Коронавирустың кесірінен өкпе қабынып жатыр – маман
Коронавирустың кесірінен өкпе қабынып жатыр – маман
Фото: Интернеттен алынды
236
оқылды
Қазақстанда пневмония диагнозы қойылған адам көбейді. Енді өкпесі қабынған науқастар коронавирус жұқтырғандардың қатарына қосылады. Осылайша, елімізде 1 тамыздан бастап жаңа статистика жүргізіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялылық пен өзара сенім болғанда ғана бұл індетті тезірек жеңетінімізді айтты.
   –Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр. Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуі тиіс, – деді Президент.
Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 68 мыңнан асты. Отандық мамандар пневмония мен коронавирустың статистикасын біріктіру тиімді екенін айтады. Өйткені қазір анықталып жатқан өкпе ауруында өзгешелік бар. Сондықтан бұл сырқат коронавирус инфекциясы арқылы пайда болып жатыр деуге болады. Профилактикалық медицина өкілі, профессор Ерболат Дәленов қазір науқастардың 50 пайыздан астамы пневмонияға шалдыққанын айтады.
–10 күн бұрын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанға коронавирус пен пневмония статистикасын біріктіру туралы ұсыныс айтқан болатын. Біздің ел алғашында келіспеген еді. Алайда елдегі жағдайды ескере отырып, статистиканы біріздендіру туралы шешім қабылдады. Бұл жаңалыққа қуанып жатырмыз. Өйткені қазіргі жағдайда өкпенің қабынуы коронавирустың салдарынан пайда болып жатыр, бұрынғыларына ұқсамайды. Инфекция мұрын, ауыз арқылы ішке енеді. Ары қарай өкпе қантамырларына тарап, бактериялар қозып, қабыну пайда болып жатыр. Енді жаңа жүйе бойынша емдеу жоспарын дұрыс жасайтын боламыз. Осы арқылы науқастарға тиісті ем жүргізіп, еліміздегі өлім-жітімге тосқауыл қойсақ деген үмітіміз бар, – дейді маман.