Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша COVID-19-ды емдеуге қажет препараттардың тұрақтылық қорын құру үшін бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінгені белгілі. Қала әкімдігі фармацевтік компанияларды қаржыландыруда, яғни дәрі-дәрмектер сатып алу үшін оларға пайызсыз несиелер берілуде.
Бүгін Алматы әуежайына келіп түскен жүкті «Іңкәр» компаниясы сатып алған. Жалпы салмағы – 33 тонна. Жаңадан жеткізілген партияда 312 мың қаптама дексаметазон, 105 мың преднизолон, 5 мың цилитаз, 122 мың цефтирол (цефтриаксон), 10 мың зитрозет (азитромицин сиробы), 57 мың фепадол (таблеткадағы парацетамол), 50 мың аксафлокс (офлоксацин), 5 мың хумоксибид (моксифлоксацин), 10 мың осельтамивир және басқа да препараттар бар.
Қажет дәрілерді қамтамасыз ететін дәріханалар желісі 105-тен 330 дәріханаға дейін көбейді. Бұдан өзге, керек дәрі-дәрмектер ковидтен емдейтін госпитальдерге де таратылуда. Айтар болсақ, инфекциялық және провизорлық орталықтарға резервтегі қордан 13 шілдеден бастап 70 мыңнан астам қаптама жеткізілді. Олардың ішінде дексаметазон, цефтриаксон, азитромицин, эноксапарин, офлофлоксацин, меропенем, клексан және парацетамол бар.
Айдың соңына дейін дәрі-дәрмек тиеген тағы үш ұшақ келеді деп күтілуде. Жеткізушілердің айтуынша, ковидке қарсы дәрі-дәрмектердің негізгі позициясы бойынша қажетті препараттар қоры жасалды. Олардың барлығы қала дәріханаларына еш іркіліссіз бөлінуде.