Үш адамды, егде жастағы кісі, жүкті әйел мен жасөспірімді кепілдікке алған террорист мемлекет басшысы Владимир Зеленскийден «Земляне» фильмін көріңіздер» деп видео түсіріп, оны әлеуметтік желілерде жариялауды талап еткен. Украина президенті бұл талапты бұлжытпай орындаған. Әлеуметтік желіде видео жарияланған соң, Максим Кривош кепілге алынған адамдарды босатқан. Кейін Украина президенті өз жазбасын өшіріп тастады. Террориспен неге келісімге келгенін украин басшысы: «Менің бұл адаммен сөйлесуімнің себебі – оның азаматтарды босатуға мүмкіндік туғызуы еді. Біз онымен 7-10 минуттай сөйлестік» деп түсіндірді. Владимир Зеленскийдің айтуынша, нәтиже бар, бүкіл азаматтар дін аман. Газета.ru басылымына сұхбат берген Федералды қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкері Алексей Филатов украин президентінің шешімі дұрыс болғанын, соның арқасында күштік құрылымдарға арнайы операцияны қантөгіссіз өткізуге мүмкіндік туғанын жеткізген.
Әлемде таразы басында адам өмірі тұрса да, террористермен мүлдем келісімге келмейтін мемлекеттер баршылық. Израиль елі лаңкестермен диалог жасауды құп көрмейді. Ресей де бұл мәселеге қатал қарайды. 2004 жылы президент Владимир Путин: «Ресей террористермен келісімге келмейді, біз оларды түбірімен құртамыз» деп мәлімдеген еді. Мұндай ұстаным талай қанды оқиғалар мен аяусыз арнайы операциялардың жүзеге асуына әкеп соқты.
2002 жылы Мәскеу театрларының біріндегі «Норд-Ост» мюзикліне келген көрермендер мен актерлерді бір топ террорист кепілге алды. Тұтқындарды босатуға бағытталған операция барысында 916 адамның 130-ы қайтыс болған. Бірақ қоғамдық ұйымдар қаза тапқандар саны 176 деп көрсетіп отыр. Күні бүгінге дейін бұл қанды оқиғаның ақ-қарасы ашылмай келеді. Көпшілік терроризмді ақтауға болмайтынын айтады, бірақ екінші жағынан, биліктің келіссөз жүргізбей, Федералды қауіпсіздік қызметінің қауіпті газды қолдануы құрбандардың артуына әкеп соқты дегеннен тайынбай отыр. Азаматтарды кепілге алған Бараевтың тобы Ресейдің Шешенстан Республикасынан орыс әскерін шығаруын талап еткен еді. Бірақ Ресей билігі келіссөзге келмеген.
2004 жылы Оңтүстік Осетияның Беслан қаласында террористер мектептегі 1 100 адамды кепілдікке алып, 3 күн бойы келіссөз жүргізілді. Ресейдің федералды қызметі мектепке күштеп кіріп, соның салдарынан 314 адам қаза тапты. Оның 186-сы – балалар. Террористердің де көзі жойылған. Тірі қалған жалғыз лаңкес өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Күні бүгінге дейін бұл терактіні сараптайтын мамандар бейбіт тұрғындардың теракті салдарынан емес, күштік құрылымдардың келіссөзді әрі қарай жалғастырмай, мектепке баса-көктеп кіруінен болды деген пікірде.
Бүгінде Зеленскийдің адам өмірін сақтап қалып, террорист талабын орындауын Ресей БАҚ-тары қатал сын тезіне алып жатыр. Оларға сенсек, бұл терроризмнің легитимді жүйеге өтуіне әкеп, оның салдары билік үшін қиын болмақ. Ал әскери сарапшылар, керісінше адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік болса, оны соңына дейін қолдануға талпыну қажетін айтады. Түптің түбінде, жаңа әлемде күштік құрылымдардың қырып-жоям ұстанымы құрдымға кетіп, адам өмірін сақтап қалу үшін тіпті террористермен келісімге келу тәжірибесінің басы көрінді.