Өтініш беру жолдары біршама көбейді
Сонымен, шілде айына шектеу шаралары енгізілді. Осыған байланысты табысынан айырылған азаматтарға біржолғы төлем тағайындау туралы өтінімдерін берудің жолдары біршама көбейді. Атап айтсақ, eGov.kz веб-порталы, 42500.enbek.kz порталы, telegram-bot, Aitu мессенджеріндегі 42500.enbek.kz қосымшасы, екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары. 16 шілдеден бастап БЖТ төлеушілер үшін sms-хабарламаларды жіберу арқылы біржолғы төлемді тағайындау бойынша проактивті қызмет көрсетуді жүзеге асыруда. 17 шілдеден бастап жеке кәсіпкерлер және практикамен айналысатын адамдардан, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалардан өтінімдер қабылдануда. Жалақы сақталмайтын демалысқа жіберілген жалдамалы қызметкерлер үшін өтінімді тек жұмыс беруші ғана береді. 18 шілдеден бастап БЖТ төлеушілер өтінім бере бастады. Жұмыс берушілерден өтініштер 19 шілдеден бастап қабылданды. Өтініш беру қыркүйек айына дейін жалғасатындықтан, әлеуметтік төлемді алу үшін бірінші күннен жанталасудың қажеті бола қоймас. Себебі алғашқы күндері өтініш берушілер санының көптігінен өтініш қабылданбай, тиісті төлемге қол жеткізу ұзаққа созылып кетуі мүмкін.Өтініштердің дені проактивті форматта
Егер де азамат төтенше жағдай кезеңінде төлемдер алып, қазіргі уақытта жұмыссыз отырған жағдайда 42 500 теңгені проактивті тағайындауға келісім беруіне болады. Ондай жағдайда басқа арналар арқылы өтінім берудің қажеті жоқ. Себебі sms-ке жауап берсеңіз, автоматты түрде өтінім берген болып есептелесіз. 42 500 теңге мөлшерінде біржолғы төлемді проактивті тағайындау туралы sms-хабарлама 700 мың қазақстандыққа түскен. 20 шілде жағдай бойынша 42 500 теңге төлем тағайындауға азаматтардан 1 млн 55 мың өтініш қабылданған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген ақпаратынша, оның тең жартысы проактивті форматта төлем тағайындауға келісім берген, олардың саны – 688 700. 271 200 адам – eGov.kz порталы және telegram-бот арқылы, 50 300 адам – 42500.enbek.kz порталы арқылы, 44 800 адам екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстар арқылы өтініш берген. Ал 20 шілдеге дейін 880 мың адамға әлеуметтік төлем тағайындалған. Оның 688 700-нің өтініші бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерден берілген болса, 15 700 өтініш – жалдамалы қызметкерлері үшін жұмыс берушілерден, ал 350 600 өтініш азаматтардың басқа санаттарынан келіп түсті. Қордан 880 мың адамға төлем тағайындалды. Көрсетілген цифрлардан өтініштердің жартысынан көбі проактивті форматта екенін көруге болады. Бұл өтініш қабылдаушы порталдар мен қосымшалардың жүктемесін азайтуы тиіс.Үкімет өткеннен сабақ алмаған ба?
Төтенше жағдай кезінде тағайындалған 42 500 теңге айналасында дау-дамай болғанын білеміз. Қаржыны уақытылы ала алмадық деп шулағандар саны да көп болды. Оның бір ұшы өтінішті берушілердің өздеріне кеп тіреледі. Қаржылай қолдауға ие болуға барлығының бірдей құқығы жоқ. Талап сондай. Сол себепті бір қармап қалайын деген мақсатпен ел тұрғындары түрлі айла-әдіске барғаны жасырын емес. Төтенше жағдайға дейін былай да жұмыс істеуге құлшынысы болмай жүргендер мен кірісі онсыз да қомақты жандардың өзгелермен қатар өтінім беруі, кейбір азаматтардың асығыстық танытып, өтінішті бірнеше рет жіберуі, құзырлы мамандардың оларды тексеруге уақытын сарп етуі, деректерді қате толтыру немесе бөгде біреудің атынан жолдау, қазір жұмыс істемейтін банктердің мәліметтерін жолдау, марқұм болып кеткен адамның атынан өтінім беру, шетелде көшіп кеткендердің атынан төлем алуға дәмелену. Аталған жайт қаражаттың әлеуметтік төлемнің уақытылы түспеуіне, халық арасында дүрбелең тууына алып келді. Бастапқы кезде техникалық ақау салдарынан азаматтардың көбі өтініштерін жібере алмай уақыттарын жоғалтты. Сондықтан бірінші айдағы төлемнен қағылғандар көп болды. Ал осы жолы да Үкімет өткеннен сабақ алмаған секілді, өтінім беру уақыты қалай басталды тиісті ресурстар істен шықты. Мәселен, өтініш қабылдайтын 42500.enbek.kz сайты 17 шілде күні жұмысын бастады. Алайда қазақстандықтар жаппай өтініш бере бастағанда сайтта ақау пайда болды. Осындай мәселенің болатынын біле тұра тағы да жол беріліп отыр. 42500.enbek.kz порталы арқылы бір уақытта 75 мыңға дейін азамат өтінім бере алады екен. Бұл шекті межеден асса тағы да портал істен шығып, азаматтарды әбігерге салады деген сөз. Еңбек министрлігі азаматтарға ыңғайлы болу үшін өтінімдерді қабылдау кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтқан. Мәселен, өткен жолы 42 500 теңге бірінші айда 4,5 миллион, екінші айда 2,1 миллион азаматқа төленді. Ал бұл жолы жұмыссыздар саны біршама көбейді, яғни төлем алушылар саны артатын секілді. Оның үстіне азаматтар өтініштерінің көбі проактивті форматта қабылдануда. Тікелей өтініш берушілер саны төмендеді. Тиісті өтініштерді онлайн қабылдайтын ресурстардың дер кезінде қабылдай алмауы, аударымдардың уақытылы жетуіне кесірін тигізді. Бұл жағдай әлеуметтік төлем жасауда бірізділіктің жоқтығын тағы да көрсеткендей болды.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