Не бітірді?
Кейбір сарапшылар оның елге қызметін бағалағанда сонау 2001 жылдан бастауды ұсынады. Өйткені А.Жұмағалиев сол жылғы қаңтарда Көлік және коммуникациялар министрлігінің Байланыс саласындағы мемқадағалау басқармасының бастығы болып мемлекеттік қызметке алғаш аяқ басты. Содан бері Үкіметтегі әртүрлі лауазымда байланыс, коммуникация, цифрландыру және инновацияға жауап беріп келді. Ол цифрлы даму процестеріне 20 жылдай жетекшілік етті. Республикада 3G және 4G буынындағы ұялы байланыстың енгізілуінің басы-қасында жүрді. Автокөлік иелеріне ғана қызмет көрсететін мамандандырылған ХҚКО-ларды ашты. Цифрлы құжаттардың қағаздағы нұсқасымен бірдей қолданылуын заң жүзінде бекітуге қол жеткізді. Еліміз бойынша 20 мың шақырымдай оптикалық-талшықты кабель тартылып, біраз ауылға интернет қосылды. Қазақстан аналогтік телевизиядан цифрлы телевизияға көшті. Мәселен, 2003 жылы билік жүйесінде Ақпараттандыру және байланыс агенттігі құрылғанда, Асқар Жұмағалиев алдымен соның төрағасының орынбасары ретінде шақырылды. Ізінше, 2006 жылдың 27 қаңтарында агенттіктің тізгінін өз қолына алды. Бұған дейін Қазақстан «Қазақтелекомға» тәуелді болатын: Кеңес кезінен бері телефон желісі мемлекеттің меншігі мен монополиясы саналатын. А.Жұмағалиев тұсында телекоммуникация нарығы либералданды. Қарапайым тілмен айтсақ, қалааралық және халықаралық байланыс желісінде жекеменшік операторлар пайда болды, тарифтер төмендеді. Елбасының бастамасымен, А.Жұмағалиевтің іске асыруымен 2006 жылы елімізде электронды үкімет порталы іске қосылды. Бұл мемлекеттік басқару ісіндегі ірі оқиға еді. Бір қызығы, сол кездегі Премьер-Министр Даниал Ахметовке болашағына алаңдаған министрлерге журналистердің көзінше басу айтып, «е-Үкімет шын Үкіметті толық ауыстырмайтынын» түсіндіруге тура келді. 2006 жылғы 9 қазанда «Қазақтелеком» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен Асқар Қуанышұлы басқарма төрағасы болып сайланды. Ұлттық компаниядағы жоғары жалақылы жұмысы кезінде ол байланыстың NGN және CDMA жаңа технологияларын енгізуге күш салды. Интернет телевизияның ID-TV, ID-Phone қызметтері іске қосылды. Сол кездегі еліміз үшін ең өзекті мәселенің бірі шешімін тапты: Кеңес Одағы аяғына жеткізбей тастап кеткен ауылды телефондандыру ақыры аяқталды. «Қазақтелеком» кеңсесінде «клиенттерге кедергісіз қызмет көрсету» қағидаты енгізілді. Үлгілі тәжірибе кейін ХҚКО-ларды кең ауқымды жаңғырту кезінде негізге алынды. Асқар Жұмағалиевтің БАҚ дамуына сіңірген еңбегі де бар. Тұңғыш Президенттің Жарлығымен 2010 жылғы 12 наурызда ол Байланыс және ақпарат министрі болып Үкіметке оралды. Аталған қызметте Қазақстанда 3G, сондай-ақ Отау ТВ цифрлы спутниктік телевизияны қолданысқа берген министр ретінде есте қалды. Оның қорғауымен 2012 жылғы 18 қаңтарда «Телерадио хабарларын тарату туралы» жаңа заң қабылданды. Тележурналистика ордасына айналған, озық техникамен жарақталған «Қазмедиа орталығы» бой көтерді. Бүлдіршіндерге арналған қазақтілді тұңғыш «Балапан» және тек жаңалықтарға ғана маманданған 24.kz алғашқы ақпараттық арналары өмірге жолдама алды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары кең ауқымды жаңғыртудан және автоматтандырудан өтті. 2012 жылғы 21 қаңтарда Президент Жарлығымен Асқар Жұмағалиев Көлік және коммуникация министрі болып тағайындалды. Елде 4G іске қосылды. Электронды үкіметті дамыту жөніндегі БҰҰ рейтингінде Қазақстан 2010 жылғы 46-орыннан 2014 жылы 28-ге дейін көтерілді. Ол басқарған кезде республикада «темір тұлпар» иелеріне ғана арналған ХҚКО-лар – «автоцондар» пайда болды. Оған дейін машинаны есепке қою немесе шығару, жүргізуші куәлігін алу бір азап еді. Көліктерге қатысты құжаттарды беру ісін автоматтандыру, ол құжаттарды интернет арқылы беру, құжаттарды қабылдауды ІІМ-нен алып қойып, арнайы ХҚКО қызметкерлеріне тапсыру секілді қырық атқа жүк боларлық шаруалар қазір де жалғасуда.Не бітіре алмады?
