Мораторий уақыты – үш жыл
Мораторий уақыты – үш жыл
268
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ысырапшылдыққа жол бермеу қажет екенін, бөлінген қаражат елдің мүддесіне қызмет ету керегін 24 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан болатын. Президент қымбат көліктер сатып алуға және түрлі форумдар өткізуге мораторий жариялауды ұсынды. «Қымбат көлік пен жиһаз са­тып алу, түрлі форумдар, семинар­лар мен конференциялар өткізу шы­ғыстарына ұзақмерзімді мора­торий жариялауды ұсынамын. Шаралар нақты тәжірибелік және идеологиялық пайда әкелуі тиіс», – деді Тоқаев. Сол күннен бастап бюджет сара­ланып, нақты шешім қабылдағанша бірнеше мемлекеттік мекемелер жанталаса тендер жариялап, керек асай-мүсейін ала бастады. Оған сатып алуға кейінгі айлардағы беріл­ген тапсырыстарға қарай отырып, сіз бен біз де куә боламыз.  

Жиһазға тапсырыс

Аламаты қаласы әкімдігінің аппараты 1 658 035 теңгеге жиһаз са­тып алмақ. Оның ішінде басшылыққа арналған әр данасы 400 178 теңгелік төрт, кеңсеге арналған 437,5 мың теңгеге бағаланған орындық бар. Ал­маты қаласының Цифрлық даму басқармасы басшылық және қыз­меткерлер құрамы үшін 1 миллион теңгеге жуық ақшаға 7 шілдеде 26 кресло мен 16 орындыққа тен­дер жария­лаған болса, басқарма бас­шы­сы 53 571 теңге тұратын әмбебап креслода отырмақ. Ал Алатау аудандық әкімдігі болса, халық санағы үшін 312 мың теңгеге 10 сөре мен 178,5 мың теңгеге 20 орындық, 214 мың теңге жұмсап, 10 үстел алмақшы. Әуезов ауданы әкімдігінің ап­параты әр данасы 6 928 теңге тұратын 257 кеңсе орындығын жалпы 1 780 642 тең­геге сатып алса, Алмалы ау­даны әкі­мінің аппараты 23 мың теңгелік шкаф­ты місе тұтқан. Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті 2,5 миллион теңгеге жиһаз алмақ болған екен, бірақ ұсыныс түспей, тендер өтпей қалды. Нұр-Сұлтан қаласы сот әкім­шілігі 960 мың теңгеге 13-28 шілде аралығында 11 үстелге тапсырыс берген болса, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 120 мың теңгеге екі шкаф сатып ал­ған. Жоғарғы сот жанындағы соттар­дың қызметін қамтамасыз ету депар­таменті болса, асханаға арнап 1,6 миллион теңгеге 13 кресло мен бір диванға тапсырыс берген.  

Біреулерге көлік керек

Алматы облысы Іле ауданының құрылыс бөлімі 8,35 миллион теңгеге D сыныбтағы, жеңіл көлік сатып алды. Ал Текелідегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі 7 миллион теңгеге Hyundai Trans Kazakhstan ЖШС-дан автокөлік са­тып алған. Аягөз қаласының әкімдігі де 10,5 миллион теңгелік көлікті мінді. Атырау облысына қарасты Мия­лы ауылдық округі В сыныбындағы жеңіл көлікті 5,65 миллион теңгеге сатып алуға өтініш берген болса, аудан әкімдігі 4,5 миллион теңгеге жол талғамайтын көлікке тапсырыс берген. Олардан қалмаймыз деді ме, Қызылқоға ауданына қарасты Жангелді аулының әкімі мен Сағыз ауылының әкімі де жол талғамайтын көлікті тізгіндегісі келген екен.  

3 жылға шектеу қойылды

2020 жылдың 7 шілдесінен бас­тап мемлекеттік органдарға көлік пен жиһаз сатып алуына 3 жылға шектеу қойылды. Мораторий ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік субъектілерге де қатысты. Енді бюд­жет есебіндегі экономикалық шы­ғыстар параметріне сәйкес, жеңіл, арнайы және жедел қызметтегі транс­порттарға ақша шығындалмауы тиіс. Үнемдеудің арқасында биыл 532,8 млрд теңге қазынада қалған. Қаржының бір бөлігі коронавируспен күреске, ал тағы бір бөлігі бизнес пен азаматтарды қолдауға жұмсалған.  

Павлодарлықтар алғашқы болып бас тартты

Павлодар қаласы әкімінің аппараты блок-бекеттер үшін 7 шілде күні жалпы бағасы 332 277 теңгеге 30 орындыққа тендер жариялаған еді. Дегенмен Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз хатшылығы «Бұл лот төтенше жағдай кезінде қойылды, яғни ол уақытта мораторий жарияланбаған болатын. Кейін тағы да қойылды. Бұл жолы да сатып алын­­бады. Біз бұл лотты қайтарып ала­мыз. Енді Павлодар қаласының әкім­дігі мараторий аяқталғанша жиһаз бен автокөлік сатып алмайды», – дейді.  

Өткенге шолу

Иә, бұл мараторий жариялан­ғанға дейін шенділер бюджет ақ­ша­сын оңды-солды жұмсаған болатын. Мысалы, 2018 жылы Атырау қала­сының әкімдігі 58 миллион теңгеге жиһазымен қоса 5 бөлмелі тұрғын үй сатып алған. Ал Өскеменде екі элиталық тұрғын үй нысанына 82 милллион теңге жұмсалды. Павлодар қаласының әкімдігі жалпы бағасы 226 миллион 500 мың теңгеге алты қызметтік пәтер сатып алған. Жұрт­шылық бұған наразылық біл­діріп, әлеуметтік желілерде қызу тал­қы­лады. Себебі пәтерлер астында га­ражы бар, бөлмелері кең, заманауи жоба­мен коммерциялық мақсатта салын­ған шетінен элиталық үйлер­ден таңдалған. Батыс Қазақстан об­лысының Ақсай қаласында аудан әкімінің зәулім сарайын жөндеуге бюджеттен 24 миллион теңге бө­лінген. Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімі кең паркингі бар, аумағы 180 шаршы метр баспананы 35 миллион теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Көлікке қызыққандар да бар. Айта кетсек, Тойота Лэнд Крузер 200-дің екі данасын Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігіне қарасты «Қазавтожол» сатып алған. Әрбіреуінің бағасы 27 миллион теңгеден жоғары. Сонымен қатар 2017 жылы Ақмола облысының әкімдігі Mercedes-Benz E400 көлігін алуға 23,7 миллион теңге жұмсаған. Иә, енді қымбат көлік пен жи­һаз сатып алуға үш жылға мора­торий жарияланды. Олай болса, ше­неуніктер өзара көлік алып жарысуды қояды, мақтанышпен жиһаз жаңарта бермейді. Осы ар­қылы миллиардтаған теңге үнем­деледі деген сенімдеміз.  

АдебиетӘдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