Иә, пандемия халыққа жеңіл тиіп жатқан жоқ. Көңілсіз жұрт мұң-зары мен өтініш-шағымы мемлекеттің құлағына жеткенін қалайды. Бұл орайда былтыр Президенттің тыңдаушы мемлекет идеясын жүзеге асыру мақсатында құрылған құрылым – Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімін еске алмау мүмкін емес. Бөлім бір жылдан бері қанша адамның мәселесін шешуге көмектесті, халық үніне құлақ асатын мемлекетті қалыптастырудағы жұмысы қандай нәтиже берді? Бұл сұрақтардың жауабын Бөлім басшысының орынбасары Данияр Қадыровтан білдік. – Мемлекет басшысының тұжырымдамасы азаматтар мен мемлекет арасындағы диалогтың, өзара байланыс пен ынтымақтастықтың жаңа негізін құрайды. Азаматтар өтінішіне жедел әрі тиімді жауап беру – тұжырымдаманың бір аспектісі ғана. Халықпен тікелей жұмыс істей жүріп, көптеген адам үшін Президент Әкімшілігінің қабылдау бөлімі мәселесін шешудің соңғы үміті екеніне куә болдым. Олар бізге үлкен сеніммен келеді, сондықтан жауапкершілікті сезіне отырып, мәселені шешудің заңды мүмкіндігін табуға тырысамыз. Бөлім ашылып, жұмыс істеген бір жылдан кейін біз белгілі нәтижеге жеттік деп сеніммен айта аламын, – дейді Данияр Қадыров. Оның айтуынша, Google, Facebook, Tesla компаниялары әлемді өзгерту, оны ашық, қолжетімді және ыңғайлы етуді мақсат тұтты. Бөлім миссиясы да осы тектес: азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байланыс сапасын арттыру үшін халықтан келген өтініш-шағымдармен жұмыс істеудің бірегей экожүйесін құруды көздейді. – Біздің міндетіміз – мемлекеттік органдар мен халық арасындағы өзара әрекеттестіктің түбегейлі жаңа сапасын қалыптастыру. Бұл қағида біздің жұмысымызда қазірдің өзінде іске асырылып жатыр десем, артық болмас. Бөлім азаматтарды қабылдаудың екі форматын қарастырады: Президент Әкімшілігінің фронт-кеңсесіндегі қабылдау және Президент көмекшісінің көшпелі қабылдауы. Қабылдауға жазылған кез келген адам таңдау жасай алады, яғни ол Нұр-Сұлтанға келіп өтінішін ауызша айта алады немесе өз өңіріндегі әкімдік пен Президент Әкімшілігінің фронт-кеңсесі арасындағы бейнеконференция арқылы қабылдауға қатыса алады. Сонымен қатар өзі тұратын өңірде Президент көмекшісі көшпелі қабылдау өткізгенде қабылдауына кіре алады. Басқаша айтқанда, егер адамның денсаулығы, қаржылық жағдайы, уақытының жетіспеуі немесе басқа да себептерге байланысты Нұр-Сұлтанға келуге мүмкіндігі болмаса да, біз оған әрдайым қолжетімдіміз. Бұл шара, әсіресе Нұр-Сұлтанға, Президент Әкімшілігінің фронт-кеңсесіне келуге қаржылық мүмкіндігі жоқ әлеуметтің әлсіз азаматтарына қатысты», – дейді ол. Бөлім құрылғаннан кейін азаматтарды қабылдауды Президенттің көмекшісі немесе оның орынбасарлары ғана жүргізеді. Өтінішті қарауға құзыретіне белгілі бір азаматтың өтінішін қарау мәселесі кіретін мемлекеттік органдар өкілдері де сөзсіз қатысады. Мүмкіндік болса, өтініш беруші көтерген мәселе сол жерде шешіледі екен.
