Сыр елінің жыраулары топ жарды
Сыр елінің жыраулары топ жарды
565
оқылды

Ұлттық мәдениет пен өнердің алтын діңгегі саналатын жыраулық өнерді жан-жақты дәріптеу қажет. Осы мақсатта Қызылорда облысы Қармақшы ауданында Жыраулар үйі біршама жұмыс атқарып келеді. Нәтижесі де көңіл қуантады. Күні кеше орталық шәкірттері Әзірбай­жанда өткен Мугам фестивалінде бас жүлдеге ие болды.

Әлемнің 16 мемлекетінен жас өнерпаздар қатысқан мәде­ни шарада Тоғжан Бақытова мен Ділназ Ташмұхаммед жеңімпаз атанып қайтты. Өнер ордасында тәлім алып жүрген жас өрендер Өзбекстан, Қытай, Ресей және өз еліміздегі байқаулардан тола­ғай табыспен оралып жүр.

Бүгінгі таңда Жыраулар үйін­де Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бағы­тында игілікті істер атқарылып келеді. Еске сала кетсек, Жырау­лар үйі 2006 жылы Қармақ­шы ауданының орталығы – Жосалы кентінде тұсауын кескен еді. Оған кезінде жыраулық өнерді дәріптеу бағытында үлкен үлес қосқан Көшеней Рүстембеков­тің есімі берілді. Содан бері бұл жер кәсіпорын ретінде қызметін жалғастырып, жас ұрпаққа ұла­ғат сыйлайтын қасиетті шаңы­рақ­қа айналды.

Жыраулар үйінде қазіргі таңда жалпы саны алты үйірме бар. Оның бесеуі жыраулық өнерді дәріптеуге бағытталған. Халық арасында жиі айтылатын «Сыр елі – жыр елі» деген нақыл сөзді жергілікті өнер иелері осылайша кеңінен дәлелдеп, қанша ғасырдан бері сақталып келе жатқан дәстүрлі өнердің деңгейін биіктете түсті. Қазіргі күні өнер ордасында жүзден астам жас өрен алдыңғы буын­ның дәрісін тыңдап, жыраулық­тың мөлдір бұлағынан шөлін қандырып келеді.

Орталықтың Тұрмағамбет, Көмекбаев, Қуаңдария, Ақжар ауылдарында бөлімшелері жұмыс істейді. Бұл шаңырақта Көшенейдің туған інісі Бидас Рүстембеков қызмет атқарып, шәкірт баулу ісіне зор үлесін қосып отыр. Бүгінде шәкірттер халықаралық деңгейдегі өнер шараларында жоғары жетістік­терге қол жеткізіп келеді. Со­лар­дың бірі – Арай Оңғарқызы бұл бағытта зор табысқа қол жеткізіп үлгерді. Сондай-ақ Өнер үйінің ұстаздары да тиісті орындардан алғысхаттар алып, мақтау қағаздарына ие болып жүр.


Айша ЕРСҰЛТАН