Ақтөбе облысында індет жұқтырғандардың саны 2753 болса, соның ішінде өкінішке қарай тоғызы қайтыс болған. Бірақ басым көпшілігі емделіп шыққан.
«Қазір бізде небары 89 адам емделуде. Кешеден бастап бүгінге дейін мысалы 17 жағдай тіркелді. Бұл – 0,6 пайыз. Әрине, бізге пневмония бойынша салмақ түсіп тұр. Өңірде 7 773 науқас тіркелген. Соның 5 мыңы емделіп шықты. Бірақ әлі де провизорлық стационарда - 1600 науқас, күндізгі стационарда - мыңға жуық адам емделуде», - деді аймақ басшысы Оңдасын Оразалин.
Оның айтуынша, провизорлық стационарлардың бәрі толығымен оттегімен қамтамасыз етілген.
«Індетпен күреске медициналық қызметкерлері барынша көптеп тарттық. Олардың жалпы саны – 2400-ден асады. Шілде айында ғана жалпы медициналық қызметкерлер 536 млн теңгенің үстемеақысын алды. Сонымен бірге пандемия уақытында медициналық университет дәрігерлерге үлкен септігін тигізіп жатыр. 200-ге тарта резидент ауруханалардағы жұмыстарға тартылған. Бүгінгі күні провизорлық және инфекциялық стационарларды «СҚ-Фармация» компаниясы аптасына екі рет медикаменттермен қамтамасыз етеді. Алайда жергілікті бюджеттің есебінен РФ Орынбор облысынан біз ең қажет 25 түрлі 117 мың импорттық препаратты сатып алдық. Осының арқасында облыстағы барлық ауруханаларға қажетті дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс құралдарының 30 күндік қоры қалыптасты», - деді ол.