Халық сенімі артып келеді
Бөлім басшысының орынбасары айтқандай, бірлескен жұмысқа азаматтық қоғам институттары да тартылған. Бір мысал, ҚР Заңгерлер палаталары қауымдастығының өкілдері келіп түскен өтініштерге тәуелсіз сараптама жүргізіп, тиісті қорытынды дайындайды, ол қорытынды прокуратура, құқық қорғау, орталық және жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Бұл орайда былтыр қалыптасқан тәжірибенің жоғары тиімділігін атап өтиу болады. Мысалы, жекелеген өтініштер бойынша, азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесудің арқасында прокурордың әрекет ету актілерін енгізуге қол жеткізілді, ал сот органдары алдыңғы сот шешімдерін қайта қарады. Сонымен қатар, азаматтарды қабылдау кезінде тартылған заңгерлер мыңға жуық тегін заңгерлік кеңес бершен. – Фронт-кеңселердің белсенді жұмысының арқасында адамдар рұқсат етілмеген 6 митингіден, жалғыз адамдық ондаған пикеттен, үш суицид пен бір аштық жариялаудан құтқарылды. Менің ойымша, бұл фактілер біздің жұмысымызға деген халықтың белгілі бір деңгейдегі сенімін көрсетеді. Өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдар бізге берген өтініштеріне объективті, ашық және ең бастысы сапалы қарайтынымызға сенді. Алдағы уақытта біз Президент Әкімшілігі фронт-кеңсесінің жұмыс тәжірибесін облыстарға енгізуді көздеп отырмыз», – дейді Данияр Рамазанұлы. Өткен жылдың 5-6 тамызында Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі базасында көшпелі қабылдау өтті. Сол жерде жергілікті атқарушы органдармен өзара әрекеттесу алгоритмі жасалды. Содан кейін-ақ Президент Әкімшілігінің фронт-кеңсесі жауапты мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдерін тартып, жаңа форматта жұмыс істей бастады. Бөлім жұмыс істеген бір жылдың ішінде қабылдауға 1 777 азамат келген, оның 700-і Президент көмекшісінің республиканың 9 аймағында болған қабылдауына келген екен. Ал 2019 жылдың 21 қарашасында Бөлім бастамасымен тұңғыш рет Бірыңғай қабылдау күні өткізілді. Ол күні орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен барлық деңгейдегі әкімдер азаматтарды жеке қабылдады. Бірыңғай қабылдау күнінде республика бойынша қабылдау органдарына 14 мыңнан астам адам жүгініпті.Ұсыныс айтпай тұрып, ойланып алған жөн
Бөлім азаматтарды қабылдап, өтінішін қараудан бөлек, ай сайын мемлекеттік органдардың азаматтарды қалай қабылдайтынын да бақылайды. Егер мемлекеттік органдардың арасында азаматтарға арнап қабылдау өткізбейтін немесе азаматтарды қабылдауға тіркемей жатқаны туралы деректі анықтаса, бірден ол мәселені зерттеп, нақты шара қабылданады. Болашақта бұл тәжірибені де облыс әкімдіктері деңгейінде тарату жоспарланып отыр.Президентті тойға шақыратындар бар
Бөлімге халықтан ерекше өтініштер де келіп жатады екен. Мысалы, Мемлекет басшысын үйлену тойына немесе баласының тұсаукесер тойына шақыратындар бар. Ал шетелдік азаматтар Президентке қолтаңбасы қойылған фотосуретін жіберуді өтінеді. Десе де, Бөлім қызметкерлері белсенді азаматтық ұстанымы бар азаматтар ерекше назар аударуға лайық деп санайды. Олар экономиканың түрлі салаларын, туризмді, спортты, мәдениет салаларын дамытуға қатысты ұсыныс жолдап жатады. Бір қызығы, арасында кейде өз ұсынысынан бас тартатындар кездеседі екен. – Былтыр бізге аймақтық және өңіраралық туризмді дамыту туралы ұсыныс келіп түсті. Ұсыныстардың өзектілігі мен оларды іс жүзінде іске асыру мүмкіндігін сараптап бағалау үшін ол өтінішті Мәдениет және спорт министрлігіне жолдадық. Министрлік өтініш авторын өз ұсынысы талқыланатын жиналысқа шақырды. Оның ұсынысы бойынша жұмыс тобы да құрылды, бірнеше рет басқосу өтті. Мұның бәрі бір айдан астам уақытқа созылды. Бір күні өтініш беруші бәрі осыншалықты ауыр болатынын және оның пікірі жоғары деңгейде талқыланатынын білмегенін айтып, хабарласты. Тіпті, ол өз ұсынысын оңай әрі жедел жүзеге асыруға болады деп ойлап қателескенін айтты. Сондықтан бізге қандай да бір ұсыныс жіберген болсаңыз, онда сіз жұмыс тобының құрамында жұмыс істеуге дайын жүруіңіз керек, – дейді Бөлім басшысының орынбасары. Бөлім жұмысы ресми сипатта дегендер қателеседі. Бөлімде небір қызық жағдайлар болып тұрады. Мысалы, былтыр қабылдауға кешігіп келген шетел азаматы вокзалдан күтіп алатын шағын сөмкесін алуға үлгермейтінін айтады. Бөлім қызметкерлері ол азаматтың сөмкесін күтіп алып, көмектесуді ұйғарады. Бірақ сөмкені алуға барғанда көлікке үлкен-үлкен 8 «қытай сөмкесін» тиеуге тура келіпті. Абырой болғанда, автокөлікте ол сөмкелерге орын табыла кеткен. Бөлім қызметкерлері арасында осындай өтініштерді орындай береді. Себебі олар үшін қабылдауға келген азаматтың әрқайсысы бағалы. Бөлім бүгінгі таңда пандемияға байланысты өтініштерді бейнеконференция арқылы қабылдап жатыр. Президентке өтініш айтушылар қарасы көп-ақ. Мысалы, маусым айында ғана Президент көмекшісі Тамара Дүйсенова еліміздің 7 өңірінен 55 адамды қабылдады. Бүгінгі қиын кезеңде өтініштердің арасында шұғыл шешуді талап ететіндерін сараптау күшейтілді және ол мәселені жедел түрде шешуге назар аударылады. Себебі Бөлімнің негізгі міндеті – осынау қиын кезеңде өтініштерді сапалы және уақытылы қарауды қамтамасыз ету.Халима БҰҚАРҚЫЗЫ