Атырау облысында түйелердің қырылып жатқаны тіркелді. Теңіз мұнай-газ кен орны орналасқан Жылыой ауданының Аққызтоғай ауылында, Құлсары ауданы орталығындағы жеке шаруалардың біраз түйесі аяқ астынан өліп қалған. Былтыр белгісіз індеттен Маңғыстау облысында әуелі түйе, сосын жылқы түлігі қырылған болатын. Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінде бір жарым мың қой бір күнде жусап қалған еді. Төрт түлікке төтен тажал қайдан, неден келді?
Мұндай оқиға орын алғанда сарапшылар бірден сынама алады. Малдың неден қырылғанын анықтау үшін бірнеше ай өтеді. Мәселен, Маңғыстау облысындағы Жармыш ауылындағы түйе мен жылқының ажалы құтырған қасқырдан болған көрінеді. Осыны анықтағанша бір ай өткен. Алынған сынама ауданға, сосын облысқа, сосын астанаға жіберіледі. Түпкі қорытынды шыққанша ауру өршиді, мал қырылады. Осы жағдайдан кейін ғана карантин жарияланған.
Төтенше жағдайда іс қалай өрбиді? Ауыл әкімшілігі тиісті шешім қабылдап, шектеу шарасы жөніндегі шешім шығарады. Сол шешім бойынша мал ауруға қарсы егілу керек. Ауру шыққан мал дезинфекциядан өту керек, адамдары дәрігерлік бақылаудан өту керек. Одан кейін аудандық ветеринарлық станса егу жұмыстарын бастайды. Құтыруға қарсы екпе аудандық ветеринарлық стансаға дер кезінде жетсе – жақсы, жетпесе, тағы қанша мал қырылады. Қауіпті індеттің негізгі белгілері мен себептерін анықтауға көп уақыт кетеді. Екі ортада мал баққан жұрт халық енді малды қойып, өздерінің өмірі үшін алаңдай бастайды, тіпті жаппай екпе алады.
Ежелден төрт түлік малдың жайын жақсы білген халқымыз түйе малының қандай аурумен ауыратынын, оған қарсы қандай ем жасаудың амалын жақсы білген. Қазір бәрі ғылымиланған заман болды да, дәстүрлі мал емдеу тәсілдерінен айырылып қалдық. Жалпы, түйеде туберкулез, оба, оспа аурулары болады. Ауру мал арықтай бастайды, күйіс қайыруы нашарлайды, үнемі жата береді. Өркеші кішірейіп, бір жағына қисаяды. Алқымындағы, мойыны мен шабындағы сөл бездері беріштеніп, бұлтиып тұрады. Мезгілінде ем жасалмаса, ауру асқынады. Обамен ауырған және сол аурудан күдігі бар мал дереу оқшауланады немесе сойып тасталады. Өлген малдың өлексесін терісін сыдырмай өртеп жіберу керек.
Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, 3-28 шілде аралығында Жылыой ауданына қарасты Ақкиізтоғай ауылында және Құлсары қаласына қарасты Жадырасын ықшамауданында 11 бас түйе шығын болған. Шұғыл сараптама жасалған. Мамандардың айтуынша, жұқпалы аурулардың ешқандай белгілері жоқ. Ветеринарлар бұл цефалопиноз деген ауру деп қорытындыға келген.
Жалпы, еліміз бойынша ветеринария басқармаларының жұмысын қайта құру қажет секілді. Жағдайға тез реакция жасау деген жоқ. Бір-біріне сілтеу көп. Мал мен малшылар өмірін сақтау тұрғысындағы шұғыл шаралар қабылдау ісінде үйлесімді әрекет жетіспейді.