Қазір әлеуметтік желі беттерінде дау-дамай көп. Оқып отырсаң, санасы жетілмеген, ой-өрісі дамудан артта қалған адамдарды көресің. Әйтеуір бір кінәлілерді тауып алып, барлығына басқа біреуді айыпты деп табу, жазғыру, сөгу, жер-жебіріне жету, «анау өйтпегенде мен бұлай болмас едім, анау сөйтпегенде осы болмас еді» деген уәжге толы. «Анау неге менен озып кетті» дейді, «мен неге одан қалып барамын, қалайда басып озуға тиіспін» деуге жігері жетпейді. Жалпы, біз өз әрекетімізді, әрбір ойымызды, түсіну, сезіну, ұғыну арқылы санамен басқарсақ, өз мәселемізді біреулерден көрмей немесе мемлекетке арта салмай, ісімізді қолға алып, өзіміз жауапты болып үйренген кезде ғана лайықты өмір сүре аламыз.
Абай былай дейді: «Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің, біреудің білгендігіне білместігін таластырып, біреудің бағына, малына күндестік қылып я көрсеқызарлық қылып, көз алартыспақ лайық па? Тілеуді Құдайдан тілемей, пендеден тілеп, өз бетімен еңбегімді жандыр демей, пәленшенікін әпер демек – ол құдайға айтарлық сөз бе? Құдай біреу үшін біреуге жәбір қылуына не лайығы бар? Екі ауыз сөздің басын қосарлық не ақылы жоқ, не ғылымы жоқ бола тұра, өзімдікін жөн қыламын деп, құр «ой, тәңір-ай!» деп таласа бергеннің несі сөз? Оның несі адам?». Осы сөзді жазып, тоңазытқыштың бетіне жапсырып, жұмасына бір рет есімізге салып тұрсақ игі еді.
Еуразия университетінің «Отырар» кітапханасында «Елдік дәрістері» деп аталатын арнайы аудитория бар. Сол жерде студенттердің кіммен сұхбаттасқысы келетінін ескеріп, барып сұхбат құрамыз. Ол аудиторияға студенттер тиісті сабақтарынан қолы бос кезде келіп, дәріс тыңдайды. Олар көп нәрседен хабардар болғысы келеді. Біздің мақсатымыз – студенттерді өздерін мазалайтын сұрақтарға жауапты қалаған уақытында, өз еркімен келіп алып тұруына жағдай жасау. Оның түк те қиындығы жоқ. Кураторлар мен топ жетекшілеріне хабар жеткізсек, қай топтан қанша азамат келіп тыңдады, мониторинг жасап отырсақ, ешкім міндетіне сай жауапкершіліктен теріс айнала алмайтын болса дейміз. Сонда ғана үйренгісі, оқығысы келген жастарымызға жоғары деңгейде тәлім бере аламыз деп ойлаймыз.
Екіншіден, біздің зиялылар, ақсақалдар, ауқатты азаматтар, түрлі лауазым иелерінің халықтан орынсыз алыстап кетуін болдырмауға, оларды есебін тауып, жастарға жақындата түсуге тиіспіз.
Көңіліме тиген бір ғана жағдайды айтайын – Конгресс холл деп аталатын ғимаратқа жиналып, Еңбек және халыққа әлеуметтік қолдау министрі мен қала әкімін бір жиында модератор болып отырған жерінен дедектетіп, алдарына келтіріп, автобусқа отырғызып, шуласып, орынды-орынсыз талап-тілектерін кезексіз, жүйесіз, тіпті әдепсіз жағдайда жасаған әйелдерді көрдік. Оны біз ғана емес, бүгінгі еркін әлеуметтік кеңістік арқылы бүкіл әлем көрді. Күлді бізге. Сол жиынға қатысқан әйелдердің ішінде ұялған, өкінген, онысын желі арқылы жұртқа жайған әйел болды ма тым болмаса?!
«Дулығалы заманның дүмпуінен, адам бара жатқандай малға айналып» депті Фариза ақын 70-жылдар- дың өзінде-ақ.
