Ресейлік инвесторлар Жамбылдан жаңа фосфор зауытын салады
Ресейлік инвесторлар Жамбылдан жаңа фосфор зауытын салады
254
оқылды
Жалпы, осы жылдың 21 шіл­десінде Мәскеу қаласында Қа­зақстан және Ресей үкіметтері «Ми­нералды тыңайтқыштар шы­ғару зауытын салу және пайдалану» жобасын іске асыру туралы үкі­метаралық келісімге қол қойған. Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Ермек Көшер­баев пен Ресей өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар шығару зауытын салу және пайдалану жөніндегі «ЕвроХим» минералды-химиялық компаниясы» ААҚ жобасын іске асыру туралы мәмілеге келді. Жоба Жамбыл облысына қарасты Қара­тау фосфорит бассейнінің кен ор­нын игеруді және қуаты 1 миллион тоннаға дейін минералды тыңайт­қыштар мен индустриялық өнімдер өндіретін жаңа зауыт салуды көздеп отыр. Қазіргі уақытта инвестиция көлемі шамамен 270 миллион дол­ларды құрауда. Алдағы уақытта тағы 800 миллион доллар инвести­ция келеді деп күтілуде. «Химиялық кәсіпорынның жұ­мысы Жамбыл облысында кемінде 1 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, сондай-ақ өң­деуші өнеркәсіп пен ауыл шаруа­шылығының дамуына айтарлықтай үлес қоспақ. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға, Жам­был облысының әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына, еліміздің экс­­порттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Қазақстан мен Ресей ара­сын­дағы интеграциялық бизнес бай­ланыстарды нығайта түседі», – дейді Ермек Көшербаев. Бүгінде «ЕвроХим» МХК» ААҚ фосфорит кен орнын барлау және игеруді бастау, жыл сайынғы қуаты 640 мың тонна фосфорит ұны өндірісін құрайтын тау-кен өндірісі кешенін пайдалануға беру бойынша жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруды сәтті аяқтады. Енді қол қойылған мәміленің негізінде жобаның екінші кезеңін іске асы­руға мүмкіндік туып отыр. Оның аясында қолданыстағы өндірісті кеңейту және келесі жылы химия саласындағы ең үздік қолжетімді технологияларды пайдалана оты­рып, зауыт құрылысын бастау көз­делген. Негізі жылдан-жылға өт­пе­лі жобада көп өзгеріс болып жата­тыны белгілі. Оған қоса, әлемдік пандемия кезінде мұндай ауқымды бастамаларды аяғына дейін жеткізу қиынға соғатыны түсінікті. Сол себепті «екі ел арасындағы инвес­тициялық жобаның келешегінен не күтуге болады?» деген сауалды химия өндірісі саласының білікті маманы, Еңбек Ері, «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескенді­ровке қойған едік. – Негізінен «ЕвроХим» компа­ниясы бұл жобаны жүзеге асыра­мыз деп жүргеніне 10 жылдан асты. Сондықтан биыл жобаны бастауға бел буғандарын қуаттаймын. 1 мил­лион тоннаға дейін өнім шы­ғаратын зауытты алып жоба деп айтуға келмес, бірақ бұл бұқара үшін қажет. Себебі жаңа жұмыс орны ашылып, қазіргідей қиын ке­зеңде қара халықтың «екі қолы­на, бір күрек» табылады. Қаратаудың бөктерінде қазір 45 кен орны бар. «Қазфосфат» ЖШС соның алтауын пайдаланып отыр. «ЕвроХим» болса, біреуін-ақ қолдануда. Сондықтан қанша за­уыт салса да Қаратауда шикізат жеткілікті.  Қытай мемлекетінде осындай кен орнында 20-30 компания жұ­мыс істейді. Ол дегеніміз компа­ниялар арасында бәсекелестік туып, сапалы өнім шығарыла бас­тайтынын білдіреді. Әрі жоғарыда айтқанымдай жаңа жұмыс орны ашылады. Біздің компания бүгінде қызметкерлерін 100 пайыз жергі­лік­ті жердің адам­дарынан жасақ­таса, жаңадан са­лын­ғалы жатқан зауытқа да жұмыс­шылардың басым бөлігін жергілікті тұрғыннан алу туралы талап қою қажет. Сонда екі жақ та ұтылмайды. Жалпы айт­қан­да, сырттан келіп жатқан инвес­ти­циядан қорықпау керек. Түбі бұл дүниелердің бар­лығы өзімізге қа­лады, – дейді «Қазфосфат» ЖШС директоры Мұқаш Ескендіров. Таластықтар да зауыттың ке­ле­шегінен мол үміт күтуде. Олар­дың бір ғана тілегі – жергілікті жұрт­шы­лыққа жұмыс орнының табылғаны. Базбіреулер «қаржы сырттан келіп жатқаннан кейін тірліктің тартпасы Ресейде болады» деген ой айтуда. Алайда өңірімізде 10 жылдың беде­рінде жұмыс істеп келе жатқан серіктестік бүгінгі күнге дейін мұн­дай қырын қылық танытқан емес. Сондықтан Еңбек Ері Мұқаш Ес­кендіров айтқандай, инвести­ция­лық жобаны біз жатсынбауымыз керек.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы