Судың қадірін аптап ыстықта білесің. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде күн күйіп тұр. Аптап ыстық жер апшысын қуырған сайын жан мен жануардың суды тұтынуы миллиондаған текше метрлеп артуда. Геосаясаттың жілігін шағып, майын ішкен сарапшылар мен саясаткерлердің жорамалына сенсек, біздің өңірде соғыс болса, ол су үшін болады. Өзбекстанның бұрынғы президенті, марқұм Ислам Кәрімов «Орталық Азияда су үшін соғыс өрті тұтануы мүмкін» деп айтып кеткені мәлім. Аймақта тек Қырғыз Республикасында ғана барлық су ресурсы өз аумағында қалыптасқан. Басқа елдердің күні трансшекаралық суға қараған. Сондықтан әр елдің су қауіпсіздігін сақтау халықаралық қақтығыстың алдын алуға мүмкіндік бермек. Демек, бұл – мемлекеттік маңыздағы стратегиялық іс.
Су үшін соғыспайық десек...
БҰҰ қорытындысы бойынша, тұщы суға қол жеткізу – XXI ғасырда адамзат алдында тұрған басты мәселенің бірі. Шөл далада бір тамшы суға таласқан екі адам бір-бірін өлтіруге дейін барады. Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауынша, қазіргі уақытта 3,6 миллиард адам, яғни әлем халқының жартысына жуығы су ресурстарының жетіспеушілігіне душар болған аудандарда тұрып жатыр. 2050 жылға қарай бұл сан 4,8-ден 5,7 миллиард адамға дейін артпақ. Ерні кеуіп сусыраған елдер өзге өңірлерге босып, жаһандық алапат миграция туындатары кәдік. Планетадағы халықтың өсуі, шөл басу құбылысының белең алуы, жаһандық жылыну, жауын-шашынның азая бастауы, мұздықтардың жаппай еруі, жер шарында мұз қалыптасу процесінің деградацияға ұшырауы – жағдайды тіптен ушықтырып жатыр. Су адам сенбес жылдамдықпен аса тапшы табиғи ресурстардың біріне айналуда. Ол енді жай ғана тауар емес, кейбір мемлекеттер арасындағы бопсалаудың құралы. Сарапшылар осы жүзжылдықты «су проблемасының ғасыры» деп атайды. БҰҰ дерегінше, суға деген жаһандық сұраныс халықтың өсуіне, экономикалық дамуына және тұтыну құрылымының өзгеруіне байланысты жылына 1%-дай жылдамдықпен өседі. Демек, ғасыр соңында әлем тұрғындары тегіс тұщы су тапшылығына тап болмақ. Тиісінше, теңіздің тұзды суын тұщыландырып ішу жаппай сипат алады. Олай болса, құрлықта қысылған мемлекеттер теңізге таяу отырған елдерге тәуелді болады. Бұған қоса, өнеркәсіптік және тұрмыстық су қажеттіліктері де жылдам өсетін болады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы – дүниежүзіндегі ең ірі су тұтынушы мәртебесін сақтап қалады. БҰҰ сарапшылары суға деген сұраныстың басым бөлігі, әсіресе дамушы елдердің еншісіне түсетінін болжады. Төрткүл дүниеде бүгінде 261 трансшекаралық өзен бар, олар жердің 45%-ын қамтиды. Бұларға әлем тұрғындарының шамамен 40%-ы тәуелді. Кейінгі 50 жылда трансшекаралық су үшін ірілі-ұсақты 500-ден аса соғыс пен қанды қақтығыс болыпты. «Орталық Азияда әр ел тәуелсіз ұлттық су стратегиясын іске асырады. Өңірде трансшекаралық өзендер бойынша ұзақмерзімді мемлекетаралық келісімдер жоқ. Салдарынан, шиеленіскен жағдай қалыптасып отыр. Тәжікстан Әмудария өзенінің бассейнінде алып Рогун гидроэлектр стансасын салу мәселесін белсенді ілгерілетуде. Қырғыз Республикасы Сырдария өзенінде ірі Қамбарата су электр стансасын қолданысқа беруге ниетті. Өзбекстан Сырдария өзенінен белгіленген мемлекетаралық шектен тыс 3 текше шақырым ағынын алып қойып, өз аумағында шоғырландыруды жоспарлап отыр. Қытай Іле және Қара Ертіс трансшекаралық өзендерінде белсенді су шаруашылығы қызметін жүргізуде. Мұның сыртында Ертіс, Жайық, Тобыл, Үлкен және Кіші Өзен трансшекаралық өзендері бойынша Қазақстан мен Ресейдің су қатынастарында шешілмеген бірқатар проблема бар», – дейді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитеті.Егінге су жетпеуде
Алматы облысы Балқаш ауданының диқаншылары дабыл қағып жатыр. Шөлейт аймаққа жататын осы өлкеде Қапшағайдан келетін судың күрт азайып кетуі кесірінен егін қурап қалатын түрі бар көрінеді. Мысалы, игерілгеніне биыл 55 жыл толатын Ақдала алқабында 8 411 гектарға – күріш, 10 723 гектарға – бидай, 9 310 гектарға жоңышқа егіліпті. Яғни, барлық егістік ауданы 28 444 гектарды құрады. «Соның ішінде Ақдала өлкесіндегі Тасмұрын суару жүйесі бойында 3 580 гектарға – күріш, 4 мың гектарға – арпа-бидай, 6 356 гектарға жоңышқа егіліп, барлық егістік көлемі 13 936 гектарға жеткен. Тасмұрын суару жүйесіндегі егістік алқапта 8 мың адам еңбек етіп, отбасыларын асырап отыр. Көктемде күрішті сумен бастыру кезінде Қапшағай су қоймасынан секундына 600 текше метр су беріліп отырды. Соның арқасында осындағы барлық күріш алқабы сумен бастырылды. Өзге де дақылдар толығымен сумен қамтамасыз етілді. Алайда 20 маусымнан бастап Қапшағай су қоймасы су жіберуді 500 текше метрге дейін азайтты. Соның кесірінен 1 500 гектар күріш алқабы мүлдем сусыз қалды», – дейді күрішші Алмас Қыстаубаев. Ал 1 шілдеден бастап Қапшағай су жіберуді одан әрі кеміткен және су беру қарқыны 450 текше метрге дейін бәсеңдепті. «Салдарынан, Тасмұрын суару жүйесі бойында егілген барлық дақыл толықтай сусыз қалды. Осы ауыр жағдай шұғыл түрде өзгермесе, ерте көктемнен жасалған еңбектеріміз зая кетіп, 8 мың адам еңбекақыларын ала алмай, жұмыссыз қалу қаупі бар. Мамандардың есебінше, Ақдала өңірін суару маусымы аяқталғанша, яғни 25 тамызға дейін Қапшағай су қоймасынан секундына 550 текше метр су жіберіліп тұруы керек», – дейді диқаншы. Балқаш ауданындағы «Агрофирма Бірлік» ЖШС, «КизМТС» ЖШС, «Агрополив» ЖШС, «Әлмес» ЖШС, «Миялы Агро» ЖШС, «Динара» өндіріс кооперативі, «Береке», «Еркін» шаруа қожалықтары және басқасына егіннен айырылу қаупі төніпті. Тек Ақдала жақта ғана 1 030 гектар егістік судан қағылды. Шамамен, тағы 1 мың гектардай егін ауыр жағдайда. Су азая берсе, қалған егіс те күнге күйіп кетуі ықтимал.Суға тәуелдіміз