Ақпараттық ғасырда цифрлы өркениет көшінің басына шыға алған мемлекеттер ғана ілгері кетпек. Керісінше, бұл істе «кенже қалғандар» өркендеу даңғылының жиегінде шаң жұтып қала бермек. Осыны жақсы түсінген ел басшылығы жеке Цифрлық министрлік құрды және оның тізгінін А.Жұмағалиевке берді. Жалпы, Қазақстанның цифрлану қарқыны керемет болатын. Еліміз тіпті жаһандық озық отыздыққа еркін кіріп жүрді. Алайда кейінгі 2 жылда оның екпіні бәсеңсігендей. Салдарынан, қашықтан қызмет көрсетудің қадірін асырған пандемия заманына республика «мұздай қаруланбаған», толыққанды дайын емес күйде енді. Бірінші түйткіл – «Электронды үкімет». eGov порталы адамдардың көп жүгінуін көтере алмай, жиі істен шыға бастады. Бұған қоса, ТЖ режимі кезеңінде мемлекеттің көмегіне зәру азаматтар және аз қамтылған отбасылар дер кезінде 42 500 теңге әлеуметтік төлемін ала алмады, АӘК рәсімдеу қиындады. 1414 бірыңғай байланыс орталығынан еш көмек болмады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 42,5 мың теңге көмекті беру үшін жеке портал құруға тура келді. Оның үстіне ағымдағы жыл басталғанда барлық мемлекеттік қызметтердің тек 82%-ы ғана автоматтандырылғаны анықталды. Қалалардың өзінде азаматтар интернет арқылы жаңа көлігін тіркеуге қоя алмады, жүргізуші куәлігін рәсімдеу мұңға айналды. Екінші түйткіл – интернеттің нашарлығы. 2020 жылғы 3 сәуірде Білім және ғылым министрлігі онлайн сабақ болмайтынын, отандық интернет алдын ала сынаққа шыдамағанын мәлімдеді. – Еліміздегі интернет 2,5 миллион оқушының онлайн жүйе арқылы оқуына еш бейімделмегенін көрсетті. Бұлай сапалы білім алу мүмкін емес. Сондықтан оқытуды дамыған елдердегідей онлайн-стриминг арқылы өткізудің қажеті жоқ деген шешім қабылдадық. Онлайн сабақтар болмайды. Білім беруді амалсыз, онлайн сабаққа есептелмеген бағдарламалар көмегімен ұйымдастырамыз, – деп аһ ұра хабарлады БҒМ басшысы Асхат Аймағамбетов. Оның ақыры телесабақтарға және мұғалімдердің WhatsApp мессенджерімен, кей жерде тіпті Қазпоштамен тапсырма жолдауына соқтырды. Үшінші түйткіл – ауылға интернеттің жетпеуі. Бірнеше мың ауыл карантин және дағдарыс кезеңінде мемлекеттік қызметті онлайн алу мүмкіндігінен қағылды. Төл қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев ауылдарды цифрландыру, оларға кеңжолақты интернеттің қолжетімді болуы – «Цифрлы Қазақстан» мембағдарламасының басты бір игілігі болуы тиіс еді дейді. Бағдарламаны аталған министрлік жүзеге асырғаны мәлім. – Ұшқыр интернет 50 адамнан көп тұрғыны бар бүкіл ауылға жетуі тиіс болатын. Мәлімделген жоспарлардың бәрі бірдей іске асырылмады. Тапсырмалар да толық көлемде орындалмады. Рас, елді мекендердің біразына интернет жүргізілді, оны да айту керек. Үлкен іс тындырылды. «Соңғы миля» деп аталатын проблема сақталуда, яғни тартылған оптикалық-талшықты магистральдан әрі қарай елді мекендерге және үйді-үйге интернет тарату жағы ақсап жатыр. Бұл жұмысты жалғастырып, соңына дейін жеткізу керек, – деді Р.Ошақбаев. Биылғы 4 наурызда Ақордада «Цифрлы Қазақстан» мембағдарламасын жүзеге асыру жөнінде кеңес өткізген ел Президенті озық, заманауи технологияларды енгізу бойынша Цифрлық даму министрлігіне жүктелген міндеттің іске аспағанын мәлім етті. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмыста біртұтас көзқарас, өзара келісім және үйлесімділік жоқ. Салдарынан, цифрландыру түрлі ведомствода жүйесіз жүруде. Қ.