Елімізде саумал мен қымызға сұраныс артқан. Әсіресе, «коронавирустан сақтану үшін иммунитетті көтеру керек» деген қазақстандықтар пайдалануда. Тіпті еңбектеген баладдан бастап, еңкейген қарияға дейін қымыз бен саумалдың кезегінде тұр.
Амангелді Теміров, бие байлаушы: - Он күн ішетіндер бар, 15 күн ішетіндер бар. Бір үлкен кісі бар. Онкологиялық ауруханада жатыр. Ол кісінің саумал ішіп жатқанына бір жарым ай болды. Күнде таңертең немересі келіп, алып кетеді саумалын.
Алты баланың әкесі ата кәсіппен 10 жыл бойы айналысып келеді. Иелігіндегі қос биесін таңғы жетіден бастап, әр екі сағат сайын сауады. Амангелді Теміров саумалға ерекше сұраныс артқанын айтады. Ал артылған өнімнен қымыз дайындалады. "Бастысы, күбіңізді сайлап, яғни майлап алған жөн. Қымыз бен саумалдың таптырмас өнімге айналғанына біз де куә болдық. Нарықта табиғи өнім қымбат. Барының құны шарықтап кеткен. Күніне 20-30 литр сатылып кетеді. Бұрын олай өтпейтін. Адамдар сол арқылы емделіп жатыр ғой" деді ол.
Биыл елімізде 400 тоннадан аса қымыз өндірілді. Сұраныс бар, демек, жыл соңына дейін көрсеткіш еселенері хақ.