Бүгінгі жаһандық цифрландыру дәуірінде еңбекті қорғау стандарттары күнделікті тәжірибедегі маңызын жойып, жаңашылдықтан қалып барады. Басқару органдары жарақаттануды мүлде болдырмау мақсатында стандарттарды уақыт ағымына сай жаңартып, жаңа шешімдер қабылдап жатыр.
Біздің өмірімізде еңбектің маңызы зор. Ол барлық отбасының және тұтас қоғамның тұрақтылығының айқын бір көрінісі. Адамдар жайлы өмір сүруге жағдай жасайтын, жеке құқы жоғары қойылатын жұмыс табуға тырысады. Жұмыс істей алмайтындай жағдай туындаса, ауруға шалдығып не жарақат алып жатса, тиісті шаралар арқылы қауіпсіздігі қорғалғанын қалайды.
Лайықты еңбек – қауіпсіз жұмыс. Алайда күллі адамзат «нөлдік жарақаттану» деңгейіне жету үшін әлі де көп жұмыстар жасалуы керек. Осы орайда бір жылдық көрсеткішке назар салсақ, жазатайым оқиғалар мен кәсіптік сипаттағы ауру салдарынан әлемде 2 миллионға жуық адам қайтыс болады екен. Сонымен қатар 270 миллион өндірістік оқыс оқиғалар мен 160 миллион кәсіптік ауру тіркелген. Бұл деректер еңбек қауіпсіздігінің біздің елде ғана емес, әлемдік масштабтағы әлеуметтік құбылыс екенін айғақтайды.
Қазақстанда бұл мәселені шешуге мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер және бизнес қауымдастықтар тартылған. Еңбек қауіпсіздігі мақсатында заңнаманы жүйелі түрде жетілдіріп, өндірісті жаңғырту көзделіп отыр. Мемлекет соңғы 10 жылда осы бағытта ұлттық бағдарламалар арқылы бірқатар маңызды шаралар қабылдады. Қазіргі уақытта өндірістік жарақат алуды және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын қысқарту бойынша 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды. Сонымен қатар еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, отандық кәсіпорындар Vision Zero халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығына қосыла бастады.
Осы бастамалардың барлығы жұмыссыздықты азайтуға, жұмыспен қамтылған халықтың өнімділігін арттыруға, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және «нөлдік жарақаттану» мақсатында қолға алынған.
Атап айтқанда, еңбек кодексінде жұмыс берушінің міндеттеріне кәсіптік тәуекелдерді бағалау, өндірістік кеңес құру мерзімдерін белгілеу және еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйесінің модельдік регламентін әзірлеу ұсынылады. Заң жобасы Үкімет тарапынан мақұлданып, Парламенттің Төменгі палатасы қарауына жіберілді.
Бұл тұрғыдағы өзгерістер шағын кәсіпкерлікке де әсер етеді. Олар үшін биыл еңбекті қорғау ережесі жеңілдетіліп, өндірісте заманауи басқару жүйесі енгізіліп және тапсырыс берушіден мердігерге дейін тікелей бақылау жасалады.
Сонымен қатар алдағы 5 жылда елімізде осы саладағы озық тәжірибелерді енгізу үшін қажетті шаралар қолға алынбақ. Олар жұмысшыларға емдік және профилактикалық тамақтану, жұмыс киімдерін, оқыту мен мерзімдерін, қауіпсіздік мәселелері бойынша білім тестін және өндірістік нысандарды міндетті түрде сертификаттау ережелерін қайта қарастырады.
Еңбекті қорғау саласын жақсартуға бағытталған бұл қадамдар нәтиже бере бастады. Жұмыста жарақат алу мен өлім-жітімнің азаюы байқалады. Бірақ уақыт өте келе еңбекті қорғау ережелері, қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы қарым-қатынас үнемі өзгеріп отыратынын ұмытпауымыз керек. Кез келген жазатайым оқиғаның алдын алуға болады және оған тек еңбек процесіне қатысушы адамдардың ықпалымен қол жеткіземіз.
Адамдардың өз денсаулығын сақтауы мен жаман әдеттерден бас тарту туралы ойына үнемі қозғау салып отыру өте маңызды. Әр жұмыс орны мұндай жігерлі жұмыстар үшін ұлттық саясат пен бағдарламаларға сүйене отырып, жаһандық тәсілдерді жиі қолданады.
Жұмысшыларға, жұмыс берушілерге және кәсіподақтарға арналған барлық шаралардың мәні еңбек қауіпсіздігі менеджменті жүйесіндегі өндірістік апаттарды жоюға бағытталуы керек. Ал лайықты жағдайлар мен қалыптасқан өндірістік тұрмыс үшін ұйымшылдықпен әрекет ету керек.