Осыдан 7 жылдай бұрын Швецияда төрелік сот әкелі-балалы молдовалық кәсіпкерлердің республикамыздан 543 миллион доллар өндіре алатынын растап, шешім шығарған болатын. Бірақ аумағы Қарағанды облысына ғана теңелетін еуропалық бұл мемлекетте біздің елдің құны қомақты мүлкі жоққа тән. Ал оффшорлық аймағы көп Нидерландының (Голландияның) жайы басқа. Әлемде көптеген жекеменшік, тіпті мемлекеттік және квазимемлекеттік компаниялар өз активін сонда ұстауға құмар. Стокгольм көңілін қанағаттандырған үкімді шыға салысымен Анатолий Стати: «бұл шешім KMG Kashagan B.V. компаниясының бұған дейін бұғатталған акцияларын мәжбүрлі түрде сатуға жол ашады» деп мәлімдеді. Оның үстіне бұл жеңіс оны қазақстандық шенеуніктермен басқа елдерде де соттасуға шабыттандырған көрінеді. «Арбитраждық шешім бойынша кредиторлар өздеріне тағайындалған барлық соманы және сот шығындарын бүкіл қолжетімді аумақ-юрисдикцияларда өндіртіп алуға күш салуын табанды жалғастырады», – деді даукес бизнесмен. Өз кезегінде біздің Әділет министрлігі Қазақстанның берілмейтінін, сот шешіміне қарсы шағым түсіру мүмкіндігін және нұсқаларын зерделеп жатқанын мәлімдеді. KMG Kashagan B.V. компаниясы арқылы ел Үкіметі Каспий теңізіндегі Қашаған мұнай-газдың аса ірі кен орнын игеріп жатқан халықаралық консорциум жұмысына қатысып жатыр.
Жалған дерекке сүйенген шешім
Жалпыға таралған байламға қарамастан, дамыған елдердің соты да әрдайым әділетті бола бермейді: судья өз қалауынша және өз көзқарасына қарай кез келген дәлел-дәйектемені назарға алудан бас тарта салады. Кейбір сарапшылар Статиді шахмат тақтасындағы «пешка» санайды, оның артында әлдеқайда қуатты күштер түрса керек. Әділет министрлігі бұл істе бір гәп бар дейді. Ол олқылық голландтық сотта да бой көрсетіп қалған көрінеді. – Амстердамдағы соттың шешімі «Статидің төркіні ашылмаған, алайда өзара байланысты тараптар арасындағы мәмілелерге қандай да бір нақты немесе құқықтық негіздерсіз қатысқаны» туралы Қазақстанның позициясын растады. Сол транзакцияларды Стати шығындарды арттыру үшін пайдаланып, кейін оны өтеуді республикамыздан төрелікте талап етті. Сот Статидің компаниялары заңды немесе нақты негізсіз бір-біріне төлем аударғаны туралы қорытындыға келді, – дейді ведомство. Онда неге үкім алаяқтың пайдасына шешілді? Судья мұны бизнесменді айыптау үшін салмақты айғақ емес деп тауыпты. «Бұл төлем төлеулер республикамыз бен Стати арасында дау туындағанға дейін жүргізілгендіктен, Амстердам соты швед сотының оң шешімін танудан бас тарту үшін ол төлемдер жеткіліксіз деген ұйғарымға келді. Қазақстан сот аргументациясының осы бөлігімен келіспейді. Біздің ұстанымызша, төрелік сотқа Статидің өз шығыстары туралы көрінеу жалған мәліметтерді және фальсификацияланған қаржылық көрсеткіштер ұсынуы – процессуалды алаяқтықтың жарқын үлгісі болып есептеледі. Себебі трибунал шешім шығарған кезде соның көрсеткен деректеріне сүйенді», – дейді Әділет министрлігі. Қалай болғанда, голландиялық сот іске тікелей қатысты және Статидің алаяқтығын нақты көрсететін қаржылық көрсеткіштер туралы ақпаратты қарамай, талқылаудан алып тастады. «Мәселен, өткен жылы KPMG халықаралық консалтинг компаниясы Статидің Қазақстандағы компанияларына берілген аудиторлық есептерін қайтарып алды. Өйткені бұл есептері молдовалық бизнесмендердің аудиторларға әдейі ұсынған жалған қаржылық ақпаратқа құрылған еді. Бұл ретте соттағы талқылау кезінде голландиялық сот та, Қазақстан да 2016-2019 жылдар аралығында Стати мен KPMG өзара хат алмасқаны жайында құлағдар болмады. Бұл жайт тек 2019 жылдың қазанында, яғни Амстердамның апелляциялық сотындағы тыңдаудан 3 ай өткеннен кейін ғана анықталды. Ол хаттарда KPMG Статиден неліктен аудитке айтарлықтай бұрмаланған мәліметтерді ұсынғанын сұрайды. Сондай-ақ Батыс Қазақстандағы Боранкөл кен орнында құрылысы аяқталмаған газ өңдеу зауыты шығынының жүздеген миллион долларға бағалануы қаншалықты заңды деген мәселе көтереді. Төрелік басталғанға дейін зауытты салуды тоқтатқан Стати осы маңызды дәлел туралы білген», – дейді Әділет министрлігі. Білген, алайда айтпаған. Ақшаға құныққан адам өз алаяқтығын айғақтайтын деректі жабулы қазан күйінде