Ерлігі мәңгі ел есінде  
Ерлігі мәңгі ел есінде  
Фото: автордан
290
оқылды
Президент  Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясымен күреске қосқан үлесі үшін бірқатар дәрігерді мемлекеттік наградалармен марапаттағаны белгілі. Олардың қатарында  жамбылдық үш ақ халатты абзал жан бар.  Атап айтсақ,  азаматтардың денсаулығын сақтау жолындағы жанқиярлық еңбегі үшін I-дәрежелі «Барыс» орденімен  марқұм, Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің орынбасары Дәулет Арымбаев, «Барыс» екінші дәрежелі ордендерімен марқұм, «Алмаз Медикал Групп» ЖШС-нің бөлім басшысы Гүлмира Қырғызалиева мен Шу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Айдар Мұқатаев марапатталды. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мемлекеттік наградаларды Д.Арымбаев пен Г.Қырғызалиеваның отбасыларына арнайы барып тапсырды. – Коронавирус ең білікті дәрігерлердің өліміне себеп болуда. Бұл қазаның орны толмайды.   Олардың есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Олар терең білімді, шыдамдылық пен жанқиярлықты талап ететін мамандықты таңдады. Соңғы деміне дейін олар мамандықтарына адалдық танытты. Күндіз-түні көз ілмей, тыным алмай өз өмірлерін қатерге тігіп, науқастардың өмірі үшін күресе білді. Біз медицина қызметкерлерінің ерліктерін құрметтейміз. Мемлекет басшысы азаматтардың денсаулығын қорғаудағы олардың күш-жігерін үнемі ескеріп, алғыс айтып келеді. Мемлекеттік марапаттар –  шынайы алғыс пен ризашылықтың белгісі, – деді Бердібек Сапарбаев. Марқұм Айдар Мұқатаевтың наградасын Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров арнайы барып  табыс етті. Жалпы, марқұмдарды әріптестері бүгінде сағынышпен еске алады. Олардың ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге екені айқын. Дәулет Арымбаев  30 жылдық өмірін медицина саласына арнаған жан. 1965 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген ол еңбек жолында  Талас аудандық ауруханасында бөлім меңгерушісі, Жамбыл облыстық туберкулезге қарсы диспансерінде туберкулезге қарсы маман, сот-медициналық сарапшы болып жұмыс істеген. 2010 жылдан бері Жамбыл облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің орынбасары болып қызмет атқарған. Ал Гүлмира Қырғызалиева еңбек өтілін  учаскелік дәрігерліктен бастаған. «Химпром» ДПО клиникасында, Тараз қаласының № 2.8 емханаларында терапевт болып жұмыс істеді. 2018 жылдан бастап  Almaz Medical Group ЖШС бөлімін басқарған. Айдар Мұқатаевты  шулықтар зор құрметпен еске алуда.  2003 жылдан бастап аудандық аурухананың бас дәрігері болып еңбек еткен ол оған дейін Тараз қалалық ауруханасында хирург, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», «10 жыл Астана»,  «Тәуелсіздікке 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Көз жұмғанша коронавируспен күрескен бейбіт күннің батырларының ерлігі ешқашан ұмытылмасы анық. Мың тағзым, Сіздерге!  

       Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы