– Қалың жауын-шашынның салдарынан бірнеше жеке тұрғын үйге және 15-тей қора-жайға су кірді. Ауылға іле-шала жеткен өрт сөндіру қызметі су кірген үйлер мен қора-қопсыны мотопомпаның көмегімен сорғытуға кірісті. Қазір жағдай қалыпты, ешқандай қауіп жоқ, – деді ауыл әкімі.Айта кетсек, мотопомпаның көмегімен барлығы 7 мың текше метр су сорып шығарылған. Тарбағатай ауданының әкімі Серікқазы Садуақасов аудандағы жауапты сала басшыларын ертіп, Жаңаауыл ауылына арнайы келген. Аудан әкімі ауылдағы барлық үйді аралап, жағдайды көзімен көріп шыққан екен.
– 20 шілдеде, кеше Жаңауыл ауылында болдым. Апат айтып келмейді демекші, 19 шілде күні күндізгі сағат 15:00 шамасында қатты жауған нөсер жауынның салдарынан таудың сай-саласынан аққан сел ауылдың қасындағы «Терісайырық» каналына құйылып, оның арнасынан асқан су ауылды шайып кеткен. Аяқ астынан ауыл тұрғындарын ерсілі-қарсылы сабылдырған табиғаттың тосын мінезінің салдарынан бірнеше жеке меншік үйлерге, аулаларға, шаруашылық нысандарына су кіріп әбден әбігерге салған. Бүгінгі таңда ол жерде аудандық комиссия жұмыс істеп жатыр, – деді аудан әкімі Серікқазы Садуақасов.Ауыл тұрғындарының айтуынша, дәл осындай жағдай 2013 жылы да орын алған екен. Енді алдағы уақытта мұндай табиғи жағдайдың қайтара орын алмасы үшін аудан басшысы ауылдың іргесінен өтіп жатқан «Терісайырық» каналына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, дамбыны биіктету мақсатында жобалық-сметалық құжаттарды жасауға салалық орынбасары А.Аққазинге нақты тапсырма жүктеген. – Аудан басшысы өзі келіп көрді. Су кірген үйлердің бір-екеуі ғана бүлінген. Қалғандары аман. Қора-жайлар да бұзылған жоқ. Келтірілген зиянды анықтау үшін жуық арада арнайы комиссия құрылатын болады, – деп толықтырды ауыл әкімі Дәуітбек Ниязбеков. Тарбағатай ауданының Жаңаауыл елдімекенінде болған оқиғаны Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті де растады.
– 19 шілде күні Тарбағатай ауданы Жаңаауыл ауылында нөсер жауын жауды. Қалың жауын-шашынның салдарынан 10 жеке үйді су басып қалды, ондағы су деңгейі 20 сантиметрге жетті, – деп мәлімдеді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Анастасия Скляр.Қазіргі уақытта белгілісі, тасқын салдарынан үш шаруашылық құрылыстың саман қабырғалары ішінара бұзылған. Қазіргі уақытта су басқан үйлердің тұрғындары – 20 адам туған-туыстарының үйлеріне орналастырылған Аудандағы өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері мотопомпаның көмегімен суды сорып шығарған. Қазіргі уақытта үйлерден су толық кетті. Келтірілген зиянды анықтау бойынша арнайы комиссия қазір Жаңаауылда жұмыс істеуде. Ал зардап шеккен отбасыларға қандай да бір көмектің берілу, берілмеуі облыстан арнайы келетін комиссиясының тексеруінен кейін ғана анықталмақ. Сондықтан аудан басшылығы баспаналарын су басқан тұрғындарға үйлерінің техпоспорттарын комиссияға тіркету керектігін ескертіп жатыр.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ,
Шығыс Қазақстан