Мемлекет қол қусырып қарап отырған жоқ. Елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатысты осы сала проблемаларын шешу үшін «Қазақстанның су ресурстарын басқарудың 2030 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасының» жобасы әзірленді. Оның басты көрсеткіш-индикаторы ретінде «табиғи су қоймаларының жыл сайынғы суға деген қажеттілігін 34,1 текше шақырым деңгейінде қанағаттандыру» көзделген. Атап айтқанда, Балқаш көлі жыл сайын кем дегенде 12 текше шақырым; Солтүстік Арал теңізі – жылына ең кемі 3,6 текше шақырым; Сырдария өзенінің атырабы жылына 2,7 текше шақырымнан көп су келуін қажетсінеді. Сондай-ақ жаңа мембағдарлама жобасында су ресурстарының орташа көпжылдық көлемін 100 текше шақырым деңгейінде сақтау қарастырылған. Оның 93,4 текше шақырымы жерүсті суларынан алынбақ. Құжатта суды ысырап етуді азайту міндеті қойылмақ. Тарата айтсақ, тұрақты суару кезінде магистральдық және тарату арналарындағы ысыраптардың жалпы көлемін 2020 жылғы 4 текше шақырымнан 2030 жылға қарай 1,2 текше шақырымға дейін төмендету, алдағы 10 жылда 182 республикалық гидротехникалық нысанды қайта жаңарту және 38 жаңа гидротехникалық құрылысты салу жоспарланған. Қазақстандағы суға қатысты жағдайды бағамдау үшін мына бір дерекке зейін қойсақ жеткілікті. Елімізде жерүсті суларының жиынтықты ресурсы қазіргі кезде 90 текше шақырымды құрайды. Оның жартысынан көбі – 50,8 текше шақырым көлеміндегі су көрші елдерден ағып келеді. Осы тұрғыдан еліміз, әсіресе Қытайға тәуелді: Қазақстан тұтынатын судың 21,4 текше шақырым шың елінен бастау алады (Іле өзенімен – 12,8 км3, Ертіс өзенімен – 8,32 км3, Емел өзенімен – 0,27 км3). Осыдан кейін өзбек елі тұр: 16,9 текше шақырым суды Өзбекстаннан аламыз (Сырдариядан – 15 км3, су жіберу арналары бойымен 1,90 км3). Қырғыз Республикасы – 3,14 текше шақырым су береді (Шу, Талас, Ассы өзендері арқылы – 2,77 км3, Қарқара өзені арқылы – 0,37 км3). Еліміз ішетін 9,31 текше шақырым судың қайнар көзі – Ресейде: Жайық, Еділ-Волга, Шаған, Сарыөзен, Қараөзен арқылы 8,86 км3, Тобыл өзені айдынынан – 0,45 км3. Бетін аулақ қылсын, егер барлық көрші бөгенмен байлап, бері қарай су жіберуді қойса, қазақ елі бүкіл ауызсуының көбінен айырылуы мүмкін. Олай болса, көршілермен бейбіт әрі достыққа құрылған халықаралық саясат ұстану ең алдымен қазақтың өзіне керек. «Кейінгі 60 жылда планетамызда ауызсуды тұтыну 8 есеге өсті. Осы ғасырдың ортасына қарай көптеген елдер суды импорттауға, тасып ішуге мәжбүр болады. Бұл проблема біздің елімізде де өткір тұр. Қазақ елінде сапалы ауызсу жетіспейді. Қазірдің өзінде республикамыз трансшекаралық өзендердің су ресурсына қатысты салмақты мәселеге жолығып отыр. Осы түйткілдің тым күрделеніп бара жатқанына қарамастан, оны саясиландыруға жол бермеу қажет. Мамандардың бағалауынша, елдің экономикалық әлеуеті өскен кезде Қазақстан халықты ғана емес, мал және егін шаруашылығын, кен өндірісін сумен қамтудың үлкен проблемасына маңдай соғуы мүмкін», – дейді біраз жылдан бері осы мәселені зерттеп жүрген және диссертация қорғаған белгілі ғалым, PhD доктор Тимур Жұмағұлов. Маманның пайымдауынша, еліміз үшін жерасты суларын игеру, сонымен қатар іргелес елдермен кең келіссөз жүргізіп, трансшекаралық өзен суларын халықаралық құқық және өзара ынтымақтастық қағидатында бөлісу мәселесі ерекше маңызға ие болады.