Жол жиегінде көлігін жөндеп жатқан ер адам қайтыс болды
Жол жиегінде көлігін жөндеп жатқан ер адам қайтыс болды
Фото: Интернеттен алынды
309
оқылды
Бәйдібек АПБ-нің кезекші бөліміне түнгі уақытта Шардара ауданының тұрғыны арызданып, Шымкент-Самара тас жолының бойында белгісіз көлік оларды қағып кетіп, жанындағы серіктесі қайтыс болғанын хабарлайды. Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция қызметкерлері жол жиегінде бұзылып тұрған  VAN Hool маркалы жолаушы тасымалдайтын автобус көлігінің ақауын жүргізушісі мен оның көмекшісі тексеріп тұрғанын анықтады. Осы уақытта «Газ-53» маркалы белгісіз жүк тасымалдайтын автокөлігі бұзылып тұрған автобустың жанынан жанамай соғып, одан кейін сол жерде тұрған жәбірленуші мен көлік жүргізушісін қағып, жол-көлік оқиғасын жасағаны анықтылды. Кінәлі жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен. Салдарынан автобустың жүргізушісі жеңіл дене жарақаттарын алса, оның көмекшісі оқиға орнында қаза болған.  Бұл жол-көлік оқиғасы Бәйдібек АПБ-не Қазақстан Республикасы ҚК-нің 345-бабының 3-бөлігімен және ҚР ҚК-нің 347-бабымен тіркеліп, қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. ​​​​​​Жол-көлік оқиғасына қатысы бар жасырынған жүк көлігі мен оның жүргізушісін ұстау мақсатында Бәйдібек аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, жүк көлігі Сайрам ауданындағы жөндеу жұмыстарын жүргізетін орындардың бірінен табылып, көліктің жол-көлік оқиғасына тікелей қатысы бары дәлелденді. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.