ішінде 117 тұрақты бағыт, сондай-ақ транзиттік жолаушылар тасымалы тыйылды.