Қаржы жинап, алыс-жақын шет мемлекеттерден қажетті дәрілерді, жабдықтарды жеткізуде. Талдықорғандықтар да ортақ іске өздерінің үлесін қосуда. Елдің амандығын ойлаған қайырымды азаматтардың қамқорлығының нәтижесінде Талдықорған қаласының ауруханаларына өкпені желдететін 10 аппарат сыйға тартылды.
Қайырымдылық шарасына Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов, өңір кәсіпкерлері, мектеп директорлары мен балабақша меңгерушілері атсалысты. Жерлестерінің ертеңі үшін алаңдаған атымтай жомарт азаматтар халық игілігі үшін 5 миллионнан аса қаражат жинапты. Қашан көрсең қайырымдылық шараларының қасында жүретін жеке кәсіпкер Дәурен Тәліповтің айтуынша, мұндай шарапатты шара алдағы уақытта да жалғасады.
– Елдің пейілі мен ниеті ешқашан тарылмасын. Халық бірауыздан жиналып, тағы 70 аппараттың құнын шығарды. Шамамен 10 күннің ішінде олар да қолымызға тиеді. Бұл қайырымдылық шарасына барша жетісулықтар шамалары келгенше қол ұшын берді. Мейірімді жандардың барлығына алғыс айтамыз. Бәріміз бір мезетте жұмылып күрессек, бұл індеттен де арылатынымыз анық, – дейді ол.
– Дәл қазір дәрігерлер күні-түні тынбастан адам жанын арашалау үшін қауіпті індетпен күресіп жүр. Қатерлі істе сіздердің қолдауларыңыз бен мейірімділіктеріңіз ертеңгі күнге деген үмітімізді еселеп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Күн сайын қайырымды жандар ауруханаға ас-ауқат, сусын, қымыз алып келеді. Әлемді мейірімділік құтқаратынына осы жолы тағы да көз жеткіздік. Күні кеше ғана аурухана төсегіне өте ауыр халде түскен науқастар дерттен айығып, үйлеріне оралуда. Екі ай емделіп, өз аяғымен жақындарына қауышқан азаматтар үшін біз қатты қуанамыз. Жанына араша сұрап, бізден қолдау күтіп келген әр науқас жақындарымен жақсылықта табысса екен деп тілейміз. Ақ халаттылардың арманы – адамзаттың саулығы. Бірліктің, татулықтың арқасында бұл майданды да жеңетініміз анық. Өздеріңізді, жақындарыңызды қорғаңыздар дегім келеді. Сіздің жауапкершілігіңіз – елдің амандығы екенін естен шығармаңыз, – дейді облыстық аурухананың директоры Мұрат Рахметов ел басына ауыр күн туғанда жұдырықтай жұмылып, үлкен іс тындырып жүрген азаматтарға ризашылығын білдіріп.
Қазіргі кезде Талдықорған қаласында пандемия кезіндегі іс-қимылдарды үйлестіру жөніндегі штаб құрылған. Оның құрамында қоғам қайраткерлері мен аурухана бас дәрігерлері бар.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы