Таратып айтсақ, кірісі жоғары банктердің алғашқы бестігін 144,8 млрд теңге табыс тапқан Халық Банк бастайды. Екінші орында 108,1 млрд теңге табысқа кенелген Kaspi Bank тұр. Қалған үш орынды ForteBank – 28,9 млрд, Сбербанк – 28,7 млрд, Ситибанк 26,3 млрд теңге табыспен қорытындылайды. Ал Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, 1 шілдедегі жағдай бойынша екінші деңгейлі банктердегі депозит те өсім көрсеткен – банктердегі депозиттердің жалпы көлемі 19,3 трлн теңгеге жеткен. Соңғы бір жылда депозит 2,65 трлн теңгеге өскен. Осыған қарап коронадағдарыс банктерді айналып өткен бе деп ойласаңыз, еркіңіз. Бір анығы, коронадағдарыстың екінші деңгейлі банктерге ықпалы түрлі-түрлі болғанын көреміз: бірі табысқа кенеліп жатыр, енді бірі жабылуға жақын тұр.
Наурыз айы кімге сәтті, кімге сәтсіз болды?
Жалпы, банктердің қаржылық жағдайына алғашқы жарты жылдың ішінде наурыз айы айтарлықтай өзгеріс әкелді деуге болады. Себебі дәл осы айда мұнай бағасымен қатар ұлттық валютамыз да құлдырауды бастан кешті. Ресми бағам бір доллар үшін 381,1-ден 448,01 теңгеге жетті. Сәуірде 1 доллардың бағасы 429,41, мамырда 412,55 теңгеге дейін көтерілді. Теңгенің нығаюы маусымның алғашқы он күнінде тіркелді. 9 маусымда тіркелген айырбастау бағамы 1 доллар үшін 397,31 теңге болды. Содан кейін ұлттық валюта қайта әлсіреп, айдың соңында 403,83 дейін төмендеді. Қазіргі күні 1 доллар бағасы 410-415 теңге арасында құбылып тұр. Біз теңге бағамы туралы текке сөз қозғап отырған жоқпыз. Себебі депозиттер статистикасы теңгедегі деректермен жұмыс істейтіндіктен, айырбастау бағамының барлық өзгерістері автоматты түрде депозиттік портфель көлемінің өзгеруіне ықпал етеді. Мысалы, Халық Банкінің депозиттік қоржыны наурыз айында бірден 539 млрд теңгеге өскен. Сбербанктің салымдары бірінші жартыжылдықта 194 млрд теңгеге ұлғайса, наурыз айындағы үлес осы соманың 76 пайызын құрады. Альфа банк те ұқсас көрсеткішке ие – 52%, Банкцентркредит (43%), Jysan Bank (93% ) те депозиттік қоржынды ұлғайтуға қол жеткізген. Осылайша, бірқатар банктерде наурыздағы түсімдер жарты жылдағы өсімнен жоғары болды. Халық банк әдетте 6 айда 283 млрд теңге депозит тартса, наурызда 539 млрд теңге тартқан. Citibank (52 млрд – 126 млрд), Forte (58 млрд – 115 млрд), Алтын банк (24 млрд – 52 млрд) осылай жалғасып кете береді. Бірақ бұл елдегі банктердің бәрі бірдей депозитін молайтып алды дегенді білдірмейді. Мысалы, наурызда депозиттік базаның өсуі бойынша рекордқа жетпеген төрт банктің қатарында RBK банкі, Eurasia, Home Credit және ATF болды. Мысалы, RBK банкінің клиенттерінің арасындағы жеке тұлғалар өз есепшоттарынан 22 миллиард теңгені шешіп алды, бірақ алдыңғы айда жекелеген клиенттер RBK-ға 25 миллиард теңге алып келді. Сондықтан наурыздағы клиенттердің ақшасын алып кетуі банкке аса ауыр соққы болмады. Себебі жалпы алғанда, бірінші жартыжылдықта RBK-дағы салымдар 76 млрд теңгеге өскен. Ал бұл өсімдегі заңды тұлғалардың үлесі басым болып отыр – 72 млрд теңге. Хоум Кредит үшін де наурыз айы сәтсіз болды. Бұл айда банк клиенттері 18 млрд теңгесін алып кетсе, 6 ай ішінде заңды тұлғалар банктен 29 миллиард теңгесін шешіп алған. Банк салымшылардың мінез-құлқына тәуелді. Бәсекелестеріне қарағанда Хоум Кредит міндеттемелеріндегі клиент қаражатының үлесі бар болғаны 44% құрайды, бұл нарықтағы орташа көрсеткіштен 78% төмен. Еуразиялық банктегі депозиттер наурызда азайған жоқ, бірақ өсім де мәз емес, бар болғаны – 2,4 млрд теңге. Есесіне, сәуір мен маусым аралығында банкке 36 млрд теңгеден астам қаржы тартылды. 6 айдың ішінде депозит көлемі 64 млрд теңгені құрады. Банк сарапшылары бұл банкті RBK банкпен тағдырлас деп санайды. Себебі екі банктің де акционерлері тау-кен активтеріне иелік етеді. АТФ банктің депозиті 6 айдың ішінде 58 млрд теңгеге азайған. Құлдырау бизнес клиенттер қоржынында болған – 57 млрд теңге. Салыстырмалы түрде бұл ағын қауіпті емес көрінеді.Бізде банктер бәсекесі бар ма?
