Қашаған қолдан кете ме?
Қашаған қолдан кете ме?
231
оқылды
Осыдан 7 жылдай бұрын Швецияда төрелік сот әкелі-ба­лалы молдовалық кәсіпкерлердің респуб­ли­камыздан 543 миллион доллар өндіре алатынын растап, шешім шығарған болатын. Бірақ аумағы Қарағанды облысына ғана теңелетін еуропалық бұл мем­лекетте біздің елдің құны қомақты мүлкі жоққа тән. Ал оффшорлық аймағы көп Нидерландының (Голландияның) жайы басқа. Әлемде көптеген жекеменшік, тіпті мемлекеттік және квазимемлекеттік компа­ниялар өз активін сонда ұстауға құмар. Стокгольм көңілін қанағат­тандырған үкімді шыға салысымен Анатолий Стати: «бұл шешім KMG Kashagan B.V. компа­ния­сының бұған дейін бұғатталған акцияларын мәжбүрлі түрде сатуға жол ашады» деп мәлімдеді. Оның үстіне бұл жеңіс оны қазақстандық шенеуніктермен басқа елдерде де соттасуға шабыттандырған көрінеді. «Арбитраждық шешім бо­йынша кредиторлар өздеріне тағайын­далған барлық соманы және сот шығындарын бүкіл қол­жетімді аумақ-юрисдикцияларда өндіртіп алуға күш салуын табанды жалғастырады», – деді даукес бизнесмен. Өз кезегінде біздің Әділет ми­нистрлігі Қазақстанның берілмей­тінін, сот шешіміне қарсы ша­ғым түсіру мүмкіндігін және нұс­қаларын зерделеп жатқанын мәлімдеді. KMG Kashagan B.V. компа­ниясы арқылы ел Үкіметі Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай-газдың аса ірі кен орнын игеріп жатқан ха­­лықаралық консорциум жұмы­сына қатысып жатыр.  

