Статистика сөйлесін
«Алматы – 2020 даму бағдарламасының» орындалу барысы туралы есепке (2019 жыл бойынша аналитикалық талдауы) назар аударсаңыз, «Қоғамдық қауіпсіздік және құқықтық тәртіп» деп аталатын екінші бағыт бойынша 4 нысаналы индикатордың үшеуінің орындалмағанына куә боласыз. Мысалы, 2019 жылы көшеде жасалатын қылмыстардың үлесін 32,0 пайызға төмендету жоспары орындалмаған. Іс жүзінде қылмыстың бұл түрі жалпы қылмыс атаулының 40,9 пайызын құраған. Қоғамдық орындарда – 32 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелген, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 3 пайызға көп. Аталған қылмыстың 22 мыңға жуығы көшелерде болыпты. Бұл 2018 жылға қарағанда 10,4 пайызға артық. Жол-көлік апатынан қаза тапқандар санының 100 жапа шеккенге шаққанда төмендеуі 2,9 пайызды құрады, ал жоспар 2,4 пайызға түсіру көзделген екен, яғни индикаторға қол жеткізілмеген.Полицияны шақырғанына пұшайман болды
Ал әлеуметтік желі қолданушысы Әсет Аймұхамбетов Алматы арена стадионында жаппай төбелестің куәсі болып, полиция шақырады. Себебі сол төбелестің салдарынан спортшы балалар мен олардың ата-аналары, жаттықтырушылары мінген автобустың жолы бөгелген. Бұзақыларды жөнге салады деп полиция шақырған Әсеттің өз басы дауға қала жаздапты. Себебі полиция төбелес тараған соң ғана келген. Сөйтіп, Әсетке «жалған қоңырау шалғаның үшін» түсініктеме бересің деген. Өздерінің 40 минуттан кейін ғана жеткенінде шаруалары болмаған. Алматылықтар түнгі тыныштықтың бұзылуына қатысты көп шағымданады екен. Қала әкімінің блогына жазған шағымдар мен өтініштерден де осы тақырыпты кездестірмеу мүмкін емес. Мысалы, Алматы тұрғыны Вадим Мишаков көпқабатты үйде тұрады, пәтерінің балконы астындағы жекеменшік үйдің иті түні бойы үріп шығады екен. «Ит иесіне көршілеріммен бірге бірнеше рет ескерту жасағанымызбен, нәтиже шықпады. Ал ол иттің түнде үруі Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 437-бабын бұзу болып саналады. Аудандық полиция бөлімшесіне жазған шағымдарымыздың ізін таппай қаламыз. Учаскелік полицей бір рет қана келіп кетті, оның келгенінен де ештеңе өзгермеді» деген қала тұрғыны қала әкімінен көмек сұрауға мәжбүр болған. Алайда олар әкімшілік те, полиция да шағымымызға құлақ асар емес деп налиды.Карантин талабы қайда?
Полициядан күдер үзген алматылықтар қала әкіміне хат жолдауды жөн көрген. Қала басшысының блогына хат жолдаған Валентин Кувычко 9 шілде күні Төле би мен Б.Момышұлы көшелерінің қиылысында орналасқан «Алмалы» мейрамханасында болып жатқан сауық-сайранды әшкерелеп беріпті. Ол түнгі сағат 23.16-да тұтас үйдің тұрғындарының тынышын бұзған мейрамханадағы той-томалақты бейнежазбаға түсіріп алып, дәлел ретінде әкім блогына жүктеген. Ал елімізде 5 шілдеден бастап екі аптаға күшейтілген карантин режимі енгізілді, күні кеше бұл режим 2 тамызға дейін ұзартылды. Карантин талабына сәйкес, ойын-сауық, отбасылық, еске алу шараларын өткізуге тыйым салынды Яғни, карантин талаптарының орындалуын Алматы полициясы да, әкімшілгі де қадағалауға қауқарсыз секілді.Баланы зорлау тыйылар емес
Күні кеше, нақтылысақ 11 шілдеде Алматыда Екібастұздан келген 1989 жылы туған Ш. есімді азамат Покровская көшесінде орналасқан үйлердің біріне кіріп, 15 жастағы қызды зорлап, пышақпен қорқытып, сол үйдегі 17 мың долларды ұрлап кетті. Әрине, кейін Түрксіб аудандық Полиция басқармасы қаскөйді ұстап, қылмыстық іс қозғады. Бірақ полиция ұры-қарыны қылмыстан кейін емес, қылмыстың алдын алса, пайдасы көбірек болар еді. Алматының бас полицейі жақында берген сұхбатында «...көбі әлеуметтік желіде қаланы ашқан соң басқа өңірлерден келіп, жаппай ұрлық жасап, тонау, адам өлтіру оқиғалары болатынын жазып жатыр. Олай болмайтынына сенімдімін. Біз қандай жерде және не болып жатқанын білеміз» деген екен. Бірақ Екібастұздан келген қылмыскердің ісі алматылық полицейдің сөзін жоққа шығарғандай.Әкімдік тып-тыныш
Карантин барысында блок-бекеттер қойылып, жұрттың еркін жүріп-тұруына шектеулер қойылғаны белгілі. Алайда сәуір айында үйлену тойды атап өткісі келген кортеж аталған бекеттерден өтіп кеткен. Олардың арасында Алматы Криминалды полициясы басқармасының басшысы Жанболат Зиадин де болған. Кейін ол жұмысынан қуылды. Ал 25 мамыр күні Алматыда блок-бекетте күзетте тұрған полиция көлігін мас жүргізуші өз көлігімен соқты. Көлікте болған қос полицей көз жұмды. Оларға соқтығысқан әрі араққа сылқия тойған азамат та экс-полицей болғаны кейін мәлім болды. Ішкі істер саласы үшін үлкен кемшілік. Алайда аталған оқиғалардың барлығы Алматы қаласының аумағында болды. Осыған қарамай қала басшылығы тәртіпті қатаңдату, полицейлердің өзін тәртіпке салу туралы ләм-мим демеді.Өзің диуанасың, кімге пір боласың?
