Үкіметтің жәрдемақысына әркімнің ақ бар таласы. Мейлі ол айлығы шайлығынан артылмайтын отбасы болсын, не концерті мен тойы тоқтаған өнер адамдары болсын, бәрі 42 500 теңгеге қарап отыр. Өйткені бұл төлем табысынан қағылғандарға тиесілі. Рас. Алайда 30 минуттық өнері үшін 10 мың долларлап олжа табатын жұлдыздардың әлеуметтік жәрдемақыға жармасқаны қара халықтың ашуына тиіп отыр. Өйткені кей шын мұқтаж адамдардың өзі үкіметтің 42 мың теңгесіне қол жеткізе алмай отыр.
Сонымен әлеуметтік төлемді алған әншілер кім? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Айбек (Бүркіт) Сейітов, әнші:
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізге Қазақстан азаматтары атынан үндеу жолдаймын. Елімізде карантиннің енгізілгеніне бір айдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде медицина қызметкерлері адамнан вирусты тауып, емдей алатын дәреже жетті. Біз өз тарапымыздан қалалардың түрлі аудандарына барып, халыққа азық-түлік үлестіріп көмектесіп жатырмыз. Алайда біз барлық адамға көмектесе алмаймыз. Біз аз қамтылған отбасылардың жағдайларын көріп отырмыз. Күнкөрісін күнделікті жұмыспен тауып жүрген такси жүргізушілері, тазалықшылар, даяшылар, базарды жағалаған көпшілік қиын жағдайға тап болды. Және бұған жай қарап отыру оңай емес. Соған байланысты Сізден карантинді жеңілдетіп, көптеген компания және мекемелерге жұмысын жандандыруға мүмкіндік беруді сұраймын. Әрине, олардан карантин талаптарын сақтауды талап ету керек. Бұл азаматтардың жағдайын жеңілдетеді деп білемін. Әйтпесе халық жақында коронавирустан емес, аштықтан өледі. Бұл бейбіт кезеңде бәрінен қорқынышты», – деп жазды ол.
Ал арада бір күн өткен соң, Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова оған мынадай пікір білдірді.
Ақтоты Райымқұлова, Мәдениет және спорт министрі:
“Мемлекетіміз әр түрлі жеңілдіктерді ұсынып отыр. сондықтан біздің әртістеріміз де, егер өздерінің күнделікті табыстарынан айырылып жатса, әрине мемлекет ұсынып жатқан әртүрлі ұсыныстарға қатысуына мүмкіндігі бар.”
Міне, қызықтың көкесі де осыдан басталды. Тойы тоқтап, жалғыз табысынан қағылған жұлдыздар да Үкіметтің жәрдемақысына таласа бастады. Қатарында, танымал әнші Қарақат Әбілдина, көптеген хит әнімен танымал болған әнші Бағлан Әбдірайымов, сазгер Сара Жүнісбек, “Алашұлы” тобының экс-әншісі Әзімбек Байлин мен өнердегі басқа да әріптестері бар. Карантинде жұмыссыз қалған әнші әрі актер Дидар Кәденге де 42 500 теңге кәдесіне жарапты. Одан бөлек Серікбол Сайлаубек, танымал рөлдерімен көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген актер Дәурен Айдарқұлов та бір реттік төлем алғандардың тізімінде.
Қызығы, жәрдемақы алған жұлдыздардың қарасы мұнымен бітпейді.
Ерлан Малаев, “Бәтерек” тобының әншісі:
“Бір күнде қанша ақша кетеді, соны 3-4 айға бөліп тастасаң, біраз өнер адамдарының жағдайы нашарлап қалды. Сондықтан ойлаймын ешқандай ұялмай-ақ Үкіметтің берген көмегін көру керек. Сондықтан оның ешқандай ыңғайсыздығы жоқ деп ойлаймын.”
Иә, Үкіметтің жәрдемақысына әркімнің-ақ бар таласы. Сондықтан бір жағы табысынан қағылған әншілерді де түсінуге болатын шығар. Алайда айлығы шайлығынан артылмайтын қанша отбасы аталған төлемге әлі де қол жеткізе алмай жүргені тағы бар емес пе?
Елена Кузнецова, қала тұрғыны:
“Мен 42 500 теңгені алуға бірнеше рет өтініш білдіргенімен, маған 42500 төлеуден бас тартты. Өйткені декреттегі аналар алмайды-мыс. Карантин кезінде жұмысынан айырылған күйеуіме де ештеңе төленбеді. Сонда біз қалай жан бағуымыз керек? Жәрдемақыны шынымен мұқтаж адамдар алмаса, 42500 теңге кімдерге беріліп жатыр сонда?”.
Тұрар Саттарқызы, қоғам белсендісі:
“Шын мұқтаж адамның қазанына қол салу деп білем мен шын айтқанда. Шын мұқтаж адам ала алмай қалған, шын мұқтаж адамның жағдайы жоқ, бірақ әншілердің алуы мен үшін ұят сияқты. Олардың бәрінің бір-бір басына керемет үйлері бар, бір-бір басында қанша көліктері бар, мақтанып инстаграмда неше түрлі жазады, сөйтіп отырғанда халықтың асына қол сұғу ол мен дұрыс емес деп ойлаймын”.
Қысқасы, қоғам белсендісі Тұрар Саттарқызы әншілердің карантинде ақшасыз қалғандарына қанша айтса да сенбеймін дейді.
Бұл ретте, Мұзарт тобының әншісі Мейрамбек Беспаевтың айтқаны еске түседі. Республикалық арналардың біріне берген сұхбатында әнші жәрдемақыға қарап қалғандарды барып тұрған жалқау деп еді.
Мейрамбек Беспаев, әнші:
“Көмекті сұрап жатқан тек қана қазақ. Оны мен бір жағынан бұл жерде жалқаулық бар деп ойладым бір шеті. Қанымызда бар енді шынымен. Менің өзімнің маңайымда да інілерім, туыстарым жүр жалқау. Тек білімге де ұмтылмайтын, құр жататын. Ең болмаса, 42 500-ге қырылып қалған басқа халықты да көрген жоқпын”.
Сондай-ақ көптің көңілін күпті еткен тағы бір мәселе бар. Шетелде өнер жұлдыздары биліктен ақша сұрамақ түгілі, керісінше пандемия кезінде халыққа қолдан келгенше қолдау білдіруге тырысты. Бірі ақшалай, өзгесі материалдық көмек берді. Ал біздегі жұлдыздардың жәрдемақыға қол сұққаны барып тұрған ұят дейді қоғам белсенділері.