Тобыр (әуелі «жұрт» деп жұмсартып айтқым келген) белгілі бір ортақ мүддемен уақытша топтасқан адамдар жиыны. Оларға тән жалпы сипаттамалар – әсершілдік, өз әрекетін сараптамау, жауапсыздық.
Бізде кездесіп жүрген тобыр қалыптасуы мен мінез-құлқына орай, әрекетшіл тобыр аталады. Оның маңызды белгілерінің бірі – эмоционалдық халдегі, ашу-ызамен күш көрсетуге бейімділік. Әдетте бұл топтың қаскүнемдік пиғылдарын бағыттайтын, өзгелерден бұлтақсыз бағынуды талап ететін айғайшылдары болады. Оларға орынсыз агрессия тән. Мүшелерi оқиғаны, адамды, белгiлi бiр себептердi өз қиялында өзiне қажеттi түрге бұзып қабылдайды. Төңірегіне зеріккендер, қызығушылар көптеп жиналады. Абай: «Көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» деп олардың мінез-құлқынан нәпсіні қанағаттандырудың көрініс табуын айтқан.
Француз психологі Гюстав Лебон «Тобыр жел көтерiп, ұйытқытып, сосын жан-жаққа шашып тастаған жапырақтар сияқты» дейді. Тобыр ұғымынан «жұрт» ұғымына көшсек – ілгерілегеніміз.
Неге біздің адамдарда тобырлық психология басым болып кетті? Тарихқа көз тастасақ, адамзат баласы бірлесуді әуелі аналардың төңірегінде бастаған. Оны матриархат дейміз. Кейін аналар көбейіп, бірі-біріне бағынбайтын дәрежеге жеткенде, адамдар күштің төңірегінде, яғни ер азаматтардың төңірегінде бірлескен, оны патриархат дейміз.
Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап, Қазақстанда жаппай қалалану, яғни урбанизация үрдісі басталды. Содан бері әйелдер қауымы басымдыққа ие болды. Жаппай жоғары білім алу, қызметке тұру, ерлер мен әйелдерді теңестірді. Екеуі айлық жалақыны бірінен-бірі артық табуға тырысты. «Сен тапқан ақшаны мен де тауып отырмын» дейтін әйелдер көбейді. Бұған халықаралық әйел теңдігі, гендерлік саясат, әйелдерді кемсітушілікке жол бермеу сияқты құжаттар қолдау көрсетуде. Жеке басым оны орынсыз демеймін. Әйелдерді бағалау, жұмысын барынша жеңілдету – барлық ер азаматтың парызы. Мен өскен өлкеде әйел теңдігі сақтала бермейді. Олардың көбісі күң сияқты. Бірақ әйелдердің арасында ерін сыйламау, балаларының әкесі ретінде бағаламау барын несіне жасырамыз. Әлгі Конгесс холлда жүрген әйелдердің басым бөлігі – әуелі ерлерін мойынсұндырып, енді қоғамды өз айтқанына көндірудің кебі.
Қойылып жатқан талаптардың ішінде дұрыстары да бар шығар. Бірақ олардың ішінде жағдайы жақсы, баспанасы бар, ештеңеден мұқтаждық көрмегендер де бірталай. Мысал келтірелік: Сол Конгресс холлдағы жиынның нәтижесінде, 21 мың теңгенің жыры шықты. Бұл дұрыс шешім болған жоқ. Неге? Жүйесіздік! Бізде көп нәрсе жүйелік ыңғайға сай жасалмайды. Бір мәселені көп проблемалардың ішінен жұлып алып шешіп жіберу отыз жылдан бері жалғасып келеді.
