«Бүгін №4 қалалық перзентхананың жаңа корпусын қарап шықтым. Мұнда COVID-19-бен ауырғандар үшін қосымша 50 төсек-орын ашылады. Коронавирус инфекциясымен босанатын әйелдерге арналған госпитальды дайындау бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталды. Қазір хирургиялық, реанимациялық жабдықтарды, ӨЖЖ аппараттарын қосу жұмыстары жүргізілуде. Сөйтіп аптаның соңына қарай бұл жер КВИ-мен босанатын әйелдерді қабылдауға дайын болады», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Әкім өз сөзінде қатерлі індетті емдейтін стационар ретінде жұмыс істейтін перзентхананың қуаттылығы 105 төсек-орынға дейін жететінін айтты.
«Жоғары білікті медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі арқасында аналар мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығы мен өмірі сақталатын болады», – деп атап өтті Б.Сағынтаев.
Сонымен қатар, қала басшысы COVID-19-бен күресуде науқастарды жатқызатын орындарды көбейту қажеттілігіне байланысты салынып жатқан Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ғимаратының құрылыс барысымен де танысты. Мұнда 500 төсек-орынға арналған бірінші эшелон инфекциялық стационар ретінде қайта бейімделеді.
«Барлық құрылыс-жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Нысанды бір айдан кейін тапсыруды жоспарлап отырмыз», – деді Б.Сағынтаев.
Жаңа госпиталь қажетті заманауи құралдармен және медициналық газбен жабдықталады. Қазір кадрларды даярлау жұмыстары жүруде. Мұнда госпиталь пациенттеріне диагностикалық медициналық көмек толық көлемде көрсетіледі.
Бұрын хабарланғанындай, инфекция жұқтырғандарды емдейтін госпитальдер денсаулық сақтау нысандарының базаларына орналасады, яғни олар қайта жабдықталып, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сай пәрменді жұмыс істейтін болады.
Таза және кір аймақтарды бөлетін қоршаулар, шлюздер, дезинфекциялық тоннельдер орнатылуда, желдеткіш жүйелері және басқа да жұмыстар ретке келтірілуде.