Қалада қылмыспен күресуге полицей саны жетпейтіні жиі айтылады. Сөйтсек, алматылық полицейлердің қолы «аса маңызды» мәселеден босамай жатыр екен. Иә, олар дәл қазіргі уақытта Кентал есімімен танылған әншінің соңына түскен. Әлқисса, алматылық полицейлер әлеуметтік желілерді бақылау кезінде осыдан 4 жыл бұрын жарияланған бейнекадрға тап болыпты. Ол бейзенжазбада полиция қызметкері бейнесіндегі ер адам: «Бәріңе сәлем, достар! Кім күйзеліске душар болса, жүрегі ауырса, жұмыста, отбасында қиындықтар туындаған болса, біреуді несие қинаса. Уайымдамаңыз. Бәрібір бәріміз де өлеміз» депті. Ол әнші және актер Талғат Кенжеболатов (Кентал) болып шыққан. Алматы полициясы Т.Кенжеболатовтың іс-әрекетіне қатысты жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша құқықтық баға беріледі, Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуына және қайғылы оқиғаларға байланысты қалыптасқан жағдай аясында мұндай үндеулер, тіпті әзіл үшін болса да, әсіресе полиция формасын қолданғаны орынсыз деп «жаңалық» ашып отыр. Ол аздай, арнайы батальон қызметкерлері әншіге ештеңе түсіндірместен, учаскеге алып кеткен. Ал әнші бұл вайн осыдан 4 жыл бұрын түсірілгенін айтып әлек. Ендеше 4 жыл бұрынғы бейнежазбаны коронавируспен байланыстырудың қандай қисыны бар? Полиция абыройын ойласа, неге 4 жыл бұрын құқықтық баға бермеген? Ең қызығы, әнші Кентал өзіне қысым жасаған полицейдердің бірі әлгі тырдай жалаңаш болып жастықпен суретке түсіп, флешмобқа қатысқан Берік Әбілбеков екенін жазды. Мұндайда «Өзің диуанасың, кімге пір боласың?» деген қазақтың сөзі еске түседі.Тұрғындар неге наразы?
Алматылықтар қаладағы полицейлер жұмысына аса разы емес. Мысалы, кеше ғана «Ангел» бала қауіпсіздігі орталығының жетекшісі Зарина Жұмағұлова Facebook-тегі парақшасында полицейлердің жауапсыздығы туралы жазба жариялады. Ол түн тыныштығын бұзғандардың үстінен шағымдану үшін «102» нөмірін терген, алайда оның қоңырауы төтенше жағдай қызметіне, яғни «112-ге» жіберілген, төтенше жағдай қызметі «102» нөміріне кері бағыттаған. Ал «102» нөмірінде ешкім жауап бермеген. Осылай «102» мен «112» нөмірінің арасында сабылып қалған. Үшінші рет телефон шалып, «Төтенше жағдай қызметіне неге қосасыз?» деген сұрағына, «Себебі сіздің телефоныңыз Қытайда жасалған» деген жауап алған. Телефон маркісіне қарап, қоңырау қабылдайтын қызметті алғаш естуіміз. Ең қызығы, жазба астына пікір қалдырғандар да осындай жағдайға тап болғанын айтыпты. Яғни, мұндай жайттар Алматыда жиі қайталанатын болып тұр ғой. Батыс елдерінде қала мэрлігіне кандидат болған кез келген азамат қала қауіпсіздігіне ерекше назар аударады, тіпті бөлек бағдарлама стратегия жариялайды. Бүгінде Алматы әлемдік деңгейдегі мегаполиске айналғанын ешкім жоққа шығара алмас. Алайда әсем қалада жоғарыда айтылған қылмыс түрі мен санының азаймай тұрғаны қынжылтады. Шаһардың тыныш ғұмырына жауапты Алматы әкімдігі мен Полиция департаменті қайда қарап отырғаны белгісіз.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