– Жанар Нұрланқызы, халықтың ПТР-тестіден өту жиілігін тәулігіне 40 мыңға жеткізу мүмкін бе? Себебі соңғы уақытта ПТР-тест тапсыруға қатысты сын жиі айтылғаны есімізде...
– Сіз айтқан сын маусым айының ортасында айтылды. Осы тұста, сынаушылар зертханаларды тест жасай алмайды деп сынамас бұрын мына нәрсеге назар аударса екен деймін. Егер үш-төрт ай бұрын елдегі зертханалар тәулігіне 6 мыңнан астам тестілеу жасаса, бұл көлем бүгінде 30 мың тестке көбейді. Алғашқыда зерттеуді Ұлттық сараптама орталығы ғана жүргізді. Кейін қатарымызға «Олимп», «Инвиво», «Инвитро» сияқты жеке зертханалар қосылды. Медицина ұйымдары да өз тестілеуін бастады. Нәтижесінде бүгіндері республика бойынша 50-ден астам зертхана жұмыс істеп жатыр. Зертхана жұмысына кедергі келтіретін факторлар бар, мысалы үздіксіз қолданылып жатқан құралдар тез ескіргендіктен, жұмысымызға кері ықпал етеді. Зауыттан жаңа құрал-жабдық алуға уақыт керек.
Ал Президент жүктегендей, халықтың ПТР-тестіден өту жиілігін тәулігіне 40 мыңға жеткізу үшін әуелі зертханаларды техникалық жағынан жарақтандырып, жұмыс процесін автоматтандыру қажет. Бұл орайда, Үкімет орталық зертханаларын құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қаржы бөлгенін айтып өткім келеді. Бүгінгі таңда құрал-жабдықтар сатып алу кезеңінде, 3-4 аптада жеткізілуі керек.
ПТР-тестін қабылдайтын зертханаларды көбейтуге әкімдіктер де атсалысуда. Мысалы, карантин басында Нұр-Сұлтан қаласында бір ғана зертхана жұмыс істесе, қазір 8-ге жетті. Бұл бағытта меценаттардың да көмектесіп жатқанын айтуымыз керек. Елордамызда карантин басталғанда тәулігіне 300 тест қана жүргізілген, ал бүгін тәулігіне 5 мыңнан астам тест жасалады. Жуырда Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы жанынан жеке зертхана ашылды. Medical Partners Korea клиникасы да коронавирусты анықтайтын тағы бір тест орталығын іске қосты. «Нұрлы-Тау» мен Halyk Arena мобильді пункттері де жұмыс істеп тұр.
– ПТР-тест бағасын екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Ал мемлекеттік ұйымдарда ПТР-тестілеуден тегін өтетін мүмкіндік жасалды. Ол үшін қайда, кімге хабарласу керек?
– Тестілеудің екі түрі болады, бірі – профилактикалық мақсаттағы, екіншісі – эпидемиолог маманның жолдамасы бойынша тестілеу. Бұған қоса, диагностикалық тестілеу бар, ол медициналық көмек көрсету үшін жасалады. Мемлекеттік ұйымдардағы ақылы тестілеуге тыйым салынды, оның ақысы кепілдендірілген тегін медициналық көмек есебінен төленеді. Егер клиникалық ауру белгісі пайда болса, өз емханасына, учаскелік дәрігеріне денсаулығы туралы хабарлауы керек, әрі қарай дәрігер қажет деп тапса, тегін тестілеуден өтеді. Коронавирус анықталған адаммен байланыста болғандар жетінші тәулікте тегін тестілеуден өте алады. Ал стационарда жатқандар сол жерде ПТР тапсырады. Себебі стационардың барлығы тест қабылдайтын зертханалармен шарт жасасқан. Соңғы уақытта ПТР тапсыру бір жүйеге келді. Менің ойымша, тест тапсырудағы ажиотаж адамдардың елдегі эпиджағдайға алаңдап, жақындарын аман алып қалсам деген уайымынан туды. Уақыт өте халық ПТР-ды ауру белгісі пайда болғанда немесе коронавируспен ауырған адаммен байланысты болғанда ғана тапсыру керек екенін түсінді.
– Сіз бір сұхбатыңызда коронавирус инфекциясы күшейгенге дейін ПТР-тестілеуге сұраныс аса көп болмағанын, сондықтан бұл салада маман өте аз екенін айтыпсыз. Ал енді елімізде коронавирус диагностикасын жасайтын зертханалар көбейгенде маман жеткілікті ме?
– Ұлттық сараптама орталығының қызметкерлері коронавирус сынамаларын тәулік бойы зерттеп жатыр. Коронавирусқа қатысты анализді өңдейтін ең қысқа уақыттың өзі 6-8 сағат жұмысты талап етеді. ПТР – жалпы қан анализі емес, бұл нуклеин қышқылының бөлінуін, вирустың генетикалық бөлігін ұстау үшін көшірмелерін көбейтуді талап ететін қиын процесс. Ұйқысыз түндер мен үлкен жүктемені талап етеді. Қызметкерлеріміз вирус жұқтыру қаупі жоғары жерде күні-түні жұмыс істейді. Арасында вирус жұқтырып, емделіп, қайтадан қатарға қосылып жатқандары да бар. Дозатормен жұмыс істей алатын, тамшыны дұрыс тамызатын лаборантты аз уақытта даярлау қиын, бәріне тәжірибе керек. Сондықтан диагностика жүргізетін вирусологиялық зертханалардың 700-ден астам қызметкері осы жұмысқа тартылды. Сондай-ақ вирусологиялық зертхана жұмысына клиникалық диагностикалық зертханаларда жұмыс істейтін мамандарды да тартамыз. Елімізде ПТР зертханасы бар 225 клиникалық-диагоностикалық зертхана бар. COVID-19 талдау техникасымен таныс мамандар да жұмысқа тартылды. Олар елдің вирусологиялық зертханаларында дайындықтан өтіп, COVID-19 диагностикасы бойынша жұмыс істеуге рұқсат алады.
