Соңғы күнді күтудің қажеті жоқ
Қанат Өксікбаевтың айтуынша, өткен жылдары 13-25 шілде аралығында күн ара қай мамандыққа қанша адам тапсырғаны жайлы статистика жарияланып тұратын. Жағдайды бақылауда ұстайтын түлек қай мамандыққа аз талапкер тапсырса, сол нұсқаны таңдап, грант ұту қамына кірісетін. Бір сөзбен айтқанда, грант конкурсының барысын бақылауға болатын еді. «Биыл бақылауға мүмкіндік жоқ. Себебі грант конкурсына құжаттарды онлайн түрде Egov порталы арқылы өткізеді. Өтініш тапсыру үшін соңғы күнді күтудің ешбір мағынасы жоқ. Өйткені конкурстың статистикалық мәліметі жарияланбайды. Егер талапкер үшін грант маңыздырақ болса, өткен жылғы статистикалық мәліметтерді қарап, шамамен мүмкіндігін бағаласа болады. Бірақ биыл көп өзгеріс орын алғанын ескеріңіз. Тек қана өткен жылғы мәліметтерге сүйену – қателік. Мысалы, биыл грант конкурсы қазақ, орыс топтарына бөлінбейді. Біразының төмен балл жинағаны бар. Аталған факторлар грантқа шекті балдың өзгеруіне әкеледі», – дейді Joo.kz жобасының жетекшісі Қанат Өксікбаев. Бұл пікірді AlmaU университетінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арын да қолдап отыр. Оған қоса құжатты талапкер, ол кәмелеттік жасқа толмаса ата-анасы немесе заңды өкілі тапсыра алатынын айтты. Биыл министр шешімімен міндетті құжаттар тізімінен 086 медициналық анықтама уақытша алынып тасталғанын атап өтті.Мүмкіндігі шектеулі талапкер не істейді?
I, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедек талапкер ел қатарлы Egov порталына өтініш береді. Құжат тапсырарда артықшылық құқық пен квота беруді растайтын қағазды қосымша жүктеуі керек. «Жалпы, барлық гранттың шамамен 1%-ы мүмкіндігі шекеулі жандарға бөлінеді. Бірақ мұның алдында басқа факторды ескерген жөн. Менің ойымша, грант бөлуден бұрын, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау керек. Уақытында, 11 жыл бойы көмекті тиісінше көрсетпей, артынша грант бөлгеннің пайдасы жоқ. Қоғамға сіңісіп кетуі үшін әртүрлі көмек көрсету керек. Мәселен, өткенде бір ата-анамен сөйлестім. 11 жыл бойы баласы жақсы білім алмаған. Сол үшін оған квотадан келіп-кетер пайда жоқ», – дейді Қанат Өксікбаев. Ал AlmaU университетінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арын мемлекеттік гранттан бөлек, жоғары оқу орнында да жеңілдіктер барын атап өтті. Мүмкіндігі шектеулі талапкер таңдаған білім ордасындағы ішкі жеңілдікке назар аударып, қажетті құжатты тапсыруы керек. «Кейбір университеттерде мүмкіндігі шектеулі талапкерлерге әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Мысалы, AlmaU-да әлеуметтік жеңілдіктер әлеуметтік топтарға байланысты жеке-жеке бөлінеді. Жеңілдіктер 5-100%-ға дейін. Мәселен, университетте ата-анасының қамқорлығынан тыс қалған (жетім қалған) талапкерге, I, II топтағы мүгедек талапкерге 100%-ға дейін жеңілдік, көпбалалы отбасылардан шыққан талапкерге 50%-ға дейінгі жеңілдіктер бар», – дейді Әсел Арын. КАЗГЮУ университетінің баспасөз хатшысы Назерке Бауыржанқызы да талапкерге тиісті құжатты ұсынса, еліміздегі бірқатар университетте жеңілдік барын атап өтті. «Университетімізде «Эндаумент» корпоративтік қоры құрылды. Қор әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан, мүмкіндігі шектеулі жандарға, әке-шешесінің қамқорлығынан айырылған тұл жетімдерге қолдау көрсетеді. Шәкіртақы тағайындайды, оқу ақысын төлейді және басқа да жеңілдік жасайды. Болашақ студент әлеуметтік жағдайын растайтын тізімдегі қажетті құжаттарды тапсыруы шарт», – дейді Назерке Бауыржанқызы.Жыл сайын гранттар игерілмей қалады