Жалған дерекке сүйенген шешім

Жалпыға таралған байламға қарамастан, дамыған елдердің соты да әрдайым әділетті бола бермейді: судья өз қалауынша және өз көз­қарасына қарай кез келген дәлел-дәйектемені назарға алудан бас тарта салады. Кейбір сарапшылар Статиді шахмат тақтасындағы «пешка» санайды, оның артында әлдеқайда қуатты күштер түрса керек. Әділет министрлігі бұл істе бір гәп бар дейді. Ол олқылық гол­ландтық сотта да бой көрсетіп қалған көрінеді. – Амстердамдағы соттың ше­шімі «Статидің төркіні ашылмаған, алайда өзара байланысты тараптар арасындағы мәмілелерге қандай да бір нақты немесе құқықтық негіз­дерсіз қатысқаны» туралы Қа­зақстанның позициясын растады. Сол транзакцияларды Стати шы­ғындарды арттыру үшін пайда­ланып, кейін оны өтеуді респуб­ликамыздан төрелікте талап етті. Сот Статидің компаниялары заңды немесе нақты негізсіз бір-біріне төлем аударғаны туралы қоры­тындыға келді, – дейді ведомство. Онда неге үкім алаяқтың пай­дасына шешілді? Судья мұны биз­несменді айыптау үшін салмақты айғақ емес деп тауыпты. «Бұл төлем төлеулер республи­камыз бен Стати арасында дау туындағанға дейін жүргізілген­діктен, Амстердам соты швед сотының оң шешімін танудан бас тарту үшін ол төлемдер жеткіліксіз деген ұйғарымға келді. Қазақстан сот аргументациясының осы бө­лігімен келіспейді. Біздің ұста­нымызша, төрелік сотқа Статидің өз шығыстары туралы көрінеу жал­ған мәліметтерді және фальси­фи­кацияланған қаржылық көрсет­кіштер ұсынуы – проце­с­суалды алаяқтықтың жарқын үл­гісі болып есептеледі. Себебі три­бунал шешім шығарған кезде соның көрсеткен деректеріне сүйенді», – дейді Әділет ми­нистрлігі. Қалай болғанда, голландиялық сот іске тікелей қатысты және Стати­дің алаяқтығын нақты көрсе­тетін қаржылық көрсеткіштер ту­ралы ақпаратты қарамай, талқы­лаудан алып тастады. «Мәселен, өткен жылы KPMG халықаралық консалтинг ком­паниясы Статидің Қазақстандағы компанияларына берілген ауди­торлық есептерін қайтарып алды. Өйткені бұл есептері молдовалық бизнесмендердің аудиторларға әдейі ұсынған жалған қаржылық ақпаратқа құрылған еді. Бұл ретте соттағы талқылау кезінде голлан­диялық сот та, Қазақстан да 2016-2019 жылдар аралығында Стати мен KPMG өзара хат алмасқаны жайында құлағдар болмады. Бұл жайт тек 2019 жылдың қазанында, яғни Амстердамның апелляциялық сотындағы тыңдаудан 3 ай өт­кеннен кейін ғана анықталды. Ол хаттарда KPMG Статиден неліктен аудитке айтарлықтай бұрмаланған мәліметтерді ұсынғанын сұрайды. Сондай-ақ Батыс Қазақстандағы Боранкөл кен орнында құрылысы аяқталмаған газ өңдеу зауыты шығынының жүздеген миллион долларға бағалануы қаншалықты заңды деген мәселе көтереді. Төрелік басталғанға дейін зауытты салуды тоқтатқан Стати осы маңызды дәлел туралы білген», – дейді Әділет министрлігі. Білген, алайда айтпаған. Ақ­шаға құныққан адам өз алаяқтығын айғақтайтын деректі жабулы қазан күйінде қалдыруға жан салады. «Ағайынды Статилер Қазақ­станға қарсы жасалған алаяқтық­тың кең ауқымын жасыру мақса­тында бұл ақпаратты голландиялық соттан жасырды. Республика сот шешіміне шағым жасау мүмкін­діктерін және әртүрлі нұсқаларын зерделеуде», – деді әділет ведомствосы. Кейбір сарапшылар бұл жеңі­лісті Марат Бекетаев басқа­ратын осы министрліктің қателігі са­найды. Олардың пайымдауынша, «Статилердің зауыт құрылысы сметасын шектен тыс өсіріп көрсет­кені туралы барлық дәйекте­мені Әділетмині арбитраждық талқылау кезінде пайдаланбады, ол айғақты тек арбитраж шешіміне шағым түсіру барысында ғана қосуға ұйғарған». Мұндай жүйесіз­дікті әлемдегі бірде-бір соттың суқаны сүймейді және қабылда­майды. Ал ведомство болса, ол деректі кеш білдік деп отыр.  

Халықаралық аудиторлар да алданған

2017 жылы Статилердің күш салуымен Қазақстанның Ұлттық қорының 22,6 миллиард доллар активі бұғатталғаны мәлім. Ар­тынша еліміз ол шектеулердің то­лық дерлік алып тасталуына қол жет­кізді. Кейбір елдің сотында Статилердің алаяқтығын да жеріне жеткізе дәлелдеп, жетістікке жете алды. Бірақ молдовалық кәсіпкер­лер ел Үкіметінің басын әр алуан сотқа сүйреуден жалығар емес. Қашаған акцияларын бұғаттату сыртында, Статидің қорғаушылары мен демеушілері Қазақстанның шетелдегі – Швециядағы, Люксем­бургтегі және Бельгиядағы дүние-мүлкіне тұтқын қойылуына қол жеткізіпті. Кейбір бағалаулар бойынша ол мүліктің жалпы құны 6,25 миллиард долларды құрайтын көрінеді. Демек, қазақ елі оның бәрінен айырылып қалады деуге негіз жоқ. Еуропалық сот Статиге 543 миллион доллар өндіруге ғана рұқсат еткен. Қазақстан бұл сома­ның да негізсіз екенін дәлелдеп, алақол бизнесменді құралақан қалдырмақ ниетте. Егер швед және басқа соттар­дың үкімі жалған деректерге негіз­делгенін дәлелдей алса, Әділет министрлігі бұл жолда көп іл­герілер еді. Karashiganak Мысалы, штаб-пәтері Нидер­ландының Амстелвеенінде орна­ласқан, жаһандық «Үлкен төрт­тікке» кіретін KPMG халықаралық консалтинг компаниясы Анатолий Стати бақылауындағы компания­ларға қатысты 3 жылды қамтитын қаржылық есептерінің және 18 аудиторлық қорытындысының күшін жойғанын мәлімдеді. Себебі белгілі – KPMG аудиторларына Стати жалған дерек ұсынған. «Қандай да бір шешім қабыл­дағанда, мәлімдеме жасағанда KPMG Audit жауапкершілігі шектеулі қоғамы шығарған ауди­торлық қорытындыларды негізге алмаған жөн» деп ескерту таратты осы фирма. Ал еуропалық судья не істеп отыр? Ол шешім шығарғанда осы фейк-мәліметтерге иек артқан. KPMG осындай байламға келмес бұрын Статидің ымыралас компаниялармен жалған әрі жа­сырын мәмілелер жасасу арқылы «Қазақстанға салдым» деген ин­вестицияларының құнын жүздеген миллион долларға қолдан өсіргенін дәлелдейтін материал­дармен та­нысқан екен. Статидің бұрынғы қаржы директоры Артур Лунгу да өзге елдердегі соттарда ант бере оты­рып, осыны растайтын айғақ­сөз айтыпты.  

