Той тоқтамай тұр
Той тоқтамай тұр
268
оқылды
Ал Батыс Қазақстан облысы Жәнібек, Теректі, Жаңақала аудандарына қарасты бірнеше ауылда үйлену тойларын көп­шілікті шақырып тойлаған. Бір ғана Атырау облысының Жылыой ауданында карантинге қарамастан, 14 отбасы той өткізген. Алматы қаласында да ірі мейрамханаларда бірнеше той болғаны белгілі болды. Бұл тек арнайы рейд кезінде анық­талғандары, ал жасырын өтіп жат­қан тойлар қаншама.  

Қылмыстық іс қозғалуы мүмкін

6 шілдеден бастап бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Той өткізген адамдар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабы, яғни «халық­тың санитариялық-эпи­демиологиялық саладағы заң­нама талабын бұзу» бойынша жауапқа тартылатын болды. Той-думанды өткізушілер мен ұйымдастырушыларға салынатын айыппұл да аз емес. «Бірінші рет болса, шамамен 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Ондай шара адамдардың ауруға жаппай шалдығуына себеп болса, айыппұлдың көлемі әлдеқайда көп болады», – деді Әділет министрі Марат Бекетаев.  Егер тойға барған адам вирус жұқтырып қайтыс болған жағдайда, той иесінің үстінен қылмыстық іс қозғалуы да мүмкін.  Тәртіп бұзушыға 5,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады немесе он жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Көктемде карантин кезінде Қазақстан Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы қолданылса, қазір 425-бап бойынша азаматтарға тиісті жаза қолданылуда. Айта кетейік, қазіргі карантин кезінде кодекстің 462-бабы да қолданылады. Оған сәйкес, жеке тұлғаларға 3-7 АЕК, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 10-200 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 20-300 АЕК, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50-400 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылған.  

«Шақырған жерге барма»

Коронавирус пандемиясына байланысты дәрігерлер, зиялы қауым өкілдері еліміздің тұр­ғындарына үндеу жасап, карантин талаптарын қатаң сақтауға, той жасауды тоқтатуға шақыруда. Бұрын шақырған жерден қалма деуші едік, қазір шақырған жерге барма дейтін болдық. Сонда да тығылып той жасау әдеті тыйылмай тұр. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдаулет мұның себебі тәртіптің жоқтығында деп түсін­дірді. «Біз карантин тәртібін орындамау арқылы коронавирус секілді дұшпанға көмектескен сияқты боламыз. Бұған қазақты «ұятын» кінәлі етіп жатқандар бар. Бұл дұрыс емес, қазақтың ар-ұяты әрқашан биікте. Мұның себебін ұяттан емес, ұятсыздықтан, тәртіптен емес, тәртіпсіздіктен іздеуіміз керек. Үмітпен өмір сүріп, сеніммен күн кешейік», – деді Ұлықбек Есдаулет. Қауіпті вирустың емі әзірге шыққан жоқ. Сол себепті қатаң қағида, темірдей тәртіп басты ұстаным болуы тиіс екенін әлі де жете түсінбей келетін секілдіміз.   toi2  

Онлайн той жасаушылар да бар

Коронавирус пандемиясына байланысты елде төтенше жағ­дай жарияланған сәтте он­лайн той жасау ұсынылды. Әли­хан Қарымсақов есімді желі қолданушысы YouTube хостингіндегі арнасына қызықты видео жүктеген. Кадрда Олжас атты асаба WhatsApp-тан «Еркеш Сандина үйлену 18:00» деген атаумен топ ашып, оған шаңырақ көтергелі жатқан жастардың ата-ана, туған-туыстарын қосқан. Әрине, видео әзіл ретінде түсір­ілген. Дегенмен онлайн-тойды шынайы өткізгендер де бар. Мәселен, елдегі алғашқы онлайн режимдегі той Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Жас жұбайлар тойды 22 наурызға жоспарлаған. Алайда елдегі қиын ахуалға бай­ланысты ешкімге қауіп төндір­меуді шешкен.  Екі жақтың ата-анасы балаларының бақытын байламай, видео қоңырау арқылы ақ батасын беруге келіскен. 17 шілдеде өтуі тиіс тағы бір той zoom-платформасы арқылы жасалды. Келін Оралдан, күйеу Оңтүстік Кореядан, ал жастардың ата-анасы, туыс-туғандары еліміздің өзге қалаларынан онлайн шығып, екі жасқа тілектерін айтты.  Өзге елдерде де тойды онлайн өткізу жиілеген. Жалпы, пандемия бүкіл жоспарды бұзғанымен мейлі дәртүрлі, мейлі онлайн болсын, той өткізуге кедергі келтіре алма­ған секілді. Карантин талаптарын күшейт­песе, жасырын түрде жасалып жатқан тойларға шағым айтудың қажеті жоқ деген де пікірлер жиі айтылады. Себебі үлкен қалаларда базарлар мен супермаркеттерде адам құжынап жүр. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатылатын орын­дардың ашық болуы халық үшін қажет. Ал қауіпті індет қарқын алған тұста дүркіретіп той тойлау адамдық қасиетке де, карантин талаптарына да жатпасы анық. Президенттің  «қазір той тойлайтын заман емес» дегені бар. Тойдан гөрі, ойға басымдық берер сәт жеткен жоқ па?!  

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=