Пандемия ішкі туризмге қалай әсер етті?
Пандемия ішкі туризмге қалай әсер етті?
413
оқылды
 

Денсаулық керек пе, демалыс па?

Біз Қазақстан Туристік қауымдастығының директоры Рашида Шайкеноваға хабарласқан едік. «Айтарға сөз жоқ, туризм саласы тұралап қалды. Туризм нарығы мүлдем жұмыс істемей тұр» деп өкінішін білдірді. Сала маманының алаңдаушылығы орынды. Шындап келгенде, жыл басында отандық туроператорлар жазғы маусымды әрі үлкен үмітпен, әрі үрей-қорқынышпен күткен еді. Болмаса соңғы екі жылда ішкі туризм жақсы дами бастаған еді. Өз елімізде демалушылар саны 5,8 - 6,6 млн адамға дейін артты. Сөзсіз, табыс көлемі де айтарлықтай арта түсті. Бірақ әлемдік пандемия тек қазақстандық туристік кластерге ғана емес, ел экономикасының айтарлықтай бөлігі осы салаға тәуелді Түркия, Мысыр, Қытай мен Еуропаның бірқатар елдеріне үлкен соққы болды. Соған қарамастан, елімізге шетелдік туристерді тарту ба­ғытында да оңтайлы бастамалар көтеріліп жатыр. Мәселен, Мә­дениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің бастамасымен әр шетелдік туристке кеткен туроператорлардың шығы­нын субсидиялау ұсынылды. Оған сәйкес, 2025 жылға қарай Қазақстанға 3 млн шетелдік турист келеді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ туристік обьектілерді қайта жөндеуде көрсетілетін мемлекет қолдауы бұл салаға тың серпін беріп, ішкі туристер санын 8 миллионға дейін жеткізуі керек. Туризм менеджері Қымбат Теміргаухованың айтуынша, 2019 жыл сыртқы туризм үшін өте табысты болды. Қазақстандықтар жиі таңдайтын бағыттар – Түркия, Мысыр, Біріккен Араб әмірліктері, Грузия, Еуропа елдері, оның ішінде Испания, Италияға сұраныс артқан еді. Отандық туристер тек теңіз туризмін ғана емес, экскурсиялық бағыттағы турларды да құп көреді екен. Бірақ биыл бұл салада табыстан гөрі, шығын көп. – Пандемияға байланысты шетелдік бағыттарға шектеу қойыл­ған. Екінші карантин, яғни локдаун енгізілгелі бері аза­маттар алдын ала брон жасалған рейстерден бас тартты. Болмаса жаз басталғалы шетелдік бағыттар бойынша Түркия, Қытай, БАӘ, Мысыр елдері қайта ашылады деп жоспарланған еді, – дей келе, Қымбат Теміргаухова: «Сон­дықтан Қазақстанның ішкі туризміне сұраныс артты. Өткен жылдармен салыстырғанда, сұраныс әлдеқайда жоғары», – деп ойын түйіндейді. Маманның айтуынша, еліміз бойынша ең үлкен сұранысқа ие бағыттардың бірі – суы шипалы Алакөл. Дәстүр бойынша, алматылықтар көбіне Алакөлге, астаналықтар Бурабайға барады. Турдың бағасы демалыс обьектісінің орналасқан жеріне, көрсетілетін қызмет түрлеріне, қанша жұлдызды қонақүйлер барына байланысты. Сала мама­нының айтуынша, Алакөлде жоғары сапалы қонақүйлер бар­шылық. Олардың бағасы турба­залармен салыстырғанда әлдеқайда қымбат. Орташа есеппен алғанда, үш күнге адам басына турпакет  25 000 теңгеден басталады. Үш күн дегеніміз – демалыс күндерге арналған арнайы турлар. Бұл бағаға теміржол билеттері де кіреді екен. – Қазақстан бойынша жаңа туристік обьектілердің ашылып жатқаны да қуантады. Мәселен, Ақтауда, Каспий жағасында заманауи бес жұлдызды қонақүйдің ашылуы аймақтағы туристік саланы бір серпілтті. Жарнамасы жақсы. Қызмет көрсету сапасы жоғары. Тек бағасы өте қымбат. Десе де, ақ­тау­лықтар үшін бұл жақсы жоба, – дейді туризм саласының маманы.  Сондай-ақ ол отандық туристердің Алакөл, Балқаш, Бурабай, Қапшағай, Каспий жағалауында демалғанды жөн көретінін алға тарт­ты. Теңіз туризмінің да­мы­ғаны жақсы-ақ, екінші жағы­нан, локдаунға байланысты меди­­циналық туризмнің тұра­лап қал­­ғаны байқалады. Бірақ пан­демияға байланысты эко­туризм­нің оңтайлы дамып жат­қаны құптарлық. Әлеуметтік дис­тан­цияны сақтау, маска тағу, оқ­шаулану сияқты қауіпсіздік шара­лары экотуристердің санын тек Қазақстан бойынша емес, әлем бойын­ша арттырып жатыр. Мәселен, 2019 жылғы статисти­калық мәліметтерге сенсек, жал­пы туристердің 30 пайызы экологиялық туризмді таңдайды екен. Соған сәй­кес, әлемдік туризм нарығының 25 пайызы осы салаға тиесілі боп тұр.     

