Кәсіпкерлер дертке қарсы күш жұмылдырды
Кәсіпкерлер дертке қарсы күш жұмылдырды
329
оқылды
Игі іске алғашқылардың бірі болып, «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның  Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров үн қосты. Ол  38 миллион теңгеге облыстық инфекциялық ауруханаға 10 ап­парат сатып алып берді. 6 аппарат «Қазфосфат» ЖШС филиалына  қойылды. Аталған тыныс алу құрал­дарының ерекшелігі бір мезетте 1 аппаратпен 2 адамды емдеуге бо­лады. Talas Investment Company  ЖШС бас директоры Бақтияр Алдашов кәсіпкерлердің кеңдігін көрсетуде. Ол 100 миллион теңгені  Biz Birgemiz қорына  аударған. Облыстық Іскер әйелдер қауым­дастығы инфекциялық ауру­ханадағы дәрігерлер, медбикелер мен санитарларға 100 адамға күнделікті түскі ас жеткізіп, өкпеге ауа беру аппаратының 12 данасына, «Тараз»  футбол клубы 5 данасына тапсырыс берген. «АК Алтыналмас» АҚ 25 мил­лион теңгеге Мойынқұм ауданы Ақбақай ауылының тұрғындарына азық-түлік, дәрі-дәрмек,  Golden Compas Jambyl ЖШС 24 миллион теңгеге Меркі, Тұрар Рысқұлов аудан­дарына  – 2 аппарат, «Еврохим удобрение» ЖШС Жаңатас қаласы ауруханасына 22 миллион теңгеге – 1 аппарат,  қажетті медициналық құрал-жабдықтар, «Тараз метал­лургиялық зауыты» ЖШС 20 мил­лион  теңгеге дәрі-дәрмек  пен қа­жетті құрал-жабдықтар сатып алған. Облыстық мәслихаттың депу­таты Ғалымжан Сағынтаев 9 мил­лион теңгеге 15 аппарат са­тып алып, 10-ын облыстық фтизио­пульмонологиялық орталығына және 5-ін  аудандық емдеу меке­мелеріне  тарту етті. Аппараттың әрқайсысы тәулігіне 5 литрге дейін оттегі шы­ғарады және 1 аппаратта бір мезгілде 2 науқасты жасанды жол­мен тыныстандыруға болады. Altais Group  ЖШС басшысы Ә.Жұмабаев  15,5 миллион теңгеге 16 палатаға оттегі трубкаларын жүргізіп, концентратор аппа­раттарын, орталық мешіт арқылы тұрмысы төмен от­басыларға дәрі-дәрмек  таратты. Сонымен қатар «Амир и Д», «Кокжиек-2030»,  «Суперфарм», «Жамбылская цементная произво­дственная компания»  және  облыс­тық кәсіпкерлер палатасы сынды  38  кәсіпорындар мен кәсіпкерлер  ауруханалар мен әлеуметтік осал топ­тарға қол ұшын созуда. Жалпы, оттегі терапиясы  ке­зін­де қолданылатын оттегі концен­траторлары коронавирус инфек­циясымен және пнев­мониямен ауырып жатқан нау­қастарға уақы­тылы көмек көрсетуде маңыз­ды рөл атқарады.  Бүгінде дүйім жұртты алаңдатқан жұқпалы ін­детке бейжай қарамайтын, тиімді емді қажет ететін науқастарға көмек көрсетуге   дайын осындай атымтай жомарт жандардың  болғаны көңіл қуантады. Пандемиямен күресте жанын салып, қайтсе науқасты аман алып қалуға бар күшін аямай  жатқан дәрігерлер қауымының өздеріне қолдау білдіріп жатқан кәсіпкерлерге,  құрылғы әперіп көмектесіп жатқан демеушілерге алғыстарын айтуда. Одан бөлек, өткен сенбіде   Тараз қаласының №5 емханасына 27 миллион теңгеден астам сомаға дәрі-дәрмек  пен медициналық бұйымдардың ірі партиясы жеткіз­ілді.  Олардың ішінде дене қызуын түсіретін,  қабынуға қарсы дәрі-дәрмек, антибиотиктер, бір­реттік шприцтер бар. Олар арнайы тізімге сәйкес медициналық кө­мекке мұқтаж адамдарға таратыл­мақ. – Облыс әкімі Бердібек Сапар­баев кәсіпкерлермен арнайы кез­десіп, отандастарымыз үшін қолдан келетін барлық мүмкіндіктерді жасауға шақырды. Кейінірек  маған Денсаулық сақтау басқармасынан қоңырау түсіп, инфекциялық ауру­хана үшін оттегі түтіктерін сатып алуға көмектесуімді сұрады. Жалғыз өзіме көп нәрсе жасау мүмкін емес, сондықтан мен өзім жақсы танитын ірі кәсіпкерлерге телефон шалдым. Олар бұл ұсынысымды бірден қол­дады. Осылайша, біз аталған түтік­терге ақша жинап бердік, сондай-ақ қаржы 11 концентратор аппаратын алуға жетті,  –  дейді «Альтаис Групп»  ЖШС-нің  бас директоры Әлібек Жұмабаев. Бұдан соң дәрі-дәрмек сатып алу үшін 48 миллионға  жуық  қаражат жиналған. Жалпы алғанда,  жамбылдық 20 ірі компания бас­шылары пандемиямен күреске шама­­мен 70 миллион теңге қаржы бөліп отыр. Қайырымдылық акцияларының тетіктері жинақтау қорлары арқылы жүзеге асады десек, бұл орайда қаржы Дінмұхаммед  Қонаев атын­дағы қорға құйылған. Ақша жиналып, мақсат айқын­далғаннан кейін бұл істі үйлестіруге  «Тараз» ӘКК ҰК» АҚ атсалысқан. – Біз үйлестіруші ретінде Шым­кент қаласындағы «Зерде»  медициналық қоймасымен жеткізіп беру бойынша уағдаластық.  Сондай-ақ  ӘКК тауарларды тасымалдауды  барынша қамтамасыз етті. Әзірге 27 миллион теңгеге дәрі-дәрмек  жеткізілсе, жақын күндері тағы 20 миллионнан астам қаржыға дәрі-дәрмек әкелінетін болады, – дейді «Тараз»  ӘКК басқарма төрағасы Олжас Қаржауов. Осылайша, жергілікті билік, кәсіпкерлер мен қоғам белсен­ділерінің ұйымдасқан әрі жедел әрекеті көптеген науқастардың сауығуына үміт сыйлады. Соны тілге тиек еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков індетпен күресте күш біріктірудің маңызын алға тартып, бірлесіп қа­на барлық қиындықтарды жеңуге болатынын жеткізді. Бұл сөз жоқ, бас бармақпен ба­ғалауға тұрарлық бастама.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы