Той өткізген мекеменің жұмысы тоқтатылды
Той өткізген мекеменің жұмысы тоқтатылды
фото: ашық дереккөз
268
оқылды
Алматыда карантин кезеңінде той, банкет ұйымдастырушылар қатары азаймай тұр. Мониторингтік тексеру барысында олардың бірқатары анықталып, той өткізгені үшін мекеме жұмысы бір жарым айға тоқтатылды. Қаланың Түрксіб ауданында да коронавирустық инфекцияның алдын алу және болдырмау мақсатында қатаң шектеу шаралары қолға алынған. Шектеу шараларын, бетперде режимін және әлеуметтік қашықтық сақтау бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Түсіндіру жұмыстарына ақпараттық тақтайшаларды орналастыру, аудан әкімдігі өкілдерінің, аудандық СЭС, аудандық полиция басқармасы қызметкерлерінің және волонтерлар штабының қатысуымен мониторингтік-түсіндіру топтарының қызмет етуі кіреді. Тек 5 шілдеден бастап 646 объект тексерілді. 131 нысаннан санитарлық нормалардың бұзылуы және жұмыс режимін шектеу шаралары анықталды. Нысандарға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. «Нысандарды бақылау бойынша шаралар күн сайын жүргізіледі. Қазіргі уақытта 131 нысан тәртіп бұзушылықтар толық жойылғанша өз қызметтерін тоқтатты. Мониторингтік топтар тексергеннен кейін ғана бұл нысандар жұмыстарын қалпына келтіре алады», – деді Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов. Сонымен бірге, мониторингтік топтың Түрксіб ауданындағы сотқа берген өтініші бойынша Dostluk мейрамханасының қызметі тоқтатылды. Онда карантин режимі кезінде 100 адамға арналған банкет өткізілген. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес жеке кәсіпкерге 277 800 тг көлемінде мемлекет кірісіне айыппұл салынды және қызметі 1,5 айға (45 күнге) тоқтатылды.