Сондай-ақ Шымкент қаласының 195-орамындағы инфрақұрылым мәселесі толығымен шешілмек. Үшінші мегаполиске жаңадан қосылған қала шетіндегі елді мекендердің инфрақұрылымы өзекті мәселе болып келе жатқаны белгілі. Биыл Бадам шағын ауданына қарасты 195-орам тұрғындары осынау мәселеден біржола құтылмақ. Тұрғындар биыл толығымен ауызсу, көгілдір отынмен және электр жарығымен қамтамасыз етілмекші. Бұл туралы әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов аталған шағын ауданның тұрғындарымен кездескенде атап өтті. Кездесу барысында аудан әкімі барлық инфрақұрылым жұмыстары аяқталған соң асфальт жол төселіп, қоғамдық көліктің де қатынайтынын жеткізді. Сондай-ақ ол алдағы уақытта мектеп пен балабақшаның салынатынын айтты.
Бұған дейін 195-орамдағы 300-ге жуық отбасы суды тасып ішіп, жекеменшік қуат реттегіштен қымбат энергия жарығын алып келген болатын. Енді осынау күрделі мәселе шешімін табатын күн жақын қалды. Мұнда мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жауапты мердігер компания «Жәнібек Айдос» ЖШС прорабы Теңел Жақсымұратов нысанды қараша айында тапсыратынын мәлімдеді.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы