Тұрғындарды тыңдады
Тұрғындарды тыңдады
426
оқылды

Еліміздегі жетекші партияның қалалық және аудандық филиалдарында халықтың мұң-мұқтажына ерекше көңіл бөлініп, азаматтардың қажеттіліктері, тұрғындар сұранысы қамтамасыз етіліп жүр. Бұл орайда аймақтардағы қоғамдық қабылдаулардың рөлі ерекше. Осы мақсатта Nur Otan партиясының Ақтөбе облыстық және қалалық филиалы «Ясный» тұрғын үй алабында орналасқан Ф.Оңғарсынова атындағы №41 мектеп-гимназиясында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізді.

Тұрғындарды қала әкімінің орын­басары, партия филиалдары және жергілікті атқарушы органдар бас­шылары, сондай-ақ қалалық мәсли­хаттағы Nur Otan партиясы фракциясы мүшелері қабылдады.

Тұрғындар көбінесе жұмыспен қамту, жер, тұрғын үй мәселелері және автобус маршруты мен жол мәсе­лелері бойынша өтініш-тілек­терін білдірді. Азаматтарды қабылдау барысында оларға денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамту аясында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың тәртібі мен алғышарттары түсіндірілді.

Қоғамдық қабылдауға екінші топ мүгедегі Әйгерім Кенбаева есімді тұр­ғын жеке кәсіп ашу мәселесі бойынша келіпті. Қолға алған ісіне қолдау көр­сетуін сұраған Әйгерімге Алматы ауда­нының әкімі Алмаз Әлімбаев кәсіпкерге бос ғимарат қарастырып, мүгедек жандарға арналған шынықтыру орта­лығын ашуға көмектесетінін жеткізді.

Орталыққа келген тағы бір тұрғын Айсара Капина бағдарламашы ма­мандығы бойынша оқуын тамамдаған. Мемлекеттік қызметке жұмысқа орна­ласқысы келетін жас маманға жұмыспен қамту орталығынан түсіндірме жұмыс­тарымен қатар қандай аталым бойынша сынақ тапсыру керегі айтылып, қажетті құжаттарды жинақтауға кеңес берілді.

Өңір тұрғыны Әбдіғали Рахманов өз кезегінде қоғамдық көлік қатынасын сөз етті. Оның айтуынша, «Ясный» тұрғын үйіне қатынайтын №14 автобус­қа халық сыймайды екен. Сондай-ақ тұрғын үй маңынан алыс жерге тоқ­тайтын автобусқа жету машақаты да ба­рын жасырмады. Сондықтан тұрғын­дар №14 автобустың ауыл ішін айналуын немесе тағы да маршрут бөлінуін сұрайтынын жеткізді. Аталған сұраққа аудан әкімі жауап беріп, мәселенің шешілу жолдары қарастырылатыны айтылды.

Айта кетейік, өзекті мәселелерді жедел шешіп, көмек беруде партия филиалы қоғамдық қабылдауларды ай сайын ұйымдастырып келеді.