Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бейбіт күнде ерлік танытып, бойжеткенді құтқарып алған Азат Көшербаев пен Михаил Чижикті марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Суға кетіп қала жаздаған бойжеткенді құтқарғаны үшін Ішкі істер министрі екі жігітті «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапаттады.
Бейбіт күннің батырларына медальды Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің бастығы табыстады.
«Ерлік танытқандарыңыз үшін рахмет! Сіздерге құрметке лайық әрекет жасадыңыздар! Ең бастысы сіздер адам өмірін құтқарып қалдыңыздар», - деді Ержан Сәденов.
Марапатталғандар өз кезегінде бұл қадамға ойлы түрде барғандарын, уақыт өткізбеу керектігін түсінгендерін айтты.
«Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД құтқарушылары Қайрат Жүсіпов пен Жігер Темірәліұлы марапатталды.
Еске сала кетсек, 17 шілде күні кешқұрым елордада көпірден секіріп кеткен бойжеткен құтқарылған болатын. Азат пен Михаил есімді жігіт суға секірген бойжеткенді құтқарып алған еді.