Осы уақытқа дейін аудан орталығы саналатын Бейнеудегі Ж.Аймауытов, Тастемір, Абай, Сүйеубаев және Асау батыр мен Амантұрлы батыр көшелеріне асфальт төселген болатын. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары өз ризашылығын білдіріп, автомобиль жолының пайдасын көріп отыр.
2020 жылы бұл жоба бойынша Бейнеу ауылының жеті көшесіне, атап айтқанда Ер Шабай, Н.Оңғалбаев, Мендіқұл, Жайылған, Ақтан Керей, Ыбырайым Ахун және А.Байтұрсынов көшелеріне асфальт төселеді. Бұл жобаға қарастырылып жатқан 246 млн теңге қаржының 90%-ы республикалық бюджеттен, қалған 10%-ы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Қазіргі таңда жеңімпаз болған мердігер кәсіпорын «Бейнеужолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Ыбырайым Ахун және А.Байтұрсынов көшелеріне асфальт төсеу жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде, жаңа жұмыс орындары ашылып, 3 адам аудандық жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен жұмысқа тұрып, қызметін атқарып жүр.
– Ауылдардың жағдайын жақсартып, ауыл халқының тұрмыс өресін көтеру үшін қолға алынған «Ауыл – ел бесігі» жобасы ауданымыздағы Бейнеу ауылының дамуына үлкен үлес қосуда. Осы жоба аясында ел дамуының алтын бесігі болған ауылдарымыз қарқынды дамып келеді. Бұл жоба алдағы уақытта бұдан да үлкен жетістіктерге бастайтыны сөзсіз, – дейді аудан әкімі Бейнеубек Әбілов.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы Елбасы – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауында айтылғандай, алдағы уақытта ауылдық жерлердің әлеуметтік ортасын жаңғырту мақсатында жүзеге асырыла бермек.