Шорнақ ауылының тұрғындары арасындағы жанжалда 4 адам жарақаттанып, 4 адам ұсталды
Шорнақ ауылының тұрғындары арасындағы жанжалда 4 адам жарақаттанып, 4 адам ұсталды
261
оқылды
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Түркістан облысы Шорнақ ауылының тұрғындары арасындағы жанжалда 4 адам жарақаттанып, 4 адам ұсталғанын айтты.
«Түркістан облысы Шорнақ ауылында жастар арасында тұрмыстық жанжал болды. Екі жақ бір-біріне тас лақтырып, нәтижесінде 1 учаскелік инспектор мен 3 тұрғын жарақат алды. Оқиға орнына дереу жеткен полиция учаскелік инспекторы жарақат алғанына қарамастан, заңбұзушылықтың жолын кесті. Жедел іздестіру шаралары барысында жанжалға қатысқан 4 азамат анықталып, ұсталды», - деді министр таңертеңгі шұғыл брифингте.
Оның сөзінше, қазір жанжалдың неден шыққаны, барлық мән-жай тексеріліп жатыр. Бұзақылық фактісі бойынша тергеу жумыстары жүргізілуде. Полиция қызметкерлерінің қызметі күшейтілген.
«Бірақ арандатушылар әлеуметтік желі арқылы тәртіпсіздік жасауға шақырып,  жалған ақпараттар таратқан. Полиция қызметкерлері бұл заңсыз әрекеттердің жолын кесті. Бұл үшін заңға сәйкес қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертемін. Ауылдағы тәртіпті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері өз жұмысын күшейтті. Қазір жағдай тұрақты», - деп айтты министр.
Еске салсақ, Түркістан облысы Кентау қаласына жақын орналасқан Шорнақ ауылында тұрмыстық жанжал болған. Оқиға орнына дереу жеткен полиция учаскелік инспекторы заңбұзушылықтың жолын кескен. Бір топ адам қарсылық танытып, тәртіпке бағынбаса да, полиция қызметкері алған жарақатына қарамастан, басбұзарлардың қару қолдануына және қол жұмсауына жол бермеген. Тас тиген учаскелік инспектор мен үш тұрғынға сол жерде медициналық көмек көрсетілді.