Соңғы 1 жылда депозиттер динамикасында Kaspi банк жақсы нәтижеге қол жеткізген, депозитіне 489 млрд теңге қосқан. Бұл тұрғыда Халық банк Kaspi банктен 23 млрд теңгемен 2-орында тұр. 3-орында – Сбербанк (+344 млрд). Одан кейінші орында – Citibank пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, бірақ банк сарапшылары Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бизнес ерекшелігіне байланысты оны бұл рейтингте бәсекелес санамайды. Сондықтан 4-орын Forte-ге (+153 млрд.) тиесілі, ал алғашқы бестікті Альфа банк (+149 млрд.) жабады деп санайды. Жалпы, Kaspi мен Халық арасындағы бәсекенің күшейгенін байқауға болады. Өткен жылдың соңында Халық Kaspi-ге қарағанда 1,8 есе көп пайда тапты, бірақ бірінші жартыжылдықта түсім 1,3 есеге дейін төмендеді. Бұл бәсеке екі банкке де қызметті жақсартуға және технологияны жетілдіруге ынталандырады. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда халықтың көпшілігі Kaspi қосымшасын тұтынады. Ал бірер күн бұрын бұл қосымша уақытша істемей қалғанда Kaspi клиенттері үшін тіршілік тоқтап қалғандай болды. Бұл аталған банктің нарықта монополияға ие болғанын білдіреді. Оған банк кінәлі емес. Бұған Kaspi банкке бәсекелес екінші бір банктің шықпай тұрғаны себеп. Kaspi қосымшасындағы қызметтің барлығы дерлік Халық банкте бар, бірақ клиенті көп емес. Соның себебін зерттеу Халық банкке сын. Біз мұны неге айтып отырмыз, себебі банктердің қаржылық ахуалына шолу жасағанда ресейлік банктердің жергілікті банктерге салмақты бәсекелеске айнала бастағанын көреміз. Мысалы, Сбербанк клиенттердің қаражаты бойынша 3-орында (1,8 трлн теңге) және өткен жылы бұл көрсеткішті 24% -ға арттырды, бұл нарықтағы 16% -дан 1,5 есе жоғары. Альфа ( активтер бойынша 12-орын) депозиттік портфелін екі есе жылдам арттырып жатыр. Егер соңғы жылы депозиттердің өсуі 85% құраған ВТБ-ны еске алсақ, онда ресейлік еншілес компаниялардың клиенттерді қаржыландыру нарығында жергілікті банктерге елеулі бәсеке тудыратынын мойындауымыз керек. Қазірдің өзінде Сбербанк карта ашқан клиентке картасын үйіне жеткізіп береді. Несие беруді де жеңілдете бастаған. Ал өзге банктердің есебінен экономиканы кредиттеу азайып отыр. Мысалы, 2020 жылғы мамырдың соңында экономиканы несиелеу көрсеткіші 0,6%-ға төмендеді. Заңды тұлғаларға берілген кредиттің көлемі 7 284,9 млрд теңгеге (0,4%), жеке тұлғаларға – 6 687,9 млрд теңгеге (0,7%) дейін азайды. Банктер ұзақмерзімді кредит беруге құлықты болмай отыр. Соның дәлелі – 1 айда ұзақмерзімді кредит беру 0,9%-ға азайды, есесіне қысқамерзімді кредит көлемі 1,6%-ға ұлғайыпты. Мемлекет коронадағдарыс кезінде шағын және орта бизнесті қолдау үшін екінші деңгейлі банктер арқылы кредит беруді жолға қойды. Соның есебінен болса керек, шағын кәсіпкерлік субъектілерін несиелеу мамыр айында 2,9 пайызға көбейген. Салалар бойынша айтсақ, банктер беріп жатқан несиенің үлесі өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 14,0%), сауда (12,1%), құрылыс (4,7%) және көлік (3,8%) сияқты салаларға тиесілі.Х.БҰҚАРҚЫЗЫ