«Қазақ емшілігі» – қажет кітап
«Қазақ емшілігі» –  қажет кітап
821
оқылды

Алматыда медицина ғылымдарының кандидаты, академик Қайрат Айдарханұлының «Қазақ емшілігі» атты екі томдық кітабы мен «Қазақ емшілігі энциклопедиясының» тұсаукесері өтті. 1979 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келе жатқан, талай жыл хирург болып жұмыс істеп, кейінгі жылдары ғұмырын бірыңғай қазақ емшілігіне арнаған жанның құнды еңбектері енді көпшілік үшін қолжетімді өнімге айналды.

Ұзақ жыл медицинада табан­ды еңбек еткен білікті дәрі­гер 39 жылдық қызметі барысында 17 мыңнан аса адамға операция жаса­ған. Осынау ерен еңбегі баға­­ланып, Мемлекеттік сый­лық­­ты да иеленген. Қайрат Ай­дар­ханұлы­ның есімі 1998 жылы Қытай елі­нің аз ұлттар өкі­лінің әйгілі адам­дар топтама­сы кітабы­на алғаш­қы­лар­дың бірі болып енді.

Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген ғалым қазір елор­да­­дағы «Шипалы» емдеу орта­лы­ғын басқарып отыр. Қаншама қызметтің өткелегінен өтсе де, өзінің ғалымдық, зерттеушілік қы­рын әркез жетілдірумен, да­мы­­­тумен келе жатқан жан. Со­ның арқасында жалпы қазаққа аса қажетті ерекше еңбектерді жазып шыққан. Тұсаукесер рәсі­мін белгілі жазушы Жәди Шә­кен­ұ­лы ашып, алғысөзін арнады.

– Талай жылғы ғұмырында жиып-терген дерегі мен тәжіри­бе­сін бүгін еліне енші, халқына байғазы етіп үлкен кітап ретінде ұсынып отыр. Сөзсіз, бұл – үлкен қазына. Еңбек ете жүріп соның бәрін қағазға тізіп отыру, әрбір деректі мұқият жинастыру, оны асқан ыждахаттылықпен кітапқа айналдыру, расында, үлкен шаруа. Біз бүгін сол еңбектің жемісін көріп, шын қуанып отырмыз. Ендігі ретте бұл кітап­тар ел игілігіне айналары күмән­сіз, – деп атап өтті ол.

Автордың айтуынша, жарық көріп отырған кітаптар ішінен қаншама ауруға дауа болатын ем-дом рет-ретімен, анық әрі ықшам етіп көрсетілген. Осының бәрі халықтың қажетіне жарап жатса, онда еңбегімнің ақталғаны дейді.          

– Қазақтың емшілік дәстүрі сонау ғасырлардан бері жалғасып келе жатыр. Мен де осы салаға көңіл бөліп, қызығушылық таныттым. Осы мақсатпен 2004 жылы елге келіп, дарқан даланың қасиетін зерделеп, түрлі шөптерді зерттей бастадым. Осы уақытқа дейін қазақ емшілігі туралы басы бүтін жинақталған кітап жоқ екен. Сол олқылықтың орнын тол­тырғым келді. Осы арқылы біз­дің ұлтта да дербес медицина болға­нын дәлелдегім келді. Мә­се­лен, бір ешкінің өзі 650 түр­лі шөп жейді. Бұл дегеніңіз 650 түрлі ауруға ем деген сөз. Осының ара-жігін ашып, нақты пайдасын барынша дәлелдеуге тырыстым. Ал борсықтың майы – тубер­ку­лез­дің дәрісі. Осын­дай түрлі ем-домдар дерегі толық­тай менің кітабымда келті­ріл­­­ген, – дейді Қайрат Айдархан­ұлы.

Кеш барысында өзге қонақ­тар ­да жылы лебіз білдіріп, келген қонақтардың барлығына үш томдық еңбек тарту етілді.