Тоқаевтың байламынша, коррупцияға барынша бейім салаларда цифрландыру өте баяу жүргізілуде. Оның қатарына жер телімдерін беру, табиғи монополиялардың қызметтеріне қосылу, қоғамдық көлікте жолақы төлеу жүйесі және басқа да салалар жатады. 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қала мен ауыл тұрғындары арасында цифрландыру алшақтықтың әрі қарай сақталғанын сынға алды. Оның бағалауынша, бұл жай ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік. Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке жыл соңына дейін 250-ден астам тұрғыны бар елді мекенді сапалы интернетпен қамту туралы тапсырма берді. Сонда ғана халқымыздың 99,3 пайызы интернетке және оның игіліктеріне қол жеткізеді.Қорғаныс өнеркәсібімен қош айтысты
Қазақстанда армия үшін әскери техника жасау ісіне 2016 жылдан бері Цифрлық даму министрлігі жауапты болды. Сарапшылар бұл саланың ведомствода босағадан сығалаған жетімнің күйін кешкеніне назар аудартады. Қазақстанда ұзақ жылдар бойы отандық әскери-өнеркәсіптік кешен (ӘӨК) құру бағытында табыссыз талпыныстар тоқтаусыз жасалады. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Қазақстанда ӘӨК-ті қалпына келтіруге қатысты еш үміт қалмады деп қынжылады. – Оны Цифрлық министрліктің құрамына қосудың да мәні шамалы болатын. Қорғаныс өнеркәсібі секторында Үкімет 1992 жылы «КЭМПО» корпорациясын құрды. Түк шықпады. Оның орнына «Қорғау» ұлттық акционерлік компаниясы пайда болды, артынан таратылды. 2003 жылы «Қазақстан Инжиниринг» АҚ ашылды. Қорғаныс министрлігі нәтиже шығара алмағасын, Цифрлық министрлікке берілді. Билік мүмкін болар комбинациялардың барлығын пайдаланды. Алайда қорғаныс өнеркәсібі болған жоқ, болатын түрі де көрінбейді, – дейді ол. Әділін айту керек, Қазақстанда әскерге қажетті оптикалық аспаптар, байланыс құралдары, бірлі-жарым әскери техника түрі құрастырылады. Елімізде дрон шығаратын, патрон жасайтын отандық кәсіпорындар пайда болатыны бірер жыл бұрын жария етілді. Әйтсе де, алғашқы үлгісі паш етілгенімен, бұл өнімдер кең өнеркәсіптік өндіріске шыға алмаған. Өткен айда Қорғаныс министрлігі «Кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасын қоғамдық талқылауға шығарды. Оған сәйкес, ведомство қару-жарақ пен әскери техниканы шетелден өз бетінше және «бір көзден» импорттауға ниетін мәлім етті. «Қару-жарақ, әскери техника, оларға техникалық қызмет көрсету, жөндеу және жаңғырту – қызметтердің ерекше түрі. Қарулы Күштер қару-жарақ пен әскери техниканың нақты үлгілерін сатып алады, бұл ретте көбіне нарықта бәсекелі орта жоқ: тауар өндіруші өз саласында монополист болуы мүмкін. Нәтижесінде, қазіргі уақытта шетелдік өндірушілер күрделі рәсімдерге (заңды тұлғаны тіркеу, мемсатып алу сайтына кіру үшін ақы төлеу, шарттардың орындалуына кепіл енгізу қажет) байланысты өнім жеткізу бойынша қазақстандық электронды конкурстарға қатыспайды» деп түсіндіреді Қорғаныс министрлігі. Бүгінде Қазақстан инжиниринг екі зауытын сатуға мәжбүр. Fitch агенттігі оның рейтингін «BB+»-тан «C»-ға дейін төмендетіп тастады: америкалық сарапшылар компанияның өтімділік бойынша позициясы нашарлағанын, борышын төлемей жатқанын (өтеу мерзімі өтіп кеткен 18 миллиард теңге қарызы бар), мемлекеттің беретін капиталына тәуелді екенін атап өтті. 2019 жылғы 12 шілдеде Үкімет қаулысымен Қазақстан инжинирингтің мемлекеттік пакеті Цифрлық даму министрлігінен алынып, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне берілді.Елдос СЕНБАЙ