Зейнетақы қорындағы салымның 10%-ын алуға рұқсат беру ұсынылды
Зейнетақы қорындағы салымның 10%-ын алуға рұқсат беру ұсынылды
310
оқылды
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жанындағы Қоғамдық кеңес елдегі экономикалық жағдайға байланысты салымшыларға зейнетақы жинағының 10%-ын алуға рұқсат беруді ұсынды.  Бұл туралы Қоғамдық кеңестің басшысы Евгений Сейпульник Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Қазіргі жағдай кәрілікке қажетті жинаққа деген көзқарасты өзгертуге және оған азаматтардың қаржылық проблемасын шешуге көмектесудің бір жолы деп қарауға түрткі болып отыр. Басқаша айтқанда, мен зейнетке шықпай тұрып, салымшылардың 10% мөлшеріндегі ақшасын кәдеге жаратуды ұсынамын", - деп жазды ол.
Оның айтуынша, әр салымшының өз жинағының 10%ын мерзімінен бұрын алуынан кейін мынадай жағдай орын алады:
  • шоғырландырылған жинақ 1.7 триллион теңгеге азаяды;
  • орташа төлем әр салымшыға 42500 теңгеден 100 000 теңгеге дейін ұлғаюы мүмкін;
  • салымшылардың Қор мен Ұлттық банк қызметіне сенімі артады;
  • қордың жұмысы жаңа деңгейге шығады.
"Әр салымшыға жинақтың 10%-ін төлеу міндет емес, оның құқығы ретінде қарастырылуы тиіс. Алайда бұл тәсіл біреудің өмірін құтқаруы мүмкін", - дейді ол.
Сондай-ақ, Сейпульник аталған төлемді заңнамалық түрде бекітуге болады деп санайды. Әр салымшы шотындағы жинағының мөлшеріне қарамастан ақшаны мерзімінен бұрын бір рет шешіп алуға құқылы болады. Қоғамдық кеңестің бастамасы көпшіліктің қолдауына ие болса, ұсыныс Президентке жолданбақ.