Білім саласы мамандарының сөзіне сүйенсек, жыл сайын елімізде мыңға жуық грант игерілмей қалады. Қанат Өксікбаевтың айтуынша, өткен жылы 3 000 грант иесіз қалған. «Өткен жылы мемлекеттік гранттың 2 мыңы «Серпін» бағдарламасы, қалған мың шақтысы жалпы грант бойынша игерілмей қалды. Бұл нені білдіреді? Демек, өтініш саны бөлінген грант санынан аз. Мәселен, биыл химия-физика пәні бойынша бір мамандыққа 600 грант бөлінген. Ал ел бойынша аталған пәнді 200-ге жуық талапкер таңдаған. Бұл қалған 400 гранттың игерілмей қалатынын көрсетеді. Бір жағынан 200 баланың барлығы грант алатынын нұсқайды», – дейді Joo.kz жобасының жетекшісі. Сондықтан ол елімізде мемлекеттік грант конкурсының 2 айналымнан тұрғанын қалайды. Гранттың 80%-ын қазір үлестіріп, қалған 20%-ын күзде игергенді жөн көреді. Оның айтуынша, сонда игерілмей қалған грант санынан, университеттің ішкі гранттары жайлы толық мәлімет аламыз. Иә, 50 балмен грантқа түсуге болады. Физика-математика бағытын таңдаған талапкерде мұндай мүмкіндік бар. Талапкер ҰБТ-дан бастап, университет таңдау барысын, мүмкіндігін Joo.kz мобильді қосымшасынан біле алады. Айта кетерлігі, қосымшада таңдаған мамандығы жайында мәлімет пен қазіргі жалақысы, қай университетте білім алуға болатыны туралы жазылған.Көш басында – «Ақпараттық технологиялар»
Осы орайда, елімізде сұранысқа ие мамандықтар жайлы білгіміз келді. AlmaU университетінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арын IT саласына сұраныстың жоғары екенін айтты. «Қазір сұранысқа ие мамандықтар арасында, мемлекет тарапынан грант көп бөлініп жатқан мамандық – IT мамандықтары. Гранттарды бөлгенде мемлекет нарықта тапшы мамандықтарды баса назарда ұстайды. Яғни нарықта педагогтер мен дәрігерлер тапшы. Сондықтан аталған мамандықтарға грант саны көптеп бөлінеді. Мемлекеттік гранттарды бөлгенде ауыл мектебін бітірушілерге арналған квоталар белгіленген», – дейді ол. Ал М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ көрсеткен мәлімет бойынша, оқу орнында «Юриспруденция» және «Менеджмент» мамандығына сұраныс өте жоғары екен. Сондай-ақ дәстүрлі емес мамандыққа да сұраныс артқан. «2030 жылы әлемде кәсіптің 85%-ы жаңарады деген болжам бар. Жаңа мамандықтар тізімінде деректермен жұмыс жөніндегі детектив, генетикалық код редакторы, саяхат жобалаушы, кибер талдаушы, адамдар мен машиналардың командалық жұмысын реттейтін менеджер бар. Технологиялардың өзгеруіне қарай пайда болатын жаңа мамандықтарды КАЗГЮУ университеті де ескеріп отырады. Оқу орнында болашақ бизнес саласындағы ІТ көшбасшыларына арналған жаңа мамандық бар. «Бизнестегі IT» деп аталады. Еліміздің болашағы үшін және оның әлемдік кеңістікте бәсекеге түсу артықшылығын дамыту мақсатында ІТ білімі аса маңызды», – дейді университетің баспасөз хатшысы Назерке Бауыржанқызы. Қанат Өксікбаев та Joo.kz мобильді қосымшасына кіріп, мамандық таңдайтындардың ішінде IT саласының үлес салмағы жоғары екенін айтады. «Мамандық бойынша қарасақ, 1-орында «Ақпараттық технологиялар», кейінгі орында «Жалпы медицина» мамандығы тұр. Салаға қатысты десек, педагогика мен медицина саласына сұраныс жоғары», – дейді ол.345 мың мен 2 миллионның арасы
Мамандықтың мәселесін шешкен соң, кезек оқу ақысына келеді. Kursiv.kz-тің мәліметінше, 2019-2020 жылы ЖОО-дағы оқу ақысы 345 мың теңгеден бастап, 2,9 млн теңгеге дейін жеткен. Ең қымбат оқу орындарының қатарына КИМЭП, ҚБТУ, Алматы Менеджмент университеті мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кіреді. Мәселен, ҚазҰУ-да 2020-2021 жылға арналған оқу ақысы бойынша бакалавриат құны – 1 млн 700 мың теңге. КИМЭП пен ҚБТУ-да білім алу үшін жылына 2 млн теңгеден астам қаржы керек. Ал М.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ-де оқу ақысы орташа есеппен 940 мың теңге. «Елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты университеттер оқу ақысын көтеріп жатқан жоқ. Керісінше, AlmaU университеті келесі оқу жылына оқу ақысын былтырғы қалпында сақтап қалды. Кейбір мамандықтар бойынша оқу ақысын азайтты. Бакалавр бағдарламасына сәйкес, жеңілдікті ескермегенде 1 жылдың оқу ақысы 750 мың теңге (ең төменгі) мен 1 млн теңгенің (ең жоғары) арасында», – дейді AlmaU университетінің академиялық даму жөніндегі проректоры Әсел Арын. Ал Қанат Өксікбаев 400-500 мың теңгеге білім беру жоғары оқу орны үшін тиімсіз екенін айтты. Ата-анаға 1 миллион теңге оқу ақысын төлеу қалтаға салмақ түсіретінін жасырмады. Сондықтан пандемия жағдайында ортақ шешімнің пайдасы барын атап өтті. Сарапшылар сөзінен түйгеніміз, игерілмей қалған грант саны жайында мәліметті жіті қадағалау керек. Ал талапкер жоғарыда аталған мобильді қосымшамен қатар, ЖОО сайттарын қарап, өзіне ыңғайлысын таңдағаны жөн.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