Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайды тексеру үшін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барды, - деп хабарлады primeminister.kz.
Сапар барысында облыстағы бірқатар медициналық мекемелерді аралап, өңірдегі медицина қызметкерлерімен кездесу өткізді, сондай-ақ «СҚ-Фармация» ЖШС қоймаларында дәрі-дәрмектер қорының болуын тексерді.
«СҚ-Фармация» ЖШС қоймаларын тексеру кезінде КВИ мен пневмонияны емдеу үшін қажетті дәрі-дәрмектердің екі түрі - дексаметазон және преднизолон дәрілері бойынша бір айлық қорының тапшылығы анықталды. Осы мәселені шешу үшін «СҚ-Фармация» ЖШС-ына Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп медициналық мекемелерге тиелген дәрі-дәрмектерге аудит жүргізу, сондай-ақ қысқа мерзім ішінде дәрілік заттардың қажетті қорын қамтамасыз ету тапсырылды.