Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аудандық білім бөлімдері, облыстық, қалалық білім басқармалары басшыларын тағайындау және жұмыстан босату ережелерін өзгерту керектігін айтты.
«Әзірге бізге білім бөлімдерін облыстық басқармаларға беруді дұрыс ұйымдастыру, тиімді конфигурация мен олардың өзара іс-қимыл жүйесін ретке келтіру қажет. Біз облыстық басқармалар мен қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшыларын тағайындау барысында Білім және ғылым министрлігімен келісу бойынша нормаларды енгізуге бастама жасадық. Сондай-ақ лауазымды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын да қалыптастырамыз. Білім бөлімдері мен басқармаларының басшысы қызметіне білім саласында тәжірибесі бар және құзыреті жеткілікті адамдар тағайындалатындай етуіміз керек. Соңғы жылдары бұл лауазымдарға білім саласына қатысы жоқ адамдарды тағайындау фактілері жиі кездесті, оған жол бермеуіміз керек», - деп жазды министр Facebook парақшасында.
Асхат Аймағамбетов өз жазбасында бірыңғай біліктілік талаптарын қалыптастыру және қалалық білім басқармалары мен аудандық білім бөлімдерінің басшылығына тәжірибелі мамандарды тарту, директорларды тағайындау жүйесін өзгерту, оларды аттестаттау және ротациялау институтын енгізу, дербестендірілген және жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне ауыстыру, басқару жүйесін өзгерту және білім беру бөлімдерін мектептер мен балабақшаларымен қоса облыстық деңгейге беру жұмыстары жүргізілетінін айтты.