қалдыруға жан салады. «Ағайынды Статилер Қазақстанға қарсы жасалған алаяқтықтың кең ауқымын жасыру мақсатында бұл ақпаратты голландиялық соттан жасырды. Республика сот шешіміне шағым жасау мүмкіндіктерін және әртүрлі нұсқаларын зерделеуде», – деді әділет ведомствосы. Кейбір сарапшылар бұл жеңілісті Марат Бекетаев басқаратын осы министрліктің қателігі санайды. Олардың пайымдауынша, «Статилердің зауыт құрылысы сметасын шектен тыс өсіріп көрсеткені туралы барлық дәйектемені Әділетмині арбитраждық талқылау кезінде пайдаланбады, ол айғақты тек арбитраж шешіміне шағым түсіру барысында ғана қосуға ұйғарған». Мұндай жүйесіздікті әлемдегі бірде-бір соттың суқаны сүймейді және қабылдамайды. Ал ведомство болса, ол деректі кеш білдік деп отыр.Халықаралық аудиторлар да алданған
2017 жылы Статилердің күш салуымен Қазақстанның Ұлттық қорының 22,6 миллиард доллар активі бұғатталғаны мәлім. Артынша еліміз ол шектеулердің толық дерлік алып тасталуына қол жеткізді. Кейбір елдің сотында Статилердің алаяқтығын да жеріне жеткізе дәлелдеп, жетістікке жете алды. Бірақ молдовалық кәсіпкерлер ел Үкіметінің басын әр алуан сотқа сүйреуден жалығар емес. Қашаған акцияларын бұғаттату сыртында, Статидің қорғаушылары мен демеушілері Қазақстанның шетелдегі – Швециядағы, Люксембургтегі және Бельгиядағы дүние-мүлкіне тұтқын қойылуына қол жеткізіпті. Кейбір бағалаулар бойынша ол мүліктің жалпы құны 6,25 миллиард долларды құрайтын көрінеді. Демек, қазақ елі оның бәрінен айырылып қалады деуге негіз жоқ. Еуропалық сот Статиге 543 миллион доллар өндіруге ғана рұқсат еткен. Қазақстан бұл соманың да негізсіз екенін дәлелдеп, алақол бизнесменді құралақан қалдырмақ ниетте. Егер швед және басқа соттардың үкімі жалған деректерге негізделгенін дәлелдей алса, Әділет министрлігі бұл жолда көп ілгерілер еді.Ресей де күресті жалғастырмақ
Әділін айта кету керек, инвесторсымақтармен соттасып жүрген жалғыз Қазақстан емес. Ірілі-ұсақты мыңдаған бизнесмен жыл сайын жүздеген елдің үстінен арбитраждарға шағым түсіреді. Ұзақ жыл соттасып жатқаны – ондаған мың. Олардың арасында дамыған барлық ел бар. Мұндай халықаралық істерде ешбір мемлекет қарсыласынан жеңілмеуге, тайталаста жығылмауға, тіпті бір тиын бермеуге тырысады. Өйткені ондай жеңіліс мемлекеттің шетелдегі дүние-мүлкіне үлкен қатер төндіреді. Ақылы жұмыс істейтін төрелік соттар өз беделін паш ету, неғұрлым көп клиентті тарту үшін тосын шешімдер қабылдауға бейім тұрады. Сөйтіп, дау сомасынан ондаған, тіпті жүздеген есе қымбат мемлекеттік мүлікті бұғаттап тастауы ықтимал. Салдарынан дамушы елдер үшін жер-жаһанның әр жерінде мүлік сатып алу, маңызды экономикалық серіктестер аумағында шаруашылық қызмет жүргізу қиындайды. Әйтсе де, солай екен деп, бірде-бір мемлекет шетелдегі бар мүлкін сатып, сауда және басқа да өкілдіктерін жауып, есігін іштен іліп, қамалып отыра алмайды. Мемлекеттер арасындағы жаһандық бәсекенің осы арам құбылысымен алыса жүріп, алға жүруге тырысады. Мысалы, 2020 жылдың наурызында Польша мен Ресей арасындағы дауға нүкте қойылды: Стокгольм арбитраж соты Газпромды поляктың PGNiG компаниясына шамамен 1,5 миллиард доллар төлеуге міндеттеді. Өйткені солтүстік көрші Ямал контрактісі бойынша міндеттемелерін орындамаған. 30 маусымда Газпром осы қаражатты толық көлемде төледі. Нидерландыдағы апелляциялық сот 2020 жылдың ақпанында үкім шығарып, Ресей үшін пайдалы болған Гааганың округтік сотының 2016 жылғы шешімінің күшін жойды және 2014 жылғы халықаралық арбитраждың шешімін қайта қалпына келтірді. Оған сәйкес, Ресей ЮКОС мұнай компаниясының бұрынғы акционерлеріне 50 миллиард доллар өтемақы төлеуге қайтадан міндеттелді. Ал бұл сома мысалы, Мәскеудің шамамен екіжылдық бюджетіне тең. Онсыз да санкциядан сансыраған мемлекет сонша қаражат төлеуге қауқарсыз екені сөзсіз. Сондықтан Ресей үкіметінің заңгерлері Нидерланды заңнамасын әрі-бері ақтара келе, осы елдің Жоғарғы сотына шағым түсіру арқылы апелляциялық сот шешімінің күшін жойғызуға болатынын анықтапты. Кремль енді осы бағытта тегеурінді қимылдамақ. Қазақстанның Әділет министрлігіне өзге елдердің табысты тәжірибелерін зерттей түскені жөн болса керек.Елдос СЕНБАЙ