Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге жәрдемақыға өтінім қалай беруге болатынын айтты.
«Жалдамалы жұмысшылар үшін өтініш беретін жұмыс берушілер ақысыз демалысқа жіберілген өз қызметкерлері үшін ғана өтініш бере алады. Қашықтан, толық емес режімде істейтін, жалақысын толық алып жүрген қызметкерлерді бұл өтінішке қоса алмайды. Өтінішті екі порталда: egov.kz – «электронды үкіметтің» веб-порталы және 42500.enbek.kz порталында беруге болады. Онда кәсіпорынның мәліметі көрсетілуі тиіс. БИН-ді көрсеткенде барлық ақпарат шығады. Әр жұмысшының ЖСН-ын көрсеткенде адам туралы барлық мәлімет шығады. Порталға 20 қызметкердің өтінішін бірден жіберуге болады. Өтініш электронды цифрлық қолтаңбамен бекітіледі. Тағы да ескертемін, карантинге қатысты күшейтілген шаралар кесірінен жұмысыңыз тоқтап тұрса ғана өтініш жіберіңіздер. Оны аудандық штабтар тексереді», - деді министр орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, жұмысшылардың өздері өтінім берсе, өтініш бәрібір қабылданбайды.
«Жұмысшылардың өздері жіберген өтініш бәрібір қабылданбайды. Басқаларға кедергі жасамауыңызды сұраймыз. 42500.enbek.kz порталында әркім өз мәртебесін тнксере алады. Өтініштің берілгені және қандай сатыда қаралып жатқаны туралы мәлімет алуға болады. Ал жеке практикамен айналысып жүрген азаматтар өтінішті өздері береді. Олар екі порталға қосымша «Электронды үкіметтің» telegram-bot-тарын да пайдалана алады. Басқа азаматтар – жеке тұлғалар осы порталдар арқылы және Телеграм-бот арқылы өтінім бере алады. Басты шарт – адамның жұмысы тоқтап тұрғаны анықталуы тиіс. Оны аудандық штабтар мен салық комитеті тексереді. Егер кәсібіңіз тоқтамаса, өтініш берудің қажеті жоқ», - деді Б. Нұрымбетов.
Министрдің хабарлауынша, ертеңнен бастап egov.kz – «электронды үкіметтің» веб-порталы, 42500.enbek.kz порталы және Телеграм-боттар өтініш қабылдауды бастайды.
«Каспи банк пен Халық банк қосымшалары әлі дайын емес. Дайын болғасын, олар да бірден іске қосылады. Сіздерден бір ғана өтініш беруді сұраймыз. Әр порталға бір-бір өтінімнен берудің қажеті жоқ. Бәрібір екінші өтініш қабылданбайды, бірақ ол порталдарға салмақ салуы мүмкін. Басқа азаматтардың өтініш беруіне кедергі болады», - деді Біржан Нұрымбетов.