Сол 21 мың теңгені алып жатқандардың ішінде үш қабатты үйі, қос-қос көлігі, табыс әкеліп тұрған кәсібі барлар шығып жатыр. «Ертең тартып алса да, бүгін алып қалайын» деген психология! Бес баласы барлардың ішінде ай сайын 105 мың теңге алып, жұмыстарын тастап, шіреніп жатқандар бар. Сарыағашта «Құдайдың бергені ғой, айына 21 000 теңге салып, «гәп ойнайық» деп айтқан сөздерді құлағымыз шалып қалды. «Өкімет асырамайтын болса, балаларды неге тудық?» деді әлеуметтік желіде мосқал тартып қалған бір әйел.
Өз басымды мысал етсем, 60-жылдардың басында ауылда тұрып жүгері нанын, талқанын жеп күнелттік бірер жыл. Шардараның күріші шыға бастаған кез еді. Негізгі тамағымыз күріш болды. Есік алдындағы жерге жабылып қызанақ, қияр, қауын, қарбыз, жоңышқа, жүгері егіп алатынбыз. Оларды өзіміз қарап, баптап, суаратынбыз. Қазір ондай учаскелердің көбі тулаққа айналып кетті.
Анамыз әкемізден ореол жасайтын: «Мына қылығыңды әкең біліп қоймасын» деп тәрбиелейтін. Демек адамның қарнының тоқтығы, көретін жақсылығы өздеріне байланысты екенін ұғынып өстік.
Ауызды қу шөппен сүрткендей болмағанда, жетіп жатқан жетістіктеріміз де жетерлік. Елбасы: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деді. Тыңдадық па? Тыңдамадық. «Аста-төк той жасағанша, ең қымбат адамдарыңмен шағын ғана тойлап, жинаған ақшаңызға жас отауға үй сыйлаңыздар» деді. Тыңдамадық. «Жалғыз сиырыңды сатып, нашар бір машина алып, ол екі-үш жылда жарамсызданып қалмасын» деді. Тыңдамадық. Наразымыз. Күндедік. Қызғандық.
Әйелдерді нақты қолдаймыз десек, 7 жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді толық жалақы беріп, 4 сағаттық жұмыс күніне көшіріп, балаларына көбірек қарауға мүмкіндік берген жөн. Голландияда солай. Ол ел ірі қараның сүті мен содан шығатын өнімдермен және туризмнен түскен табыспен елін асырап отыр. Бізде де сондай мүмкіндік бар.
Осыдан екі мың жыл бұрын еврейлер Иерусалимнен қуылып, тауға шығып кеткен кезде қалада қалып қойған бірен-сарандары хат жазыпты дейді: «Бізді төмендетіп жатыр, біздің балаларымызды дұрыс мұғалімдер оқытпайды, бізге дұрыс жұмыс бермейді» деп. Сонда таудан хат келіпті: «Егер сендердің балаларыңды нашар мұғалімдер оқытса, өздерің жетіліп, балаларыңды оқытатын өз мұғалімдерің болсын. Егер сендерге дұрыс жұмыс бермейтін болса, өздерің жетіліп, басшылық қызмет пен кәсіпорын иесі болыңдар да, адамдарыңа өздерің лайықты жұмыс беріңдер» депті. Мұндағы мораль: сәл болмай қалды, менің жөнім еді, алдымды орап кетті дегенді қойып айқын басымдыққа ие болып тұрсаң, өмірден өз үлесіңді аласың.
Жақында Фейсбуктегі парақшамда: «Мен Тәуелсіз елдің еркін ойлы, мемлекетшіл азаматымын. Біздің ел үшін үлкен тағдыршешті мәселе алдында тұрмыз. Экономикамыз көңіліміз қалаған биікке сүйрей ала тұрып, төмендеп қалдық. Шаштық. Төктік. Мақтандық. Есірдік. Енді есімізді жияйық. Арымызға жүгінейік. Артымызға қарайық. Жіберіп алғанымызды қайталамайық. Тарих доңғалағын ешкім де тездете алған емес. Бөркімізді алып ойланайық» деп жаздым.
Өмір бұлайша жалғаса беруі тиіс емес. Әрқайсымыз – өз бақытымыздың қожасымыз. Ойланайық!