Шетелдік туристер не дейді?

Ресей азаматы Ольга Богданова осыдан 3 жыл бұрын ең алғаш Қазақстанға табан тіреген. Қазір жұмыс бабымен Нұр-Сұлтан қала­сында тұрып жатқан отбасы еліміздің көрікті жерлеріне саяхат­тағанды ұнатады. – Карантин жарияланып, қиын жағдайға тап болдық. Жоспар бойынша, биыл жазғы демалысымызды Ресейде өткізіп, туған-туыспен қауышамыз де­ген ой бар еді. Бірақ жағдай өз­геріп, Қазақстан аумағында жаз­ғы де­малысымызды өткізіп жатырмыз, – деп сөзін бастаған Ольга Богданова: –Біз Бурабайда демалғанды ұнатамыз. Бірақ биыл көптеген қолжетімді қонақүйлер жабық екен, ал ондағы жалғыз бес жұлдызды қонақүй сұраныстың артуына байланысты бағасын да шарықтатып жіберіпті. Соған қарамастан, жолдасымның кезекті еңбек демалысын теңіз жағасында өткізуді жөн көрдік, – дейді. Ресей азаматының айтуынша, олар отбасымен биыл жарнамасы жақсы жүріп жатқан Ақтау қала­сында, Каспий жағасында демалуға бел буыпты. – Ақтау әуежайында бізді таксистер күтіп алып, қалаға дейін жеткізу қызметі үшін көп ақша сұрады. Жергілікті ресми такси қызметтеріне хабарласу мүмкін болмады. Сөйтіп, қо­нақүйге дейін 3 000 теңгеге келістік. Жаңа бес жұлдызды қонақүйдің апартаментін біз алдын ала жалдадық. 4 күнге 142 000 теңге төледік. Бірақ бұл соған тұрарлық сапар болды! Біздің қонақүй теңіз жағасында орналасқан екен. Теңіздің суы мөп-мөлдір, құмы жұмсақ. Судың температурасы шомылуға жайлы. Бір ұнағаны, теңіз суы қатты тұзды емес екен. Ақтаудағы жағажай туризмі, қызмет көрсету сапасы басқа танымал шипажайлармен салыстырғанда төмендеу екен. Бірақ екінші жағынан, туристердің аздығы жағажайда түске дейін оқшау демалуға мүмкіндік береді, – дейді Ольга Богданова. Шетелдік туристерді таңғал­дырған бір мәселе – маска тағу режимі мен санитарлық сақтық жүйесінің тек әуежай мен қонақүйде ғана сақталып отырғаны. Ресей азаматының айтуынша, бірде-бір жергілікті тұрғын маска тағып жүрмеген. Болмаса туристердің өздері карантиндік талаптардың сақталуы үшін өздерімен бірге маска, қолғап, антисептиктерді көптеп алып барған. Өкінішке қарай, америкалық Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, күні кеше ғана Қазақстан коронавирус індетіне шалдыққан азаматтардың саны бойынша алдыңғы отыз елдің қатарына кірді. Сондықтан маска тағу, әлеуметтік оқшаулану, санитарлық-гигиеналық талап­тарды орындау мәселесі ішкі туризмнің жай-күйіне де әсер етпей қоймайды. Саланың кері не ілгері кеткен тұстары күзде белгілі болмақ.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