Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі Салтанат Жамбыловамен сұхбаттасып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша «Қазақстанның киелі жерлер географиясындағы» 100 нысанның бірі болып анықталған аталған музейдің жұмысы, құрылу тарихы, «ХХ ғасырдың Гомерінің» ұлылығы мен әулиелігін дәлелдейтін аңыз-әңгімелер туралы жан-жақты сұраған едік.
– Салтанат Тезекбайқызы, Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінің құрылу тарихы туралы айтып берсеңіз.
– 1938 жылы Жамбыл Жабаев 92 жасында шығармашылығының 75 жылдығын атап өткен-тұғын. Сондықтан үкімет ақынның туған ауылынан 12 бөлмелі үй мен көлікті сыйға тартқан. Бұл халық ақынының беделін, асқақ абыройын көрсетеді. Қазір музейге айналған үйдің 6 бөлмесі бастапқы қалпынан өзгермеген. Сондай-ақ мұнда ақынның киген киімдері, ұстаған заттарына дейін сақталған. Жасының егде тартуына байланысты сыйға алған көлікпен жыр алыбын Алматыға, ауыл арасына тасымалдау үшін екі жүргізуші бекітілген. Жарты ғасыр бойы музейде экспонат болған көлік 2008 жылы сырланып, күрделі жөндеуден өтті.
1946 жылы Жамбыл Жабаевтың 100 жылдығы Мәскеуде, Алматыда, өз ауылында тойланған. Бір жылдан кейін, яғни 1947 жылдың 25 мамырында ақынның тұрған үйі музей болсын деген шешім шыққаннан бері 72 жыл өтті. Осы уақыт аралығында Жамбыл мұрасы жаңғырып, халықтың рухани қазынасының жауһарына айналды.
– Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейінің құрылғанына биыл 72 жыл толды деп отырсыз. Осы кезге дейін музей қанша рет жөндеуден өтті?
– Әрине, бірнеше рет күрделі реставрациядан өтті. Мәселен, жыр алыбының 150 жылдығына орай, 1996 жылы музейге жапсарлана үлкен конференц-зал салынды. Онда Жамбыл бабаның жеке заттары, әр жылдарда белгілі қоғам қайраткерлерінен, дүниежүзіндегі әртүрлі мемлекеттерден музейге қонаққа келген өкілдерден сыйға берілген картиналар, сувенирлер қойылған. Конференц-залдың іргетасын Елбасы Н.Назарбаев қалаған. 1971 жылы халық ақынының 125 жылдығының алдында кесененің іші-сырты ақ-қара мәрмәр тастармен қапталды. 1984, 1996 жылдары кесене күмбезі 5 метрге дейін биіктетіліп, ұлттық ою-өрнектермен нақышталып, қабырғалары Ираннан әкелінген плиткалармен қапталды. 1996 жылы жыр алыбының киелі қызыл жолбарысы мен екі домбырасының мүсіні қойылды. Естеріңізге сала кетейін, Жамбыл баба кесенесінің эскизін қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Ә.Қастеев жасаса, сәулетшісі – И.Белоцерковский деген архитектор.
– «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ұлы бабамыздың киесі – «Қызыл жолбарысы», ақынның әулиелігі туралы халық арасында сақталған аңыз-әңгімелер бар ма?
– Жамбыл бабаның әулиелігі, көріпкелдігі туралы халық аузында көп аңыздар сақталған. Ұрпақтарына аманаттап: «Мені үйімнің ауласына жерлеңдер, басыма көп адам зиярат жасап келеді. Ортақ қорымға жерлесеңдер, бабаларымның қабірі тапталып қалады», – деп болашақты айқын болжаған. Расында, қазір музейдің іргесінде ұлы ақынның көзі тірісінде егілген ағаштар, сол қалың баудың түкпіріне таман алма мен алмұрт бағының арасында 1946 жылы салынған кесене орналасқан. Қайталап айтамын, Құран бағыштап, зиярат қылып келушілердің санында шек жоқ.
Қызырлы қызыл жолбарыс Жамбыл бабаның қолдаушысы, қорғаушысы болып саналған. Ақынның айтуынша, ол өзіне ғана көрінген. Қызыл жолбарыс әуелі Қарасай бабаға, Сарыбай биге, жыр сүлейі – Сүйінбайға, содан Жамбылға қонған дейді. Бұл – аңыз. Ал аңыз шындыққа негізделеді. Қызыл жолбарыс кейін қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматовқа қоныпты деген аңыз бар. Тылсым дүниенің біз түсінбейтін қырлары көп қой. Мәскеуге барған сапарында қызыл жолбарысы демеп, қасында бірге жүрген. Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, жырау, жыршы бабамыз қайтыс болар шағында түсіне қызыл жолбарысы кірген дейді. Үйінде үнемі босағасында отыратын қызыл жолбарысы есіктен шығып кеткен екен. Екі-үш рет әдеттегідей «күшейт-күшейт» деп шақырса да, қайырылмай кеткен деседі. Бұл ақынның түсі ме, әлде көзіне көрінген елес пе, белгісіз. Осы жағдайдан кейін Жамбыл ақын бала-шағасын қасына жинап: «Қызыл жолбарысым маған қарамай кетті» деген екен. Көп ұзамай ақын бұл дүниемен қош айтысып, бақилық сапарға аттанды.
– Музейге жылына шамамен қанша турист келеді?
– Жамбыл бабаның кесенесіне келушілердің көптігі сонша, санын болжау қиын. Көпшілігі Құран бағыштап келеді. Егер музейге кірсе, санауға болушы еді. Бірақ көбісі музейге кірмей кетеді. Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейі – Талдықорған қаласында орналасқан М.Тынышпаев атындағы тарихи өлкетану музейінің филиалы. Облыс бойынша 20-дан астам музей болса, солардың арасында келушілерінің саны ең көбі – осы музей.
– Музейге келушілер көбіне Жамбыл ақынның құдіретін, шығармашылығын ұғынып келетіндер ме, әлде қызықтап келушілер басым ба?
– Әрине, халық болған соң, Жамбылдың өмір тарихын, шығармашылығын білмей келетіндер кездеседі. Оларға біздің қызметкерлер түсіндіріп, жан-жақты таныстырады. Қазір келушілердің басым бөлігі – жастар, олардың қызығушылығы жоғары. Олардың арасында атүсті келушілер жоқтың қасы. Балабақша жасындағы балалардан егде жастағыларға дейін әртүрлі буын өкілдеріне жас ерекшеліктеріне қарай қызмет көрсетеміз. Ақпаратты әрқайсысына түсінікті тілмен жеткіземіз. Кейбір туристер екі-үш сағат бойы әрбір детальға мән беріп, музей ішінде ұзақ жүреді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Майра АЛДАБЕРГЕНОВА