Жетісу ауданында парацетамол мен азитромицинді қымбат бағамен сатқан дәріхана иелері анықталды.
Жалпы бұл ауданда 62 дәріхана бар. Арнайы мониторингтік топ күніне 15-20 дәріхананы аралап, жағдаймен танысады. Осыған дейін заң бұзушылыққа жол берген екі дерек тіркеліп отыр. Мониторингтік топ жағдайдың анық-қанығын білу үшін әдейі жасырын сатып алушыны дәріханаға жібереді. Ол сұранысқа ие 40-тан астам дәрі-дәрмектің сатылымдағы бағасын білуге тырысады.
«Нақты айтатын болсақ, мысалы Кемел ауданында азитромициннің өзіндік бағасы 1083 теңге болса, дәріханада оны 1900 теңгеге сата бастапты. Анықтап, хаттама толтырып, арнайы орынға жіберілді. Екіншісі барахолкада парацетамол 150 теңгеге сатылып жатыр екен. Талап бойынша оның жоғары бағасы 123 теңгеден аспауға тиіс», – деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Бауыржан Бірбаев.
Реті келіп тұрғанда айта кетейік, дәрілерді шектік бағасынан асырып сатқан кәсіпкерлерге 70 айлық есептік көрсеткіштен 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомада айыппұл салынады. Яғни, бұл 2,5 млн теңгеден көп. Осынша айыппұл төлеп, тапқанынан айырылғысы келмесе, дәрі-дәрмек бағасын көтеріп сатуды қою керек екенін ескерткіміз келеді.