Қазіргі күні зертхана қызметкерлерін тегін оқытатын мемлекеттік тапсырыс бар. Өңірлердегі денсаулық сақтау басқармалары жергілікті жерлерде коронавирус инфекциясына тестілеу жүргізетін зертхана мамандарын жұмысқа тартып жатыр. Мамандар арасында ауырып қалу қаупі жоғары екенін, форс-мажор жағдайын ескерсек, онда зертхана жұмысын 100 пайыз жұмыс істетеміз деп айтуға ерте.
Коронавирус инфекциясын тестілейтін кез келген зертхана – мейлі ол коммерциялық зертхана не мемлекеттік зертхана болсын, өз қуатын өзі жоспарлауы керек. Олар техникалық жарақтануы мен кадрлық резервіне қарап жоспар құрса... Біз бұл туралы бірнеше рет айттық. Өткен аптада да, осы апта да ӘМСҚ-мен бірге өткізген жиналыста да тестілеу жүргізетін зертханалар жауапкершілігін сөз еттік. Зертханалар тестілеу қорытындысын уақытында ұсынғаны жөн. Классикалық ПТР нәтижені 5-6 сағатта шығарады, бұл тестілеу жүргізетін зертхана үшін міндетті талап. Пациент тест қорытындысын ұзақ күтпеуі керек. Зертханалар жұмысы тест қорытындысын ары кеткенде 6-8 сағатта беруді ұйымдастыруы қажет.
– Меніңше, 6-8 сағат та ұзақ. Жалпы, ПТР-тестілеуді жедел атқаратын әдіс пен диагностикалық тест түрі бар ма? Алдағы уақытта қандай да бір диагностикалық әдістер қолдану жоспарда бар ма?
– ПТР-тестілеуді жедел атқаратын әдіс бар. АҚШ-тың FDA ұйымы (Азық-түлік өнімдері мен медикаменттерді қадағалау басқармасы) сәуір айында коронавирус инфекциясын 45 минутта анықтайтын тест түрін бекітті. Бұл тест түрін Калифорниядағы Cepheid компаниясы жасаған. Аталған тест жүйесімен жұмыс істеу үшін арнайы дайындықтың қажеті жоқ – тест нәтижесін өңдеу үшін Cepheid GeneXpert жүйесіне кірсе болғаны.
Көптеген елдің тәжірибесі бойынша, өндіру көлемі шектеулі болғандықтан, бұл тест түрі коронавирус жұқтырды деген күдікпен жедел түрде ауруханаға жатқызуды қажет ететін ауыр науқастарға ғана қолданылады. Ал біздің елде Cepheid GeneXpert жүйелерімен фтизиопульмонология және туберкулезге қарсы диспансерлердің зертханалары (кейбір алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерін қоса) қамтамасыз етілген.
Қазіргі уақытта инфекциялық және уақытша ауруханалар осы мәліметтер базасында орналастырылғанын ескере отырып, осы сынақты біздің зертханаларда өткізуді ұсынамын және ол мүмкін деп санаймын. Себебі GeneXpert тестінің Қазақстанда тіркелгені туралы куәлігі бар.
Сонымен қатар біз бүгінгі таңда ПТР-тестін қысқа мерзімде орындаудың жаңа әдісін қарастырып жатырмыз. Бас санитарлық дәрігердің қаулысы мен емдеу хаттамасы бойынша ПТР-тестілеудің мамандандырылған тәсілі болып қала бермек. Бірақ әлеуметтік желілерде пневмония этиологиясына қатысты көптеген сұрақ туындағандықтан, сала министрлігінің бастамасымен пневмонияның беймәлім этиологиясына қатысты зерттеу жүріп жатыр. Пневмонияны диагностикалау кезінде қақырық сараптамасы жоғары нәтиже береді және ол дәлелденген тәсіл. Сондықтан қазіргі уақытта қақырықты зерттеу енгізіліп жатыр. Себебі вирус тыныс алу жолында ұзақ уақыт тұрмайды және пневмония туғызып төменгі тыныс алу жолына көшеді.
Сонымен бірге зертханалық диагностиканың қосымша әдісі ретінде вирусқа қарсы антителаны анықтау да енгізілмек.
Коронавирус инфекциясымен әлем халқы алғаш рет бетпе-бет келді. ПТР- тестерді өндіру жыл басында ғана қолға алынды. Пандемияның төрт айынан бері тест өндірісі жетіле түсті, вирусты жедел анықтайтын тест түрлерінің енгізіле бастауы – соның мысалы. Себебі коронавирусты жедел анықтаудың маңызы өте зор болып отыр.