Ресей де күресті жалғастырмақ

Әділін айта кету керек, ин­весторсымақтармен соттасып жүрген жалғыз Қазақстан емес. Ірілі-ұсақты мыңдаған бизнесмен жыл сайын жүздеген елдің үстінен арбитраждарға шағым түсіреді. Ұзақ жыл соттасып жатқаны – он­даған мың. Олардың арасында дамыған барлық ел бар. Мұндай халықаралық істерде ешбір мем­лекет қарсыласынан жеңілмеуге, тайталаста жығылмауға, тіпті бір тиын бермеуге тырысады. Өйткені ондай жеңіліс мем­лекеттің шетелдегі дүние-мүлкіне үлкен қатер төндіреді. Ақылы жұмыс істейтін төрелік соттар өз беделін паш ету, неғұрлым көп клиентті тарту үшін тосын шешім­дер қабылдауға бейім тұрады. Сөйтіп, дау сомасынан ондаған, тіпті жүздеген есе қымбат мемле­кеттік мүлікті бұғаттап тастауы ықтимал. Салдарынан дамушы елдер үшін жер-жаһанның әр жерінде мүлік сатып алу, маңызды эконо­микалық серіктестер аумағында ша­руашылық қызмет жүргізу қиындайды. Әйтсе де, солай екен деп, бірде-бір мемлекет шетелдегі бар мүлкін сатып, сауда және басқа да өкіл­діктерін жауып, есігін іштен іліп, қамалып отыра алмайды. Мем­лекеттер арасындағы жаһан­дық бәсекенің осы арам құбы­лысымен алыса жүріп, алға жүруге тырысады. Мысалы, 2020 жылдың науры­зында Польша мен Ресей ара­сындағы дауға нүкте қойылды: Стокгольм арбитраж соты Газпром­ды поляктың PGNiG компа­ния­сына шамамен 1,5 миллиард доллар төлеуге міндеттеді. Өйткені сол­түстік көрші Ямал контрактісі бо­йынша міндеттемелерін орында­маған. 30 маусымда Газпром осы қаражатты толық көлемде төледі. Нидерландыдағы апелляция­лық сот 2020 жылдың ақпанында үкім шығарып, Ресей үшін пайдалы болған Гааганың округтік сотының 2016 жылғы шешімінің күшін жойды және 2014 жылғы халық­ара­лық арбитраждың шешімін қай­та қалпына келтірді. Оған сәйкес, Ресей ЮКОС мұнай компания­сының бұрынғы акционерлеріне 50 миллиард доллар өтемақы төлеуге қайтадан міндеттелді. Ал бұл сома мысалы, Мәскеудің шамамен екіжылдық бюджетіне тең. Онсыз да санкциядан сансыраған мем­лекет сонша қаражат төлеуге қауқарсыз екені сөзсіз. Сондықтан Ресей үкіметінің заңгерлері Нидерланды заңнама­сын әрі-бері ақтара келе, осы елдің Жоғарғы сотына шағым түсіру арқылы апелляциялық сот ше­ші­мінің күшін жойғызуға болаты­нын анықтапты. Кремль енді осы бағытта тегеурінді қимылдамақ. Қазақстанның Әділет министр­лігіне өзге елдердің табысты тә­жірибелерін зерттей түскені жөн болса керек.  

Елдос СЕНБАЙ